«Қайың сауған» — Байжігіт (1-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Ол кезде иісі қазақтың қысқа қарай ірге түйістірер жері Сырдария, Шу өзендерінің бойы болса керек. Арналы өзендердің қос қапталы сыңсыған нар қамыс жиде, жыңғыл, сексеуілі ұйысқан тоғай, қыс бойы дым тисе болды оты бөртіп шыға беретін қалың қыртыс құмдауыт бұйраттар. Осынау құнарлы өңір көшпелі елді жаз шыға өргізіп, қысқа қарай кең қанатымен қымтайтын киелі мекен болған. Сол киелі мекенді керейлер де қыстап, жаз жылт етісімен Арқаның апайтөс даласын дендей өтіп, шырқай көшіп жайлайды екен. Сонда, көкірегі шежіре құйма құлақ қарттар: «Сырдың суы тәтті, Арқаның шөбі шүйгін. Бірақ қалың керейдің кіндік жұрты—Қара Ертістің бойы мен Алтай, Тарбағатайдың қолтық-қолаттары. Заман дауылы сол жерден іргемізді көтергенде бір дуалы ауыз батагөй дана айтқан екен «жеті ұрпақ алмасқанда ата қоныстарыңа қайтып ораласыңдар» деп сол дананың айтқаны келер болса, жетінші ұрпақтың да төбесі көрініп қалды-ау»,—деп отырады екен.
Дуалы ауыз дана айтса айтқандай, ата қоныстан кіндік үзген керейлердің жетінші ұрпағы төбе көрсеткен жылдардың бірі өзгеше болып басталады. Табиғат жарықтық ашөзек шақтан бастап-ақ апшыны қуырып, қырыс қабақ танытады. Көктем шуағы жер құйқасын жібіте алмай, тамыр біткен жер астына бұғып қалады. Шөп буыны ерте қатып, төрт түліктің бауыры тартылады. Бастау біткеннің көзі тарылып, суының дәмі бұзылады. Селдіреп жеткен жыл құстары балапандарын ерте өргізеді...
Осының бәрін қалт жібермей бақылап жүрген есепші Байымбет іштей бір нәубеттің жақындағанын кезеді. Атар таңды үмітпен қарсы алғанымен, айналасынан көңілге жұбаныш болар нышан таппай дал болады. Жаз бойы көктен нәр тамбай, байтақ дала тері сүйреткендей бедеу тақырға айналады. Күнімен бүйір соғып шаң жұтқан жылқы шілденің күнінде ықтап жусайтын әдет шығарады. Байымбет бұрынғыдан бетер мазасызданып, төсегінен безінеді. Күндіз-түні табиғаттың қас-қабағына қарап, ақсүйек жұттың жақындап қалған демін сезгендей мазасызданады. Ел-жұртының ертеңгі қасірет шегер ауыр азапты күндерін елестетіп дал болады.
Сөйтіп жүргенде күз демі білінеді. Бір күні Байымбет жолға қамданады. Жанына ат-көлігі сай алты жігіт ертіп, саркідір сіңірлі атанға қос артады да, жолға шығады. Ауыл-ел адамдары бар үмітін Байымбетке артып, оң сапар тілеседі.
Байымбет ел шетіне ұзап шығып, ауыл-елден қара үзген шақта тізгін тартады. Атанды шөгеріп, қосын тіктіреді? Не ойлағаны бар? Байымбеттің жанындағы серіктері тықақтап жөн сұраса, жаман ырым болар деп бой тартып, мазаламайды.
Күндер өтіп жатады. Байымбеттің бар бітірері ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді. Содан түс ауа қайтып оралады. Бұрынғыдан бетер тұйықталып, бұрынғыдан бетер мазаң күй кешкендей.
Бір күні Байымбет әдеттегідей ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді де, көп кешікпей қайта оралады. Жүрісі суыт, жанарынан үміт сәулесі ұшқындап, өңіне өзгеріс енгендей. Келе қосты жықтырып, жолға қамдайды. Жанындағы серіктері аң-таң.
Сөйтсе, қос тіккен жердің шығысында көлбеп жатқан қыр астында бір қасқа бұлақ болады екен. Бұл өңірдегі аяқты аңның таңдай жібітер жалғыз мекені осы қасқа бұлақ болса керек. Байымбет сол бұлақтан із кесіп, жұттан ауған аңның бетін білгісі келіп жүреді екен ғой. Ал жалғыз аттанатыны—көп болып жүріп аңға иіс алдырса, түз тағысы шошынып, бағытын өзгертер деп сақтанғаны еді дейді.
Байымбет жанындағы серіктеріне мән-жайды айтып, кешікпей-ақ қасқа бұлақтың басына келеді. Келсе, тұяқты аңның шұбырынды ізі жосылып жатыр. Ішінде саздауытқа тереңдеу батқан бір із мөрдей болып көзге түседі. Сол жерде Байымбет: «Мен іздеген қырдың қоңыр құлжасы осы еді, енді мұнан көз жазып қалмайық»,—дейді.
Содан, Байымбет бастаған жеті атты қоңыр құлжа бастаған түз тағысының шұбырынды ізіне түсіп, ілеседі де отырады. Аңды қуып жетіп үркітпейді де, қара үзіп кейін де қалмайды. Осы қалыппен күн жүреді, түн жүреді. Арада апталар өтеді. Қоңыр құлжа бастаған аңның ізі шығысты бетке алып, үдере тартып барады. «Иә, сәт!» деп қойып, Байымбет те қалыспай ілеседі.