«Ақсақ құлан» (ІV нұсқа) — Кетбұға (2-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
Шыңғыс ханның басын көтеріп алған Кетбұға енді домбырасына шымшымдап бөлек сарын, бөтен дыбыс қосып екінші күйін бастайды. Бұл күйі «Естірту» деп аталады. Әлгінде ғана аңның апшысын қуырған елес әп-сәтте сейіліп, ханның құлағына бір хабар еміс-еміс жеткендей болады. Бір уақытта домбыраға тіл біткендей: «Уа, иеміз Шыңғыс хан, балаң өлді— Жошы хан!»—деп сұңқылдай сарнап қоя береді.
Сол кезде Шыңғыс ханның дауысы саңқ етіп: «Тоқтат, сенің тартар, менің естір күйім емес екен. «Балаң өлді—Жошы хан» деп тұр ғой!»—дейді.
Кетбұға болса сабырмен: «Ай, тақсыр, балаңыздың өлімін өзіңіз естірткеніңіз не болғаны»—деп уәж айтады. Сонда Шыңғыс ханның мысы құрып: «Қап, мынау ауырлықты өзіме аударып кетті-ау!.. Жарайды өз жарлығымды өзім аттамай-ақ қояйын. Бірақ жаман хабардың аузымнан шығуына себепші болғаның үшін жазаланасың! Сені Айдаһарлы тауының алқымындағы айдаһар үңгірінің аузына алып барып тастайды!»—деп, нөкерлеріне әмір береді.
Сол жерде хан бұйрығын қаза қылмайтын нөкерлер Кетбұғаны дедектетіп алып жүріп, айдаһар үңгірінің аузына топ еткізіп тастап кетеді.
Айтқанша болмай, адам иісін сезген айдаһар ширатыла серпіліп үңгірден шығады да, лебімен тартып Кетбұғаны жұтуға оңтайланады. Сонда, басқа шарасы қалмаған Кетбұға жүрелеп отыра қалып, домбырасын көкелете сұңқылдатып, бір күйді тарта жөнеліпті дейді. Бұл күй «Айдаһарды арбау» деп аталады. Кейбір күйшілер домбыраға «көке-көке» деген сөздің ырғағын келтіре тартатын болғандықтан, бұл күйді «Көке-көке» деп те атайды.
Күй сарыны естілуі мұң екен, айдаһар сұлық түсіп, иегін жартасқа сүйеп, қимылсыз қалады. Бір мезгілде күй бітеді. Сонда айдаһар манаурай қимылдап, ініне қайта кіреді де, кешікпей ат басындай алтын алып шығады. Алып шыққан алтынын «уф» деп үріп, Кетбұғаның алдына түсіреді.
Осылайша, ханның қаһарынан, айдаһардың айбарынан аман қалған Кетбұға домбырашы мұратына жеткен екен.
«Ақсақ құлан» күйіне қатысты үшінші аңыз Қазақстанның шығыс өңірінде айтылады. Күйдің сарын-сазы да бөлек.
Бұл аңызда да баласы Жошының өлімін естіп Шыңғыс ханның ширығуы баяндалады. Ашу үстінде «қайтсеңдер де, баламды өлтірген ақсақ құланды қолға түсіріңдер!» деп әмір етеді.
Содан құланды қамалап ұстау үшін Тарбағатай тауынан бастап, Іле өзеніне дейін ор қазылады. Қалың әскер ақсақ құланды қаумалап, орға тықсырып келгенде, қазулы ордан қарғып өтіп, Бетпақтың даласына шығандай шығып кеткен екен дейді.