Алдардың шайтанмен жолдас болуы
5 мин оқу
Алдар жерошаққа аунап, ұйқтап қалған екен, бір уақытта оянып көзін ашса:
Елбектейді ақырын,
Елестейді ақырын,
Дәл өзінің үстінде,
Дәл көргендей түсінде...
Бірдеңелердің жүргенін сезеді. «Шайтан дегендерің осы екен», - деп, көзін қайта жұма қояды...
... Ескілердің айтуынша Түлен, Құлан дейтін екі шайтан бар. Осы шайтандар Ібілістен бата алып, әдейі қазақты алдауға шығыпты. «Түлен түртті» дегендегі осы Түлен болса керек.
Түлен мен Құлан жерошақта аунап жатқан Алдардың үстінен шығады.
— Жатысы жаман екен. Осы қазақ болар,
- деп Түлен мен Құлан тұра қалады.
— Қазақ өлмесе, жерошаққа түспейтін еді ғой. Бұл өлген адам болу керек, - деседі.
Өлі-тірісін білейік деп,
Сағым болып күлтілдеп,
Көлеңкесі бүлкілдеп,
Алдекеңнің үстінде,
Елестейді ойнақтап,
Жас ботадай тайрақтап...
... Алдакең шайтандарға жолыққанын біліп, өлген кісі болып, тырп етпестен жата береді. «Басқа не болса да осылай жатып көрейін», - деп, шайтандар айқайласа да, қытықтаса да, үстінде ойнақтаса да, былқ етпейді.
— Бұл өлген қазақ екен, - дейді. Ақырында шайтандар шаршап, отыра қалып, екеуі кеңеседі.
— Мұны не істейміз? - дейді.
— Кебіні жоқ, көрі жоқ қазақ екен. Мұны тірілтіп алсақ, бізге адал жолдас болады екен, - дейді біреуі.
Осыған екеуі де қол қойысады. Бірақ Алдардың немен тірілетінін білмей біраз отырысады. Ақырында біреуі айтады.
Қазақ екен қазы әкел,
Қазы әкелдің, таза әкел,
Сусынсыз тағы тұрмайды,
Қымызы болса қоса әкел.
«Бұлардың қулықтарын!... Мені қымызбен, қазымен жеңіп ала қоймақ қой! Аларсың!»- дейді Алдар ішінен. Бірақ қазыны әкеліп иіскеткенде, бұл уәдесінде тұра алмайды. Аузы қазыға қарап ашыла береді. «Тез тіріліп кетсем бермей қоя ма»,- деп, Алдар қазыға тойып болғанша орнынан тұрмай, көзін жұмып жата береді. Әбден тойып алғасын ғана тірілген болып, көзін ашып, орнынан тұрады. Шайтандар Алдардың тірілгеніне қуанып, тұра сала билейді.
«Әй, қазақ, қазақ деп,
Тамағы бір азап деп», -
жатып тұрып мазақтайды.
Алдар білмегенсіп шайтандардың жөнін сұрайды. «Кімсіңдер?» -дейді. Шайтандар жөнін айтады. Алдар жатып тұрып бәле салады:
— Сендер тыныш жатқан мені неге тірілттіңдер? Бұл дүниенің азабынан жаңа ғана құтылып, жаным рақат тауып жатқанда? Мен бұл дүниеден азар құтылып едім! Жоқ, сендердің бұларыңа мен көнбеймін. Мен бұл дүниеде жүре алмаймын. Тірілткен сендер, айып сендерде. Мені өздеріңнің пішіндеріңе енгізесіңдер, әйтпесе бүлік саламын, - дейді.
Шайтандар бір-бірімен ақылдасып:
— Біздің істейтініміз аздыру ғана еді. Енді амал жоқ. Айып өзімізден. Бізге жолдас боларсың, пішінімізді берелік, - дейді. Тіл астына салатын теңгелері болады екен. Біреуін Алдарға береді. Алдар оны тілінің астына салып, о да шайтан кейпіне кіреді.
Сонымен Алдар шайтан болып алады. Үшеуі бірігіп жүріп кетеді, ай жүреді, жыл жүреді.
