Балпық пен Райымбек
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Қос батыр қатар өскендерімен, Райымбектің жолы үлкен болса керек. Екеуі Нарынқол жақтан тиген дұшпандарға тойтарыс беріп, қайтып келе жатыпты. Жол-жөнекей бір бұлақтың басына тоқтап, ат шалдырыпты. Ұлы адамдар да пенде емес пе, Райымбек батыр:
—Кел, күресейік,—деп қоймай қойыпты.
—Жоқ, күреспеймін,—дейді Балпық.
Болмаған соң екеуі ақыры белдесіпті. Біршама алысқан соң барып, Бапекең қисынын келтіріп, қисая кетіпті. Райымбек оны сезіп қалып:
—Жоқ, сен әдейі жығылдың. Болмаса, қолыңның күші байқалып-ақ тұрды. Жарайды, сыйлағаның шығар, сені Құдай сыйласын ендеше!—деп, аттарына қоныпты.