Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің...»

Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 186 жол

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің,
Қойға пана болмайды тал дегенің.
Жалаң аяқ, жалаң бас тоқты арқалап,
Хан ата, қалай екен мал дегенің?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кіші,
Біреудің хақын жемес жақсы кісі.
Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен,
Хан ата, қалай екен малдың күші?

Бақытыңа кез бопты долы қатын,
Мұны алған ер жанжалға молығатын,
Ұрысса бар адамды жеңбей қоймас,
Бір үй түгіл бір ауыл торығатын.

Өзінің кесапаты бастан асып,
Ері де бір пəлеге жолығатын.
Албастыдан дəу дию қашты дейді,
Бұл үйге қона алмаймын, пері қатын.

Пасыл да пасыл, пасылман,
Аққа құлпы жасылман,
Жақсыға сырым жасырман,
Жаманға, сірə, бас ұрман.

Мен бір шапқан жүйрік ат,
Бір желіксем басылман.
Өттің бір дүние, өттің-ай,
Теңселе басып кеттің-ай,

Мен бір жүрген жорға тай,
Жылжи да басып кеттім-ай.
Домбыра қолда қарағай,
Қолға да оны алған соң,

Əріден бері салам-ай.
Жоғары мен төменге,
Ылди менен өреңге
Даңқым кеткен баламын.

Шын ажалым жеткен соң,
Сызықтан мəлім өткен соң,
Айтпасам да, жараңдар,
Мен де бір күн өлем-ай.

Түйе деген бір мал бар,
Тамағы тойса көп кетер,
Қас жаманның белгісі
Жиын тойға барғанда

Тамағына өкпе етер,
Өкпелеймін деп кетер.
Нəпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер.
Ел елдетер, елдетер,
Ашылған тұман желдетер,

Жақсылардың алдында
Біразырақ сөйлесем,
Онан да менің нем кетер.
Өлгеннен соң басыңа

Топырақ үйіп белгі етер,
Белгі еткеннің белгісі
Көміп бір тастап ел кетер.
Қайырсақ та сазда өтер,

Қаңқылдаған қаз да өтер,
Үш ай тоқсан жаз да өтер.
Ақ бетіне қан құйған,
Орамалын дəл құйған,

Ерініне бал құйған
Қылықты туған қыз да өтер.
Домбыра қолда қарағай,
Қолға да оны алған соң,

Жүйрік туған ағаңыз,
Арыдан бері тербетер.
Базарға барсаң бақ білер,
Базардағы береннің

Əр бағасын сарт білер.
Өткен менен кеткенді
Көп жасаған қарт білер.
Жолдың алыс-жуығын

Белі де жуан ат білер.
Біреуді жақсы демесең,
Біреуді жаман демесең,
Бұл дүниеден өткен соң,

Шын дүниеге жеткен соң,
Көтеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң
Кімнің жақсы, жаманын

Бір жаратқан хақ білер.
Адамзаттың белгілі
Бұл дүниеден өтері,
Өлгеннен соң белгілі

Тірлік бір жауап бітері.
Бұл айтқан сөз, құрбылар,
Бір күні болар керегі.
Басты бір аяқ қылады

Бір алланың шебері.
Бақытты жігіт қол бастар,
Шешен жігіт дау бастар,
Əлемнен озған ала аяқ

Озып кетсе ойқастар.
Күнінде артықша туған жігіттер,
Жарысқа салмай кім тастар.
Елінде жақсы жігіттің

Алыста даңқы зор болар.
Мен сөйлеймін, мырзалар,
Сөйлемесем бұл жерде
Қадірлі сөзім қор болар.

Арғымақ ат кімде жоқ,
Міне алмасаң атша жоқ,
Ағайын-туған кімде жоқ,
Сыйласпасаң жатша жоқ.

Бұқарда бар бұлама,
Тəшкенде бар сұлама.
Ел жаманы шыға ма,
Шығадан жақсы туа ма.

Сыйласпасаң тіріде,
Екі көзің ағарсын,
Өлгеннен соң жылама.
Бұқар, Тəшкен азғанын

Ішіндегі сарт білер,
Қамқа тонның тозғанын
Көп жасаған қарт білер.
Ағайынның асқанын

Қарындас білмес, жат білер.
Артқы қастың батқанын,
Қаптал білмес, ат білер.
Ел ішінде бір мола

Жау келсе де үрку жоқ.
Соқыр, қисық болса да
Бай ұлында шіркеу жоқ.
Неше мырза болса да,

Жер солқылдап тұрса да,
Кедейден басқа шіркін жоқ.
Саясы жоқ бəйтерек
Саздауға біткен талмен тең.

Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең,
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең.

Ақылсызға сөз айтсаң,
Алды бір тұйық жармен тең.
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер балмен тең.

Пайдасы жоққа жалынсаң,
Семіз бір жемқор малмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Алланың жауған нұрмен тең.

Жаман қатын алсаңыз,
Маңдайға біткен сормен тең.
Уайымшыл жігіттің
Кең дүниесі тармен тең,

Уайымсыз жігіттер
Қара бұлан нармен тең,
Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең.

Жаманнан көрген қорлығың
Көкірекке біткен шермен тең.
Бір қалған соң көңілің
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,
Хақ деген пендең болса тастамайсың,
Су құйса төгілмейтін боз жорғаның
Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.

Құдая, жаманыңмен теңді қылма,
Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.
Жаратқан барша жанды, пəруардігер,
Өзімдей пенделерге пенде қылма.

Ойнағы жын перінің Қап тауында,
Пенденің ойын, күлкі ден сауында.
Ер адам мақсатына жетпей қоймас,
Тілеуін алып өткен перғауын да.

Сөйлеп қал, қызыл тілім, жақ барында,
Кеудеде – ақыл, маңдайда – бақ барында.
Мың сайтан, жүз пəлекет қамаса да,
Бір тəңрі қағып шығар сақтарында.

Дария – сия болса, қамыс – қалам,
Жер жүзі қағаз болса рахаттанам.
Мұсылман қасіретімді шығара алмас,
Жиылып жатса-дағы перзент табам.

Аянбай мен түсейін намысыма,
Қырымнан көз сала бер шабысыма.
Жүлде алып келе берген жүйрігіңді,
Қоса бер, аш, тоқ демей шабысына.

Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,
Барады ықыласыңа көңілім еріп.

Жел сөзді тəңірім берген неге аяйын,
Шашылған несібемді жүрмін теріп.
Мақтанба, малым бар деп бағыңызға,
Бағыңыз тұрса жақсы тағыңызда.

Саныңды ауызыңды ұстап бір соғарсың
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Шал ақын Құлекеұлы өлеңдері

Барлық 33 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері