«Өзен де өзен, өзенім...»
Сарышолақ Боранұлы · 223 жол
Өзен де өзен, өзенім,
Жағалай көшіп бұйратты,
Шалқыған кемел өз елім.
Соларға кірме бас қойды,
Өртенді күйіп өзегім.
Кәпірдің сұрқы сұстылау,
Ырықсыз қалай төземін.
Басар тау қалмай басарға,
Жерімнен қалай беземін.
Әр істің болса байыбы,
Тәңірім жазғай кезегін.
Ашынғаңда жазық жоқ,
Қызыл тілді безедім.
Тартына кімнен шошынам,
Шындық жеңер, сеземін.
Кәпірге жайған дастархан,
Сылайы ұрсын көженің.
Тұнығымды лайлап,
Асылға найза безедің.
Дәм атсын, өңшең шоқайлар,
Сөз түсінбес безерім.
Жылдағы сайлар жылғалым,
Бойын түзеп масайып,
Кәпірдің торды құрғанын,
Іш мерезге сеніп ап,
Ауызды сөйтіп ұрғанын!
Өз жеріңде билік жоқ,
Кібіртіктеп тұрғаның.
Қоғалы көлдер, қоғалым,
Байыппен барлай шоламын.
Сүмеңдей кіріп араға,
Билеп кетті қонағым.
Тежеу болмай көбіне,
Түптен сарқа тонадың.
Күнім туса кезекті,
Тартарсың әлі-ақ обалын.
Қолдан келер шамалы,
Шайқалған босқа шалабым.
Сұраусыз, сірә, қалмаспыз,
Келтірер Тәңір амалын.
Боз селеулі қырларым,
Жайқала тоғай тұнғаным,
Өзіңде туған асылдар,
Нелер шықты тұлғалым.
Түсімдей қазір көрінер
Сауық-сайран құрғаным.
Әңгімем сенде айтылып,
Шешілген түйін сырларым.
Көрнекті бұйрат, ойларым,
Шілдеде жазар бойларын.
Араласып киікпен,
Бірге өретін қойларым.
Шат-шадыман күн еді,
Қырық күн өткен тойларым.
Көк селеулі жосалым,
Бор үгілген босаңым,
Томар бояу тон бояр
Сәндік үшін қосарым.
Тірлікте керек барлығы,
Көлбейде жатқан тауларым,
Ауасы бал-саумалым.
Астық толған кенішке
Қызыққаннан көз сүзер
Төңіректе жауларым.
Ақшаңдақты сорларым,
Артқа жиған қорларын.
Сорыңнан сүздім тұзыңды,
Көрген жандар қызыңды.
Алақан жайған келімсек
Өз-өзінен бұзылды.
Сенгенменен соларға,
Терең үміт үзілді.
Аларында жылмаң көп,
Айттырған қыздай сызылды,
Теріс айналып біткен соң,
Тереңнен қозғап қыжылды.
Көрмейтіндей жүзіңді,
Аңдымалап ізіңді.
Бірте-бірте шор болып,
Кекпенен жүрек мүжілді.
Бел-белесті құмдарым,
Қыста қамал малыма,
Паналай сенде тұрғаным.
Өркештенген шағылым
Мекені еді тағының.
Жидесі мен шеңгелім
Отын еді ең керім.
Көлмегі қалқан малыма,
Қысында солай сенгенім.
Тобылғылы сайларым,
Шілдеде бие байларым.
Көктемем және жайлауым,
Шыққыр көзім көріп ед
Түйе мен тайлақ тойғанын.
Ұялы жал биелер,
Айғыр шашып айбарын,
Наз бедеулер сайланған,
Бәйгіден озған тайларым.
Ішкені мас, жеген тоқ,
Жел бір ескен айдарын.
Өзгеден жоқ алапа,
Ел түзетсін бойларын.
Құмайты шалқар тегісім,
Жылғаңнан тердім жемісін.
