Күлен шешенге
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 38 жол
Төрт ауылдың бір биі Күлен шешен,
Төреңізді тура бер құдай десең.
Өлсең де қабырыңда тек жатпайсың,
Төре беріп біреуден пара жесең.
Төрт ауылдың бір биі Күлен қозған,
Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған.
Төре беріп біреуден пара жесең,
Қияметте жоқ дейді биден азған.
Бақ көшсе, ақылыңа қарамайды.
Жақсыны жаман адам табалайды.
«Адам басы алланың добы» деген,
Қайда айдаса, сол жаққа домалайды.
Жігіттер, ат атану тым-ақ қиын,
Ат атанбай болмайды құрмет сыйың.
Топтағы бай, таптағы би болсаң да,
Қолыңнан мал кеткен соң келмес күйің.
Күні шолақ болған соң, түні қайтсін,
Жеңі шолақ болған соң қолы қайтсін.
Өзі жаман болайын деген бар ма,
Білімі, өнері жоқ, оны қайтсін.
Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде.
Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,
Жаман қатын алғанның соры үйінде.
Салақ əйел ауы да болар тесік,
Қолын тығып қасуға оңай десіп.
Тағдырда маңдайыңа жазған болса,
Табиғаттың ісіне амал нешік.
Кез болса ер жігітке жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын.
Жаман болса өз қылған істерімен,
Еріне қалдырады жаман атын.
Жақсы сол ерін күліп шаттандырса,
Атқарып тапсырмасын мойнына алса.
Ері жоқта күйзелтпей шаруасын,
Ағайын, көршілерін жадына алса.
Сапардан ері келсе үйге кіріп,
Жылы жүзбен қарсы шығып, қолын алса.