Бір жерлерге келгенде үшеуі де шаршайды. Демалып отырып Құлан айтады:
— Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша, біріміздің мойнымызға біріміз кезек-кезек мінсек, - дейді. Алдар мен Түлен мақұл көреді.
— Алдымен қайсымыз мінеміз? - дейді Құлан.
— Мен жаңа ғана шайтан болдым ғой.
Сондықтан болу керек, аяғымды алға басуға шамам жоқ. Алдымен мен мінейін, - дейді Алдар отырып.
— Жарайды, - дейді ана екеуі.
— Қанша уақыт мінгізуіміз керек, уақыт белгілеу керек, - дейді Түлен отырып.
— Уақыт белгілеудің керегі не?
Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны.
Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, - дейді Алдар.
Түлен мен Құлан мұны да мақұл дейді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді, ыңырсып:
«Әләләй, уләләй, әри әйдім...» деген өлеңін айтуға кіріседі.
Шайтандар: «Алдардың өлеңі бір таусылар», - деп, әрі қарай жүре береді. Бірақ Алдардың «әләләйі» таусылмайды. Әбден шаршағасын:
— Осы сенің «әләләйің» қашан бітеді?
-деп сұрайды.
— «Әләләйім», бітсе, «Әри әйдім» дегенім тағы бар. Жүре беріңдер! - дейді.
Жүре-жүре екі шайтан өлер болғасын, бір ағаштың түбіне келіп, «уһ» деп сүйене кетеді. Ағаштың іші қуыс екен. Шайтандардың салмағына шыдай алмай ағаш бір жағына құлай кетеді. Ағаштың қуысына тығылған ат басындай алтын бар екен, сол алтын көрініп қалады.
— Мынау бір олжа болды, - деп, Түлен алтынды астына баса қалады.
Ат басындай алтынды көргенде Алдар: «Осы алтынды қалай алам», - деген ойға келеді.
— Осы бір жалтылдағаның немене өзі? Кәне, көрейінші, - деп, алтынды өзіне тартады. - Қазақтың: «Жол жасы үлкендікі!» - деген салты бар ғой. Бұл алтынды үшеуміздің қайсымыз үлкен болсақ, сол алу керек. Әйтпесе бере алмаймын! - деп, астына тыға түседі.
Шайтанның қулыққа шапқанын Алдар біліп қояды... Жасқа кеткенде Түленнен (Түлен түртуден) бұрын жаралған ешкім жоқ. «Қулығына қулық, бәлем!» - дейді ішінен.
— Жарайды, мұның дұрыс екен. Ал жас санаса қоялық, - дейді Алдар.
Түлен түрып:
— Менен үлкендерің бола қоймас. Алтын менікі болар.
— Жаңа туып жатқанда,
Қарап едім аспанға:
Артық-кем емес білемін,
Жер алақандай көлемі.
Бір-ақ қана бел еді.
Тоқымдай ғана жер еді, -дейді.
Құлан түрып:
— Ойбой, сен менен көп кіші болдың. Сенің кіші екеніңді кім білген.
— Мен туғанда расы:
Бейнеленіп арасы.
Жаралмаған жер мен көк,
Шайтан, адам мүлдем жоқ, -дейді.
Осы сөзді Құлан айтып бола бергенде, Алдар өкіріп қоя береді. Екі шайтан аң-таң болып, бір-біріне қарайды.
«Оның не?» - десе, онан жаман өкіреді. Тіпті әрі- беріден соң «ой, бауырымдап» басын жерге соғып жылайды. Шайтандар: «Бұл алтынды ала алмайтын болғасын, жас болғасын жылап отыр», - деседі.
— Жоқ, олай емес. Алтының құрысын! - дейді Алдар, кемсеңдеп. - Құлан, сен туған уақытыңды айтқанда іштегі күйіктің аузы ашылып кетті.
—Дәл сен туғанда,
Үлкен бір той болып ед.
Атқа шауып жүргенде,
Кенже балам өліп ед.
Көптен көмескіленіп жүрген үлкен қайғым еді. Еске түсірдіңдер,- деп тағы өкіріп қоя береді.
Түлен мен Құлан Алдарға көңіл айтып, азар жұбатады. Жұбатқанда, әрине, құр көңіл айтып емес, алтын беріп жұбатады.