«Ақсақ құлан» (ІII нұсқа) — Кетбұға (1-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
Атының тұяғы жеткен жерге әмірін жүргізген әйгілі Шыңғыс ханның Жошы деген ұлы болған. Жошы да хан боп өткен. Даңқты әкесінен тиген еншісі—Ұлытау мен Азау теңізінің арасында керіліп жатқан байтақ далада алғаш Алтын Орда мемлекетінің шаңырағын көтерген. Құландай жөңкілген көшпелі елдің басын қосып, әмірін жүргізген.
Шыңғыс ханның Қоңырат руының қызы Бөртеден көрген алғашқы перзенті осы Жошы хан екен. Бөртеден мұнан басқа Шағатай, Үгедей, Төле деген ұлдар көріп, оларға да өз алдына енші бөліп беріп, бөлек-бөлек ел еткісі келгені шежіреден белгілі. Бірақ тақтың буы туғанына қарата ма, Шыңғыстың көзі жұмылысымен-ақ балаларының арасындағы иеліктері арадара болып, шілдің қиындай ыдырап кеткен ғой.
Өз кіндігінен тараған балаларының ішінде Шыңғыс ханға ертерек серік болып, талай-талай қанқасап соғыстарда жеңіс туын желбіреткен сүйеніші Жошы хан болса керек. Бірақ Шыңғыс ханның жанын жегідей жеген бір түйткіл мәңгілік жүрек түкпірінде шемен болып жататын еді дейді. Онысы— ертеректегі бір соғыста келіншегі Бөрте меркіттердің қолына тұтқынға түсіп, кейін Шыңғыс хан құтқарып алғанда осы Жошы хан іште келіп еді деген әңгіме. «Шешенікі—хақ, әкенікі—нәркүмән» деген емес пе, осы жағдай Шыңғыс ханды мәңгілік күмән құрсауында өткізген ғой. Алайда Жошының қалтқысыз перзенттік көңілі мен жойқын ерлігі, әскери шалымды өнері мен адалдығы әкесінің әлгіндей күмәнді ойларын ұдайы сейілтіп отырады екен.
Содан, әкелі-балалы Шыңғыс хан мен Жошы ханның арасына сызаттың түсетін кезі—Сыр мен Әму бойына шабуыл жасайтын тұс еді дейді. Оның себебі—Қызылқұм мен Қарақұмды қыстап, жазға қарай шашырай көшіп-қонып жүрген көшпелі елдің ішінде қоңырат тайпасы да болған ғой. Ал қоңыраттардың Жошыға нағашы жұрт екені белгілі. Сонсоң да, Жошы нағашы жұртына іш тартып, аяусыз қан төгуден тартынады екен. Тіптен, қанша күші жетіп, құдіреті асып тұрса да, Жошының Үргеніш қаласын алты ай қоршап, мәмілеге шақырып жатып алуының бір сыры осы екен. Әрине, мұндай нәуетек, жалпақшешейлік Шыңғыс ханның табиғатына жат, әрі бетіне шіркеу. Міне, әке мен баланың арасындағы қырбайлық осылай басталады. Тіптен, бара-бара Жошы хан әкесінің қанқұмар жорығынан жалыққандай шырай танытып, батыс пен оңтүстік елдеріне жасауға тиісті шабуылдан тартыншақтай береді. Оның орнына сахараның көк шалғынды самалды белдеріне ордасын қондырып, төңірегіне әнші, күйші, саятшы, батыр, балуан жігіттерді жинап, серілік құрып, сайран салуды әдетіне айналдырады. Сары қымызды сапырып, бір мезгіл жез таңдай әнші, айыр көмей ақындар мен дәулескер күйшілердің өнерін тамашаласа, енді бірде Сарыарқа мен Сырдың арасындағы сайын далада құлан аулап, оның айнадай жалтыраған өзенкөлдеріне қыран құстарын жабады екен. Жошы ханның тек қана томағалы бүркітінің, қоңыраулы қаршығасының, сақиналы сұңқарының өзі сегіз жүзден асушы еді дейді. Сонда, күз айларында Құланөтпес, Сарысу, Атасу өзендерінің бойында қыранның қияғы мен сұңқардың тұяғы жебедей суылдап, қылыштай жарқылдап, аспан астында қанды шайқас болып жатқандай әсер береді екен. Мұндайда Жошы хан ерекше мағұрланып: «Әкемнің жеңілуді білмейтін әскерінен гөрі, менің қырандарымның соғысы қызық!» дейді екен.