«Шерлерім менің, шерлерім...»
Сарышолақ Боранұлы · 97 жол
Шерлерім менің, шерлерім,
Күн туғанда тартынбай,
Қиынға салар ерлерім,
Қысылғанда тарығып,
Намысты бермес өрлерім!
Қиын-қыстау, баз кешу,
Сескенгенін көрмедім.
Келелі нардай жампоздар,
Жауға тыншу бермедің.
Ажалға қарсы бет қойып,
Алдаспанды сермедің.
Өзгенің қонысы не керек,
Қорғаған кіндік өз жерің –
Айдын шалқар көлдерің,
Нуға тұнған белдерің,
Ормаңды-тоғай өрлерім,
Құт мекенді өз жерім!
Тартынбай, кәпір бас қойды,
Істеп ойына келгенін.
Дүние тегіс теңселді,
Үркінді байлар малымен,
Жанталасқа бой беріп,
Артынып, ауып барымен.
Тыншулы жатқан қалың ел,
Ойлағаны бейбіт күн,
Зарыққандар жанымен.
Кәпір тыныш қоймады,
Жөніне жатқан бақуат
Бұзылды елдің қаймағы.
Ісін істеп хайуанның,
Құртып тынбақ ойлары.
Жауыздықка үйреніп,
Жеркенбеді тіпті бойлары.
Кешу де кешу, кешуім,
Сыйлағанның несі мін.
Жөн-жосықты білердей,
Шерменденің бөсуін.
Әлжуазды әурелеп,
Тас жұтқырдың кесібін,
Құр қолға салып ойраңды,
Көңілінің өсуін!
Үркінгеннен тентіреп,
Тыйылмады көшуім.
Саланы бойлап сәм тіреп,
Жөн алды құладүз босуын.
Белгіленбей тұрағым,
Түзден болды несібем.
Ұйлығысқан момындар,
Таба алмай тура шешімін.
Жайықта да жандасу,
Жемнің бойы қандасу.
Сырдың бойы сыралғы
Әбжыланмен арбасу,
Ырғыздың бойы ылаң-ды,
Қылыш пен найза қармасу.
Одан әрі Торғайда
Жақсыға жаман жармасу,
Қорқаумен ері қырқысып,
Сойқанды сұммен арбасу.
Қорқаудың ойы бүлдіргі,
Жазықсыз салып қырғынды,
Ат жалын тартар кім бар-ды,
Ойға түйіп бұл күнді?
Сонда кәпір не тілер,
Жерімді жайлап бекінер.
Сұр құзғынның тілегі
Ерлерім аман тұрғанда,
Жер бастырмас бір елі.
Кек қылышын қайраған,
Түкті кілең жүрегі.
Бабамның қонысы ежелгі
Сүйенген тірлік тірегі.
Кәпірдің бізден несі артық,
Қиынды менен жиынды,
Көн шоқайы сіре еді,
Телмеңдеп кеше жүр еді.
Ышқырдан биті төгіліп,
Қасырланған кір еді.
Құс табаны қан шығып,
Үстінде жалба шоқпыты,
Бұтында лыпа бір елі,
Қолаңса сасып маржасы
Албастыдай сүреңі.
Ұсындық төрді тартынбай,
Кең екен қазақ жүрегі.
Намысым қайда, намысым,
Жерім керек мал үшін,
Малым керек айдаған,
Шүберекке түйген жан үшін,
Көпті көрген шал үшін,
Байлар менен қара үшін,
Жеткіншек артта бала үшін,
Барлығының қамы үшін!
Осыларды ойға алсам,
Сүргін болды шабысым,
Қимылдайтын жетті кез,
Айтқанымның бәрі шын!