Алдардың шық бермес Шығайбайға қонақ болуы (1-бөлім)
3 мин оқу
Сол баяғы ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда, шық бермес Шығайбай дейтін бай болыпты, төрт түлігі сай болып, көңілі жай болыпты. Сол шық бермес Шығайбай үйіне ешкімді қондырмайды екен, қондырса, дәм бермейді екен, заманының бір деген сараң байы, өзі тойса да, көзі тоймайтын бай екен; үйіне кісі келсе, оның жауабы:
— Шық, әй! - екен.
Осыдан жұрт оны, Шығай деп атап кеткен екен. Шық бермес Шығайбайдың атын естімеген ел болмайды екен. Оның «шық, ейін» естімегендер жоқ екен.«Тастүйнек болса да, дәмін татам!» - деген талайлардың тауы шағылған екен.Сол кезде «Алдар қу, Алдардың алдамайтыны, жал-мамайтыны, арбамайтыны жоқ!» - деген атақ та ел-елге жайылады, ел аузындағы мәтелге айналады.«Әй, Алдарың қанша қу болса да, шық бермес Шығайбайды алдай алмас!»
- дейді екен жүрт.Осы сөз Алдарға жетеді. Шық бермес Шығайбайдың атын Алдар да естиді екен.
«Шық бермес Шығайбайды мырза байға айналдырмасам, Алдар деген атым құрысын!» - деп, шық бермес Шығайбайдың атын жою үшін Алдар сапарға аттанады. Күні-түні жүріп, шық бермес Шығайбайдың елін іздеп сапар шегеді. Ақырында, елден іргесін аулақ салған, ай- далада жалғыз үй отырған Шығайбайдың үйіне келеді. «Не істеп отыр екен өзі!» - деп, аулына білгізбей түсіп, Алдар байдың жабығынан сығалайды. Сығаласа, Шығайбай қазы айналдырып, бәйбішесі нан илеп, тоқалы бас үйтіп отыр екен; қызы тырнаның жүнін жұлып отыр екен. «Осыдан дәм татпасам, Алдар атым құрысын!» - деп, Көсе жылмаң етіп үйге кіріп келеді.
— Кеш жарық!
Бұлар да жылдам екен, Алдар «кеш» дегенді айтып болғанша, қолдарындағыны астарына жасырып, Шығайбай таспаны, бәйбіше ұршықты, қызы тігіліп жатқан көйлекті, тоқалы көсеуді қолдарына алып отырыса қалады: Түк білмегенсіп, қолдарындағы іспен болып отырғансып, елеусіз бола қалады.
«Әй, әккі болған неме екенсіңдер, мызғымас қу екенсіңдер!» - дейді Алдар ішінен. Амандасқансып, қол алысқансып, байға сүйкене барып, төр алдына отырып алады.
«Ай, Көсе екенсің! Жұртты құртқан қу ма екенсің? Жүрісің жылмаң екен. Жырынды болған сұм ба екенсің? Қу болсаң да, сұм болсаң да, менен түк те тимес!» - дейді бай ішінен.
— Қайдан жүрген қусың? Қайда барасың? Не естіген, білгенің бар?-дейді бай Алдарға. Алдар Көсе:
— Көргеннен айтайын ба, естігеннен айтайын ба? - дейді.
— Естіген жалған болар, көргеніңнен айт,
- дейді бай. Алдар көтеріле түсіп, күлімдеп желдірте түседі:
— Көрген, білгенім көп! Жолда келе жатып, үлкен сары жылан көрдім, жуандығы тап өзіңнің астыңдағы қазыдай.
Артық-кем қып асырмай,
Шын айтқанда жасырмай,
Таспен үрып жібердім,
Тоқал астындағы басындай.
Былш ете түсті иленіп,
Бәйбіше астындағы қамырдай.
Өтірік болса, сақал жұлынсын,
Қыз астындағы тырнадай.
Бәрін де осының көріп келдім,
Асыңды қылшы ұрламай! - депті.
Осыны айтқаннан кейін бай:
— Шоқ түссін тіліңе! -деп, астындағы қазысын лақтырып тастайды.
— Тілің тасқа болсын! -деп, бәйбіше астындағы қамырды лақтырады.
— Жағыңа жылан жұмыртқаласын! -деп, қызы тыр- наны лақтырады.
— Қазаныңды аса бер, бәйбіше! - дейді бай, амал қайсы деген пішінмен. Бәйбіше:
— Піс, қазаным, бес ай! - деп қазанға ас салады.
— Отырайын он ай! - деп, Алдар етігін шешіп, босағаға лақтырып, төрге нығырақ отырып жайланады.
Қазан ұзақ қайнайды, бірақ түсірілмейді.
«Қайнасаң, қайна!» - деп, бақырайып Ал-
дар да отырады.
«Мына сойқан қашан жатады», - деп, үн жоқ, бай да отырады. Ақырында, бай шыдамайды:
— Әй, кемпір, сал төсекті. Жатайық, жолдан шаршап келген қонақ та жататын шығар, - дейді.
Төсек салынады, жатуға кіріседі.
«Жатсаң жат!»- деп Алдар да жатады. Байдың көзі үйқыға барды-ау деген кезде, Алдар орнынан тұрып, қазандағы етті сүзіп алып, оның орнына төрде жатқан тулақты турап, салып қояды.