Әкесі Құлеке өлгенде айтқаны
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 100 жол
Құлеке жиырмада арқар еді,
Отызда би, қырқында дарқан еді.
Кешегі дулап өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.
Алпыс бір мүшел келді мерттей болып,
Өтпедің сол мүшелден серттей болып.
Кешегі дулап жүрген, ер Құлеке,
Су тиген сөне қалдың өрттей болып.
Астынан көк өгіздің тас көтерген,
Кісіні арықтаған ас көтерген.
Бəрі де туған жанның өлмей тұрса,
Бұрынғы үлкен қайда бас көтерген!..
Астынан қара тастың су көтерген,
Мұнарды суға түскен бу көтерген,
Бəрі де туған жанның өлмей тұрса,
Бұрынғы батыр қайда ту көтерген!..
Бұл өлім қайда жоқ?
Жарқыраған айда жоқ,
Күркіреген күнде жоқ.
Өтері өтіп кеткен соң,
Мың теңгелік қайғыдан
Бір теңгелік пайда жоқ.
Жарға біткен жантақты
Жаннан безген жан жейді.
Қабырғадан саз кешіп,
Жүк сүйреген нар жейді.
Кеудесінен оқ тисе,
Уһ демеген ер дейді.
Өткен қайтып келмейді,
Алғанын құдай бермейді.
Ашу – дұшпан болғанда, нəпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.
Ойласаң мың бір пəле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пəле соны қуған.
Жігіттер, жау алмайды ақылдасаң,
Білгішке көп білетін жақындасаң.
Қарап жүрген кісіге адам тимес,
Сабыр қып, өз бойыңды мықты ұстасаң.
Жақының жат болады алыс болса,
Жат та жақын болады таныс болса.
Сыртыңнан жаман туыс табалайды,
Аяғың бір нəрседен шалыс болса.
Əйтсе де жақсы туыс шыдамайды,
Бір жерде айғайласқан намыс болса.
Əр жерде қадір, құрмет көрген жанмын,
Жақсы менен жаманды білген жанмын.
Жайымды сіз білмейсіз, мен – жорға тай,
Тайпалып, талай топқа кірген жанмын.
Жақсылар бізді есінен тастамаған,
Өнерсіз деп жаманға бастамаған.
Қария қазақ, ноғай естіген жан,
Ұрынбаған қалмады жас та маған.
Мен өзім талай сөзді хатпен жазғам,
Əзілден мерт болады артық қазған.
Өткен іске өкінсем, өмірім зая,
Тұяққа ілінгенді қайта жазбан.
Жақсының жүрген жері той болады,
Ақыл жоқ, кей адамда бой болады.
Көрмеге қандай жаман болса-дағы,
Парасат кей шаһбазда ой болады.
Жамандар тыңдамайды жақсы сөзін,
Сүйресең де жақсы іске бұрмас өзін.
Надандар асыл білес сутас көрсе,
Гауһардай-ақ айырмас сонан көзін.
Адамды жөн білетін дана деп біл,
Істерін жалқау жанның шала деп біл.
Құр жасы елулерге келсе-дағы,
Білімсіз сондай жанды бала деп біл.
Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса,
Жақсы сол – істер ісін тəмамдаса.
Апу-күпу дегенмен əулие емес,
Күнəсы күнə үстіне жамалмаса.
Жаман сол – жақсы сөзді ұға алмаса,
Ғалым болмас ұстаздан дұға алмаса.
Молла есімін алған жан толып жатыр,
Не керек ғылым бойға жұға алмаса.
Кеңес көп ести берсең іште жатқан,
Бір құдай сөйлесін деп тіл жаратқан.
Қызыл тіл, тіршілікте тебіреніп қал,
Шешендер сендей талай жерде жатқан.
Замандас құрбың келсе қадірін біл,
Артында əзіл сөздің қалады зіл.
Жалпылама жамандар неме керек,
Шаһбазды нағыз біздей ерім деп біл.
Кедейлік ер жігітке намыс емес,
Жоқ болсаң туысың да таныс емес.
Суық үй, арық соғым, жаман қатын,
Үшеуі кедейліктен алыс емес.
Жоқ болсаң, қызыл бүйі үйің болар,
Бар болсаң күндіз-түні жиын болар.
Алыстан кедейліктің алдынан шық,
Төбесі көрінген соң қиын болар.
Ант соқса, адам шіркін тосылады,
Кері кетсе, ұйқы кеп қосылады.
Құл-құтан, қарақалпақ болса-дағы,
Мал шіркін абыройыңды жасырады.