«Қайың сауған» — Байжігіт (2-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Күндердің бір күнінде қиырдан зорая көлбеп жатқан ақ бас тау көрінеді. Қоңыр құлжаның ізі осы ақ бастаудың теріскейіне қарай бөктерлей тартады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, кешікпей-ақ ақ бас тауды алқымдап, теріскейіне қарай Байымбеттер де өтеді. Сонда, қарсы беттен мұнарта көрінген көкшіл таудың баурайында керіліп жатқан кең алқап жолаушылардың көзін тұсағандай болады. Бір жағында көз қарықтыра жарқыраған Мұзтау. Қарсы бетте көгере мұнартқан Көксұн. Арасы керіле созылған ирек адырлы апайтөс алап. Апайтөс алаптың ащылы-тұщылы оты ұйыса біткен.
Жерұйыққа тап болғандай сұқтанып келе жатқан жолаушылар бір бел асқанда, иек астында қоңыр құлжа бастаған тұяқты аңдарды көреді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, іздеген жерұйығымен сағынысып табысқандай, шөбі шүйгін алапқа кенедей қадалған. Неше күн бойы үдере тартқанда іздегені осы өңір сияқты. Енді бұл жерден дабыл қағып қусаң да кетер емес.
Сонда есепші Байымбеттің ақ сақалы желбіреп, кәрі жүрегі елжіреп тұрып: «Міне, біздің жанымызға араша, малымызға пана болар құт мекеніміз осы!»,—деген екен. Содан бері бұл өңір Сауыр атанып еді дейді.
Сөйтіп, түздің қоңыр аңы бастап келген шүйгін өңірді көріп, көңілдері толып, Байымбет жанындағы серіктерімен елге қайтады. Елге келісімен ағайын-туғанның басын қосып, қабағы қату жұттың жақындап келе жатқанын ескеріп, жаңа жұртқа қоныс аударудың жайын ортаға салады. Әрине, күл төгіп үйренген мекеннен кіндік үзіп, қотарыла көшу қалың елге оңай емес. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде жаңа жұртқа тебін малын ғана қостап қыстатып шығуға пәтуаласады. Одан әрі тағдырдың бұйырған жазуы ретімен бола жатар дейді.
Содан, Байымбет ақсақал өзі араласып жүріп, сайдың тасындай атпал азаматтарды іріктеп алады да, қарашаның қарлыжаңбырына ұрынбай тұрып тебін малын айдап жөнеледі. Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен қалың ел ақсарбасын шалып, ақ тілеуін тілеп қала береді.
Есепші Байымбеттің айтқаны айдай келіп, сол жылдың қысы қылышын сүйрете келеді. Күздің соңын ала көк иық етіп жауған жауынның аяғы сақылдаған сары аязға ұласады, Жер бетін көк кіреуке тоң буып, қыс басталмай жатып-ақ қыспаққа алады. Мұнан әрі қаңтары қырланып, ақпаны ақырып, біресе ат құлағы көрінбес ақтүтегімен, біресе қарып түсер қызыл шұнақ аязымен апшыны қуырады. Әйтеуір ел-жұрт қамсыз емес, қолдағы малының қоңы қайтпай тұрғанда сойып алып, келер күннің бұйыртар сыбағасын күтумен болады.
Бұл кезде Байымбет есепші бастаған ел азаматтары отар-отар қойын, табын-табын жылқысын, келелі түйелерін Сауырдың шүйгін қорығына салып, ащылы-тұщылы отын сары майдай кертіп жеп жатады. Өзі де бір аязы жұмсақ, қары күрпек, ықтасыны мол, шөбі жұғымды құт мекен екен. Тебін малы қуырған бидайдай бөртіп, табан аудармай құныға жайылып, құндыздай құлпырып алады. Барлық уайымдары артта қалған ағайын-туғанның жай-күйі ғана болады. Әсіресе, не боларын болжап біліп отырған есепші Байымбет ел-жұрттың жайын ойлағанда құмығып, уайымнан шөгіп кетеді. Жылт етіп шығар көктемді тықырши күтіп, қыс құрсауында қалған ағайынтуғанға тезірек қол ұшын бергісі келеді...
Содан, аңсай күткен көктем де жетеді. Малдың алды төлдей бастайды. Қыстан дилы шыққан малдың төл төгіні де жеңіл болады. Аз күнде бауыр көтеріп, аяқтанып шыға келген төл өрісті толтырады.
Байымбет есепшінің көңілі сонда да күпті. Енді тезірек елге бет бұрып, қыстан тарығып шыққан ағайынның аузын аққа тигізуді арман етеді. Кешікпей-ақ, мыңғырған малды жая айдап, елге жетуге асығады.
...Қарт есепші жаңылмапты. Сол жылдың қысында Сыр мен Арқа алабында ақсүйек жұт болады. «Бір үй ашықса, бір ауылды жұтатады, бір ауыл ашықса, бүкіл елді жұтады» деген емес пе, алты ай қыстың ауыр нәубеті тірі жанды тұралатыпақ тастаса керек. Елдің алды ашығып, амалы таусылған соң, бүр жарған қайыңның бүйірін тіліп, шырынын іше бастаған екен. Бұл жұттың «Қайың сауған» атануының себебі де осы еді дейді.
Ел-жұрт осындай халде жүргенде дала төсін ырысқа толтырып, бір басы екеу болып, жанындағы жігіттерімен есепші Байымбет те жетеді. Сөйтіп, үміт жібі енді үзіледі-ау деп отырған ағайынның айы оңынан туады.
Осыдан кейін қалың керейдің алды қона жылжып, түп атасының кіндік қаны тамған киелі жұртына қоныс аударған екен.