Мен де өзіңдей емес пе ем
Сарышолақ Боранұлы · 29 жол
Әй, орыстар, орыстар,
Биік тең бе дөңіспен?
Еліме келдің қоныстап,
Патша құрған кеңеспен.
Аштарыңа той қылып,
Мекен берген емес пе ем?
Тойындың ба, бұл қалай,
Мен де өзіңдей емес пе ем?
Дос қайғысы ортақ-ты,
Бірігіп қам жемес пе ең?
Сендерде бар қайыршы,
Біздерде де жетеді.
Терең ойлап айыршы,
Адамның жоқ бөтені.
Адам ата ұрпағы
Алыс қайда кетеді,
Тату болса не етеді?
Адамзаттың бәрі бір,
Тәңірге жоқ бөтені.
Кей кещелер айырып,
Сөз таптым деп бөседі.
Алакөз болса ағайын,
Күнде қырғын мекені.
Ібіліс шығып ішінен,
Достықтың білмес не екенін.
Басын бассаң ашаның,
Сабы жарар шекені.
Бұлай тұрар өмір жоқ,
Кезектесіп өтеді.