«Ақсақ құлан» (ІII нұсқа) — Кетбұға (2-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Әрине, арқасүйер ұлының бұл қылығы Шыңғыс ханға жетпей жата ма? Онда да, жай жетпейді, қырық құбылып, сан саққа жүгірген өсек сөз шындыққа бергісіз болып жетеді. Өзін аспан астының әміршісі санайтын Шыңғыс ханға мұндай қауесет ұнамайды. Жай ғана ұнатпау емес, баяғы іште шемен болып қатып жатқан күдік-күмәні қозып, алқымына запыран ашу болып кептеліп, аласұртады ғой. Оның үстіне Шыңғыс хан мән-жайды әбден білгісі келіп, Жошыны бір-екі рет шақыртқанда, қызық-думанмен жүріп құлақ аса қоймайды. Жошының бұл мінезі Шыңғыс ханды біржолата ширықтырып, ашу үстінде аяусыз жазаға әмір береді ғой.
Шыңғыс әулетінің жазасы белгілі. Айыптының белін қайырып, омыртқасын үзіп өлтіру керек. Осы ниетпен Шыңғыс ханның жасырын жасағы Жошының аң аулап жүріп, оңашаланатын сәтін бағады.
«Аңдыған жау алмай қоймас» деген, күндердің бір күнінде аз ғана серігімен құлан аулап, шығандап жүрген Жошы хан аңдушылардың құрсауына тап болады. Талай қан майданда туы қисаймай шыққан Жошы хан оңайлықпен берілмейді. Бүкіл серіктері қырылған соң да жалғыз өзі жойқын ұрыс салады. Бірақ сайланып шыққан күші басым қарсыласы шыдатпайды. Алдымен бір қолын қылышпен шауып түсіреді. Осыдан кейін қансырап, ат жалын құшқан Жошының омыртқасын қайырады.
Сағымды далада Жошы ханның жаны кеудесінен шығаршықпаста көкжиекті шаңдата жосылтқан хабаршы көрінеді. Бұл Шыңғыс ханның сауғасын, кешірімін жеткізуге асыққан хабаршы еді дейді. Жай ғана сауға емес, «Жошының өлімін ескерткеннің көмейіне балқыған қорғасын құйылсын!» деген қарғыстай жарлығы қоса жетеді.
Енді қайтпек керек? Болар іс болып қойды. Қандай құдірет болса да қайтып Жошыны тірілте алар ма?! Сол жерде қанды қол тобыр «ханның ұлы құлан аулап жүріп мерт болды!» деген сылтауды желеу етіп, Жошы ханның жансыз денесін ордасына алып қайтады.
Енді Шыңғыс ханға қалай естірту керек?! Жұрт қиналып, сеңдей соғылысады. Жанын қиып, суырылып шығар ешкім болмайды. Ал жаман хабарды жасырып қоя ала ма?! Онда да, Шыңғыс ханнан мүмкін емес. Осылайша, ел есеңгіреп, дал болады.
Сол кезде Шыңғыс ханның оң тізесін баса отыратын, Найманнан шыққан Кетбұға деген жырау бар екен. Жұрт амал таппай қамалып тұрғанда, Кетбұға суырылып шығып хан ордасына беттейді ғой. Табалдырықтан аттай бере Кетбұға:
—Уа, хан ием, саған Тәңірінің рахметі жаусын һәм сенің қол астындағы барлық жанға тыныштық болсын!—дейді.
Өз жарлығы өзіне шаншудай қадалып отырған Шыңғыс хан түнерген қалпы:
—Саған не керек!—десе керек.
Сонда Кетбұға жырау:
—Хан ием, мен бүгін бір жаман түс көрдім. Сол түсімнен көкірегіме қайғы-шер толып, өзіңе ғана мұңымды шаққалы келдім!—дейді де, қолындағы домбырасын бебеулете жөнеледі.
Алғашқыда мың сан тұяқ дала төсін дүбірлетіп, делебені қоздыра еліктіргендей болады. Бұған бір сәт селт етіп, көңіл бөліп үлгермейді, домбыра шанағынан азынап өрген азалы үн Шыңғыс ханның еңсесін қайта басады. Сол азалы үн үдей өксіп, орны толмас өкініштің лебіндей шегін тарта сарнайды. Әлгінде ғана желдей жүйткіген мың сан тұяқтың дүбірі енді қаралы хабар жеткізген бейбақтың ширыққан зарындай жонын шымырлатады.
—Япыр-ай!—дейді Шыңғыс хан.—Бұл не ғажап! Тап Жошы өлгендей жүрегімнің егіліп қоя бергені қалай!
Шыңғыс ханның аузынан осы сөздің шығуы мұң екен, сыртта қамалып, дағдарып тұрған халық «Хан иемнің өзі айтты, Жошыдан айырылдық!»—деп ұлардай шулап, еңіреп қоя береді. Болған істің шындығына енді көзі жеткен Шыңғыс хан сол жерде бармағын шайнап, екі иіні селкілдей еңірейді.