«Жетім торы» — Уәлиұлы Абылай Хан (2-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
Жантай батырдың інісінің өлімі аяқсыз қалмайтынын білген қалмақтар да дүрлігіп, оң мың қолмен қарсы алады. Осы жолы, ашу үстінде шолғыншы серіктерінің бірі: «Жақа, жаудың қарасы көптеу екен, арттан келер күшті күтсек қайтеді»,—десе керек. Сонда Жантай түнерген қалпы: «Жаумен санап соғыспас болар!»—деп қынаптан қылышын суырған екен. Қалмақтың мұздай құрсанған он мың қолына Жантайдың бес жүз сарбазы жанынан түңіліп қарсы шабады.
Бұл соғыс қазақ пен қалмақтың бірдей жанын түршіктірген, қан қақсап қырғын болған. Соғыстың дәмін татып жүрген Жантай батырдың сарбаздары ұрыс басталғаннан-ақ бас-басына жиырма қалмақтан келетінін бірден болжайды. Мұндайда, түйілген жұдырықтай болып, араға жауды кіргізбей соғысу қажет. Мұны жақсы білетін сарбаздар қоралана тұрып, құжынаған қалмақтың баса-көктеуіне мүмкіндік бермей, кезекке қойып соғысқандай діңкелетеді.
Жан алып, жан берген соғыстың қанқызу бір сәтінде Үйсінбайдың қарнын қылыш сойып өтеді. Сонда тілінген қарнын шалғайымен басып, бір қолымен ұрыс салып жүрген Үйсінбай ағасына: «Жантай батыр, қарын жарылса, тірі қалуға бола ма?»—деп сұраған екен.
Ұзақты күнге созылған шайқас Жантай батыр сегіз серігімен қалады. Оның біреуі Жантайдың баласы Тоқыш болса керек. Соғыстың аяқталуына көзі жеткен Жантай батыр астындағы торы тұлпарына баласы Тоқышты мінгізіп: «Тоқыш балам, мыналар болмады ғой, енді кегімді алар ешкім қалмас, бұзып шық та, елге жет!»—депті. Содан, қолынан қылышы түскенше қалың жаумен жалғыз арпалысқан Жантай жойдасыз ерлік көрсетсе керек.
Осы соғыста әбден селдірей сиреген қалмақ жауынгерлері еліне жеткенде «Қазақтардан жеңіліп қалдық!» деп келіп еді дейді.
Қарабұжыр Жантай батырдың қалай мерт болғанын естігенде Абылай хан: «Тасқа шапса, кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп күйіне қайғырған екен.
Қайғыны қайратқа жеңдіретін жаугершілік заман емес пе, аласапыран күндер бірінен соң бірі өтіп жатады. Талай рет дабыл қағылып, талай рет шаңды жорыққа шығып, талай ерлер шәйіт болып, талай рет жеңіс туы желбірейді. Күндердің бір күнінде Абылай хан ордасына қосын жиып, шеру тартып, кезекті бір жорыққа аттанбақшы болады. Жорық алдында әйгілі батырлар хан ордасына жиналып, пәтуаласқан сөздер айтылады. Ереуіл аттары кермені сүзе тартып, ерлерді қан майданға асықтырғандай тықыршиды.
Осындай шақта орда сыртынан ат дүбірі шығып, іле күмбірлей кісінеген дауыс естіледі. Хан ордасына атпен келу рәсімде жоқ. Абылай хан бастаған батырлар мен билер елең етісіп, сөздерін тыяды. Сол екі арада, әлденеге елегізгендей үнмен тағы да кісінеген дауыс естіледі. Төлеңгіттердің бірі ордаға кіріп: «Хан ием, Жантай батырдың тұлданған аты ғой, жорық дүбірін сезіп, иесін іздеп жүрген сияқты»,—деп тіл қатады. Осы кезде Жантай батырдың торы тұлпары құйрығы сабаудай болып, орданың алдынан ойқастай өтеді де, батырлардың аты байланған үйреншікті кермеге барып тоқтайды. Сонсоң ішін тартып тағы бір қоңыраудай күмбірлеп кісінейді.
Күтпеген көрініс ордадағылардың есіне Жантай батырды түсіріп, мұңайтып тастайды. Сонда Абылай хан да көзі боталай мұңайып: «Қайран Жетім торы, иесін сағынған екен ғой... Бізге де керек ер еді-ау!»—деген екен.
Абылай ханның «Жетім торы» атты күйінің дүниеге келуіне осы бір оқиға себепші болып еді дейді.