Жылқыбайдың күшігі туралы (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Бұл Қайнарбайдың Торғай бойында, Апай-Бөрі деген елде «қарға тамырлы қазақ» құдандалы сүйек-шат Шабай деген он жеті-он сегізге жаңа жеткен бір бала атқосшысы болады. Сол Апайдың Тоқтыбай деген бір мосқал кісісі қасына қылып, жаз жайлауда жоғалтқан малға жоқшы болып Қаракесек, Шаншар елін аралайды. Жолаушыға тамақты тойғыза беретұғын үй керек болып, Қайнарбайдың сүйек шатыс жерін іздейді. Бір жаңа өспірім, судан шыққан сүйріктей бала атқа мініп шапқылап жүрген ел шетінде кез болып қалып:
—Осы елде Күлік Қайнарбайдың күңі бар деп еді, соның үйін білесің бе, шырағым?—деді.
Баланың өңі қашып, түсі бұзылып кетеді де:
—Аппақ шағаладай ауылға барсаңыз, сол ауылдағы бас үй—сол сұраған үйіңіз,—дейді.
Бұлар барып түсе қалады. Қанайдың кенжесі Базылбайдың үйі екен. Бағанағы ауылға жөнін айтып берген бала—сол үйдің өз баласы екен.
Қонақ аттанып кеткен соң бала әкесінен сұрайды:
—Нағашым кім?—дейді.
—Сенің нағашың Күлік Жобалай немересі Қайнарбай,—дейді.
—Жоқ, түндегі қонақтар «Қайнарбайдың қызынікі қайсы?» деген жоқ, «осы ауылда бір күң бар деп еді. Сол күңдікі қайсы?»—деді.
«Күңнен туып мен қалай кісі қатарына кіріп жүре аламын» деп долданып жылап, жарылуға таяп:
—Осыны қатын қыламын деп алған сені де, балама қатын алып берем деп, біреудің күңін алып берген әкеңнің де,—деп, екеуінің аузына бірдей жіберді.
Ал жыла, ал жыла. Отырғандар баланы аяды, сөзін қоштаушы жоқ болса, жарылып өлерлік халге тақалған сықылды.
Бір ақсақал Базылға ұрысты:
—Не жорға бие сой, жоғарғы елді шақыр, төбел бие сой, төменгі елді шақыр, ала бие сой, аймақ, еліңді шақыр! Бұл Болыс келіннің сүйегі қалай қылса ағарады? Мұның сүйегін ағартудың бір есебін табу керек. Көйлек кірі жуса кетеді, көңіл кірі айтса кетеді, сүйек кірі қайтсе кетеді?! Ал енді жатпай-тұрмай осының қамын қыл! «Бір қыдыр бар—құт қыдыр, бір қыдыр бар—тұт, пұт қыдыр» деп, түндегі қонақ саған құт қыдыр болмай, тұт, пұт қыдыр болғаны ғой. Қайдан қаңғып келді? Балаға қайдан естіртті,—деген соң Базыл бай ағайын, аймағын жиып, ол жиынға сойылатын малды жан-тәнімен қиыпты. Бұрынғы айтқан емес пе: «Пайғамбар үмбеті көп жиылмайды, көп жиылса, тек жиылмайды»,—деп айтысты дейді.
«Базыл бұл Болыс келінді қырық кісімен жіберіп, төркіндетсін! Төркіндеп барған жолына малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы—екі жетім ертсін. Қара қазанын, қара кебежесін қара бураға артып берсін! Сонда Қайнарбайдың өзінің қызы екендігі айқын болып, екіленеді. Төркіндеп барған жолына екі жетім ап келген жанды «күң» деп ешкім айта алмайды. Сүйек солай қылса, ағарады»,—деген екен.
Бұл мәслихат бойынша Базыл қырық кісімен Болысты төркініне жібереді. Қайнарбай да қайнап, тасып-төгіліп тұрған күні екен. «Құдам Қанайға да ризамын, балам Базылға да ризамын. Мен өз көзім тіріде оларды жерге қаратпақшы емеспін,— депті.—Берсе де жасып бермеді, тасып берді. Малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы—екі жетім беріпті. Еркегінің аты— Малайдар, ұрғашысының аты—Дәнеш. Қара бурасына қара кебежесін, қара қазанын ошағымен қабат арттырып мені бөгіп, өз қызым болмаса, осынша сый-сияпат аламын ба? Алшынбай мен Итемген енді былшылдауын қойсын!» депті. Алшынбай— Тіленші бидің баласы. Алшынбай «Бостанның ақ серкесі» атанған. Сірә, сол екеуі Базылмен құрдас болса керек. Малайдар мен Дәнештен Томпақай, Күшік—екі бала туып, Күшіктен: Қонақбай, Қоқанбай, Әйнекбай, Терекбай, Тойлыбай, Қисық, Кенжебай. Томпақайдан да бала-шаға бар, толық бір ауыл болып, бұлар «Жылқыбайдың күшігі» атанған.