Алдар Көсе мен досы
2 мин оқу
Алдар Көсеге бір сараң бай келіп, дос болыпты. Сол уақытта ханның бір өте сүлу қызы бар екен.
Қызды көргісі келген адам, әрбір көргеніне мың ділда береді екен.
Әлгі сараң дос, сол ханның қызын көруге көңілі кетіп, Көсе досына:
— Маған ханның қызын тегін көрсет, - депті. Алдар Көсе досына:
— Жақсы, көрсетейін. Ол қызды көрген адам, әрбір көргеніне мың ділда беріп, көруші еді. Мен сізге тиынсыз көрсетейін.
Бірақ сен маған қазір қой бер, саған мен кейін қайырайын, - депті.
Бай:
— Мақұл, - деп, бір қойды беріп, екеуі ханның қызы жаққа жол тартады. Ханның ауылының алдындағы өзеннің жағасына тоқтап, жарқабаққа бастарын төмен салып, аяқтарын көтере сүйеніп түрады. Су алуға келген хан қызының күңі бұларды көріп, аң-таң болып, жөн сұрайды. Алдар Көсе:
— Біз көктен түскен адамбыз! - дейді. Күң қайтып барып, ханның қызына:
— Көктен түскен адамдар отыр, - дейді.
Ханның қызы бұларды көрмек болып, қызметкерлерімен келіп жақындағанда, Алдар Көсе досына: - Жақсылап көріп ал! - дейді.
Қыз біраз таңданып тұрып, кетіп қалады. Күң енді бір суға келгенде, бұлардың бір қойды балталап жатқанын көреді. Ол бұлардан:
— Не қылып жатырсыңдар? - деп, сұрайды. Бұлар:
— Соямыз, - дейді.
Күң жүгіріп барып, хан қызына:
— Баяғы адамдар қой союды білмейді екен, бір қойды балталап жатыр, - дейді.
Ханның қызы тағы келіп, тамаша қылып тұрғанда, бұлар тағы көріп алады. Хан қызы күңіне:
— Оларға барып союды үйрет, - дейді.
Күң барып көселерге қой союды «үйретіп» қайтады. Аздан соң, хан қызы: «Біліп кел! Не қылып жатыр екен?» - деп, күңді тағы жіберіпті. Күң келсе, екі дос етті жерошаққа салып, үстіне су құйып, бетіне қазан төңкеріп, от жағып жатыр екен. Күң күліп:
— Не істеп жатырсыңдар? - деп сұрайды. Бұлар:
— Ет пісірейік деп жатырмыз, - депті.
Күң қайтып барып, хан қызына айтып, сонан соң қызды ертіп келіп, етті қазанға салып, астына от жағып, пісіруді үйретіпті. Бұл келгенде олар қызды тіпті анықтап көріп алыпты.
Біраздан соң күң тағы қайтып айналып келсе, бұлар қазаннан етті алып, ол жағына бір тигізіп, бұл жағына бір тигізіп отыр екен. Күң:- Не қылып отырсыңдар? - деп сұрайды.
— Біздің жегеніміз осындай! - депті.
Хан қызы келіп, енді бұларға тамақ жеуді үйретеді.
Енді кеш болған соң: «Бұлар алыс жерден келген мейман екен», - деп хан қызы Алдар Көсе мен байды сарайына алып келіп, қонақ қылып, қондырыпты. Түнде екеуіне бір оңаша тамға төсек салып, жатқызса, бұлар тағы өздерінің аяғын жоғары асып, бастарын төмен салбыратып алады. Хан қызы мен күң келіп:
—Неғып асылып қалдыңыздар? - десе:
— Өзіміздің жатысымыз осылай! - депті.
Сонан соң, бұларға қыздың жаны ашып, күң Алдар Көсені, хан қызы байды қастарына алып жатыпты. Түнімен қыз бен күңнің жанында болып сөз байласып, екі дос ертеңіне ауылына қайтыпты.