Жылқыбайдың күшігі туралы (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Қаракесек ішінде Қалдыбай қожа деген ақын қожа болған. Бір аяғы бір аяғынан шолақ, жергілікті ақсақ екен. Кемпірдің шабаданындай қораш кісі екен. Жылқыбай мырзаға келіп қонып, аттандырып тұрғанда Жылқыбай мысқыл қылып күліп:
—Қожекеңнің үзеңгі бауы ұзарайын деген екен, тегі аяғы ұзын-ау,—дегенде, Қожа айтты дейді:
—Бұ сөзді не деп айттың, жаным-ботам,
Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам.
Аяғым күннен күнге қысқарады,
Тұрған соң жұртты билеп құл мен құтан.
Қожа «құл мен құтан» деп Жылқыбайды айтты. Жылқыбай—құл, құтан. ...Қаракесек сауыры, Шаншардың нығызы, толығы Болатқожаға барғанша ата-бабасынан бір кімдік жоқ. Сұрастырып, қағыстырып білсек, Жылқыбайды тапқан анасы күң болып шықты. Елді «құл мен құтан билеп тұр» деген осы екен. Қаз дауысты Қазыбек немересі болған Қанай бай, сүт кенжесі Базілге атақты бір байдың қызын алып бермей, күңді қалай алып беруі осы адам нанарлық сөз бе? Мыйға салып ойлау керек. Сөзді түгел айтамын деушілер атасының көз құны қалғандай жоқтайды, зерттейді, сонан соң табылды. Бұл сөздің мәнісі былай болады.
Көтеш ақынның бір ауыз өлеңі, хан ауылын жау тонап жатқанда айтқаны:
—О, балам, танымаймын, не ел боларсың?
Не дәулет, не перзентке кем боларсың?
Көтешті жүзге келген тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың—
делінген, сол Айдабол Күліктің күлігінен, Жаңа батырдың інісі Өміртайдың Қайнарбай деген байы болған. Сол Қайнарбай—жеті соққанның бірі, мың соққан дейді. Сол мың соққан болғандықтан, балама орынды, аруақты, тақты жерден қыз алып беремін деп, Қаракесек Қаз дауысты Қазыбек немересі Қанай байдың Ұрфая деген қызын Жәдік деген баласына айттырып, құда болған. Сонда қалың мал бергенде, бас жақсысы үшін бір жетім берген екен. Ол жетім дегені—аты Болыс екен де, өзі қыз екен.
«Осы Болысым сідігі асыл, жатыры жақсы. Мұнан туған бала таптырмайтын жақсы болып туады және өзі топшыл болады, өсіп-өнейін деп тұр. Өз балаңа қос, басқа бөтенге беріп жібере көрме!»—деп, сынап айтып берген екен.
Бұрынғылар бірінің сөзін бірі тақайыр қыла ма, Болысты Қанай сүт кенжесі Базыл деген баласына қосқан екен. Қанайдың келіні, Базылдың әйелі болған соң әйелдің болысы болыпты. Болыс бәйбішеден Жылқыбай, Саржан туады. Саржаннан—Жаманкөт қажы. Жылқыбайдан Қорабай, Шалабай туады. Жылқыбайды, онан туған Құрбайды, Саржаннан туған Жаманкөт қажыны көрген-білген кісілер Болыс бәйбіше демей: «Дуанбасы» бәйбіше болды десем, нанады.
Ия, Қаракесекке барды, құтты да болды, сүтті де болды, бұтты да болды. Күлік кімнен туды? Күң болғандығы қалайша? Сөйлеп өтейік. Күлік Жобалай баласы Жаңабатыр, Өміртай болады. Жаңабатыр «үш жүзге билікті Жаңабатыр би» атанған және жаламен Жаңабатырды үш шабылды деген жұрт аузында сөз болып қалған. Өміртайдың төрт баласы болған: Ақбота, Тайлақ, Қайнар, Көшек.
Бұрынғы заманның бай емесі жоқ, бәрі де бай болған. Оның ішінде өте-мөте Қайнар ебдейсіз бай болған. Қайнардың балалары: Жәдік, Бәйтік. Бұл Қайнарбайдың заманында Күлік ортасында қалмақтан Қаракөз деген бір қыз олжаға түседі. Жұрт оны Қайнарбайға байлайды. Байға қыз зәру ме? Күң зәру ме? Өзінің малмен артын ай шелегі бар шығар, жер ошақтың басында, көгеннің қасында жайып жүрген күнінде Жобалай алты ағайынды болған. Біреуінің аты—Ақай. Ақайдан: Бекмырза, Санмырза. Бекмырза балалары: Бұзау, Сары, Байкен. Сонда Сарысы—«Сарымырза» атанған. Сол Сарымырзаның Бұқа деген баласы бұқалық қылып Қаракөз қыз тауып: «Іннің түбі өзімдікі, аузы әлде кімдікі» деп, Қайнарбай қыздың атын Болыс қойған. Туған кезінде оған ат қойыла ма? Тілі шыға бастағанда қылықты, құлықты болып, көзіне көрінген үй жұмсай бастауынан «болысым, болысым!» деп байдың сүйгенінен «Болыс» атанған деседі.