Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Ақсақ құлан» (ІII нұсқа) — Кетбұға (3-бөлім)

Күй аңыздары · 3 мин оқу

Осы кезде Кетбұға жырауға да тіл бітіп, домбырасын бебеулете қағып, былай дейді:

«Уа, иеміз, Шыңғыс хан!
Домбыра не деп жырлайды,
Сарнап бір дауысын қырнайды,
Құлағың сал осыған...
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан,
Қиырсыз құба далада,
Аңда жүрген балаңа
Кез болып бір қашыпты,
Белден белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Елсіз құба далада,
Қат-қат бұдыр салада,
Мекендеп өрген өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Мінгені тұлпар құнанды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған,
Өлім деген Тәңір ісі,
Желіккен құлан әңгісі,
Құлан мен тұлпар еліккен,
Жосыған құлан желіккен,
Балаңды шайнап өлтіріп,
Жұлмалап, жалмап кетіпті
Ордалы құлан шошыған.
Жұрттың аузы бармаған,
Сөзді айтып жырлап зарлаған
Домбыраның балаңды
Естірткені осы, хан!
Өзгеге артпа жалаңды,
Еліктірген балаңды
Сол қу құлан, ту құлан,
Балаң өлді—Жошы хан!
Нансайшы, ханым, осыған!»

Хан жарлығы екі болмайды, сол жерде Кетбұға қолындағы домбыраның қалақ бетін ойып, жаман хабарды естіртуші ретінде шанағына балқыған қорғасын құйылады. Домбыра бетінің ойық болуы содан қалып еді дейді.

Қаралы хабар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уына белшесінен батып, үш күн, үш түн дөңбекшиді. Ешбір басу сөзге жұбанбай, қайғы өзегін өртеп, құмыға береді.

Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі, ақылы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік танытып, күйеуіне былай деген екен:

—Хан ием, сен қайғырып жатқанда халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарғалы жатыр!

—Е, менің халқым бүлік шығаратындай не болыпты?!— дейді Шыңғысхан.

—Сенің халқыңды екі дай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді,—депті Бөрте,—оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті түсіп, орайы келгенде қарымтасын қайтарар деп ойлайды бай. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, тамыры қарымта қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бермей, дау болып, төрелету үшін биге жүгінсе, билер де әділдік қылмай, жартысы «бергенін қайтарсын» дейді, жартысы «қайтармауға тиісті» дейді. Осымен елдің арасы екі дай болып тұр.

Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:

—Ах, бұлары қалай! Билік әділ болмаған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе!—депті.

Бөртенің де күткені осы болса керек:

—Хан ием, сабыр қыл! Тәңірім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл!—деген екен.

Шыңғыс хан Бөрте бәйбішенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді.

Сол кезде Шыңғыс ханның Домбауыл деген адал берілген құлы бар екен. Бала кезінен көз алдында өскен Жошыға деген Домбауылдың көңілі алабөтен болса керек. Жошының өлімінен кейін Домбауыл ант суын ішіп, жер бетінен құлан тұқымын құртпақ болады. Сөйтіп, байтақ даланың шығысын орап Тарбағатай тауынан Іле өзеніне дейін құлан өте алмайтын ор қазады. Батысында Құланөтпес, Терісаққан өзендерінің арнасын тереңдетеді. Сонан соң Қабанқұла, Әңкей, Бөкен деген үш тұлпарды баптап, құлан аулауға шығады ғой. Батысы мен шығысы орланған құландар үйір-үйірімен Бетпақтың шөліне жөңкіледі. Домбауылдың күткені де осы. Шөлге шығандатып, шалдыққан құландарды Домбауыл аяусыз қырады. Бетпақтың байтақ даласы қан сасиды.

Содан, күндердің бір күнінде Домбауылдың салған сүргінінен бес құлан сытылып шығып, Шу өзенінен әрі өтіп кетеді. Шудың табанына жете бере Қабанқұла шөлден ұшып өледі. Әбден титығына жетсе керек, кешікпей-ақ Әңкей де зорығып өледі. Кейін, жаңағы аман қалған бес құланнан тұқым тарап, кең дала қайтадан құланға толған екен дейді.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз