Тоқтының батасы
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 14 жол
Енесі жануардың йімеген бе,
Көп қойдан шөп қақтығып тимеген бе.
Антұрған қатын сауып қақтаған ба,
Болмаса, қойшы оңдап бақпаған ба.
Алты ай жаздай бір теңі келмей жүріп,
Молтыр би бізге арнап сақтаған ба, алла акпар!
Жамандар өзін-өзі зорға балар,
Бір өзінен басқаны төмен санар.
Жақсылар ағын судай, асқар таудай,
Жаймалап қайда жақсы орын алар.
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,
Досыңның жаманынан артық дұшпан.
Өштескен жаудан адам сақтанады,
Тиеді «достық» оғы қапылыстан.