«Жетім торы» — Уәлиұлы Абылай Хан (1-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
«Жауға барсаң, бәрің бар, дауға барсаң, бірің бар» дегендей, рулы елден шығатын батыр әдетте жалғыз-жарым болмаған. Алдағыға еліктеп, арттағыға үлгі-өнеге болатын үрдіс, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінде игі дәстүрге айналған. Сол дәстүрдің бір айғағындай болып, Қанжығалыдан қарт Бөгембай шыққанда, оның өкшесін басқан батырлар да аз болмаса керек. Қанжығалы руының Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батырының жойдасыз ерлігі кезінде иісі қазақтың қайратын жаныған. «Жолбарысты ердің ері алады, болмаса ағайынды екеу алады» деген рас сөз. Қанжығалының үш батыры тізе қосып ұрыс салғанда, қамалдай болып қарсы келген жауды қоғадай жапырушы еді дейді. Әсіресе өңінің сұстылығына орай «Қарабұжыр» деген қосақ аты бар Жантай батырдың ерен ерлігі аңыз болып тараған. Жантайдың жойқын батырлығына Абылай хан ерекше сүйсініп: «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!»—деп отырады екен. Шынында да, Қанжығалы Қарабұжыр Жантай әлекедей жаланған бес жүз қолды бастап, үнемі алғы шепте, тоспада жүретін болыпты. Жаугершілік заманда жаудың алдын торып жүру оңай емес. Айламен алып, қайратпен жеңетін қатал міндет. Бірақ Жантай жаудан жалтаруды білмесе керек. Қандай қиын-қыстау кезде де қалмақтың қарасынан көз жазбай, қопарыла қозғалар болса, алдымен Жантайдың қолы тоспаға шығып отырған.
Жантай сияқты даңқты ағасын Үйсінбай мен Арқандар арқа тұтады. Арқа тұтқан соң да қалмақтың қосынын қорықпай торуылдап, шеттеп қонған күреңінен олжа түсіріп қайтып жүреді екен. Сол әдетпен бір күні Үйсінбай батыр үш-төрт түйе олжамен оралыпты. Ауылға жете бергенде қарсы ұшырасқан інісі Арқандар еркелеп «Сауға» десе керек. Сонда інісін қайрағысы келген Үйсінбай: «Сауғам жоқ, қалмақта не көп—түйе көп, денің сау, қол-аяғың бүтін, өзің барып ал!»—деп жүре беріпті.
Ағасының әзіл сөзін көңіліне алып, намысқа булыққан Арқандар жанына серігін ертіп, жауға аттанады. Сол бетінде, қалмақ күреңінің қарасы көрінгенде тізгінді бір-ақ тартады ғой. Баспалап қараса, желдеп жайылып шыққан бір келе түйені көреді. Күреңнен қара үзіп, ұзады-ау деген кезде түйе келесін сырғыта қақпалап айдап жөнеледі.
Жаугершіл кездің көзі қырағы емес пе, қалмақтар түйесіне жаудың тигенін сезіп қалып, қуғыншы шығарады. Өкшелеп келіп қалған қуғыншыны көрген Арқандар серіктерін оздырып жіберіп, өзі тоспада қалады. Алғашқыда, жалғыз-жарым қуғыншы болса бетін бір қайырып тастайын деп қарсы алған Арқандар жау қарасының көп екенін көреді. Арқандардың тәуекелге бел буып, қуғыншыны жалғыз қарсы алудан басқа айласы қалмайды. Сарт-сұрт ұрыс басталып кетеді.
Бұл екі арада, қуғыншының күшінің басымдылығын байқап қалған Арқандардың жеті серігі түйелерді тастай салып, көмекке ұмтылады. Бірақ бұлар жеткенше, саны көп қалмақ Арқандарды қаумалап қоршап, найзамен шабақтап кетеді...
Жақсы көретін інісінің ойламаған жерден мерт болуы Жантай мен Үйсінбайды қатты күйзелтеді. Морт мінезді Жантай: «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!»—деп бес жүз қолымен атқа қонады. Бұл жорыққа Жантайдың ер жетіп қалған баласы Тоқыш пен інісі Үйсінбай да қосылады.