Шалқыған сағым мұнартқан
Ен жайлау еді ел үшін.
Бәйгіге қосып жүйрікті,
Артық күн еді мен үшін.
Жоқтығын ешкім сезбеген,
Білдірмейін кемісін.
Айдынды шалқар көлдерім,
Айырып ешкім бөлмедің.
Құрағың кілем секілді,
Шілдеде аунай көлбедім,
Аққуменен ән қосып,
Додалы топта сермедім.
Құс біткенің шуылдап,
Тыңдау болды ермегім.
Қанат алып өзіңнен,
Жырдың құрдым өрнегін.
Ретті жері келгенде,
Талайға есе бермедім.
Артымда бар қалың ел,
Сол еді менің сенгенім.
Өз жеріме өзім би,
Халқымнан қағу көрмедім.
Томағасын сыпырған
Қас сұңқардай өрледім.
Өзіңнен қуат алған соң,
Кеңге құлаш сермедім.
Кәрі бидей толғансам,
Көп еді жұрттан көргенім.
Иі қанған таспадан
Дойырдай сөзді өргенім.
Тентіреп, сірә, көрмедім,
Қаным тамған жерде едім.
Атам Тілеу болғанда,
Мен өзгеден кем бе едім?!
Ауыздыға сөз бермей,
Өрлеген сайын өрледім.
Қамауын алған жүйріктей,
Шүмектей ақты терлерім.
Таудан аққан бұлағым,
Сусылдаған жібек құрағым,
Мөлдірін жұттым сіміре,
Көңілдің тауып тұрағын.
Сыңғыры көкей қозғаған
Кеудемді керіп жыр ағын,
Аққуға қосып әуенді,
Күй арнасын бұрадым.
Шалқыған қиян жерімнің,
Ұшаны қия белімнің
Асты толған жауһар-ды,
Үсті мекен көбімнің.
Дарулы, шипа, дауалы
Қасиеті керім шөбімнің.
Кермиықтай алау гүл
Сазын шертер көңілдің.
Ауасы таза жұпардай,
Бастауы болар өмірдің.
Туған жерім осындай,
Келімсектер, не білдің?!
Осындай жер шұрайлы
Көздеріңе құрт болды
Көре алмасқа былайғы.
Бос жатқан өлке көрінді
Тегін алмақ сыңайлы.
Әуелі жаймен барлап ап,
Көтеремі тыңайды,
Көк соққаны тойынып,
Құзғын жалмап құмайды.
Сүргін келсін бәріңе,
Ұмытсаң Жаппар Құдайды!
Тас тесетін тамшы бар,
Қылыштан өткір қамшы бар.
Шын бабына келгенде,
Тереңнен тарта ән шығар.
Құстан ұшқыр жебе бар,
Шежіре өткен көне бар.
Айтқаның көпке жетпесе,
Қу дүниеде не қалар.
Қол қысқаға найза бар,
Топастарға айла бар.
Байлығың тұрса шалықтап,
Кімнің қолы байланар.
Көп жортқанға бұғау бар,
Ширатпаға бұрау бар.
Жалтарып қанша жүрсең де,
Әр ісіңе сұрау бар.
Көкіректе арман бар,
Тұрлауы жоқ жалған бар.
Жақсы жолменен тартады
Тектіден тәлім алғандар.
Көңілімде құса бар,
Қашан жөнге түсе алар?!
Тамырым менің тереңде,
Тез жиылып, күш алар.
Қашағанға жүйрік бар,
Жеңерменге сыйлық бар.
Шын ниеттенсең, сұс түзеп,
Қараға тиер билік бар.
Барын бардай қолдансақ,
Жоғын Тәңір жеткерер.
Кейін тарта қорлансақ,
Қанжығалы сұм бөктерер.
Сары уайым зарлансақ,
Кім демеулеп сеп берер?
Шындығын айтсаң ашына,
Көңілге алып, жек көрер.
Теріс бұтақ секілді
Шуақта да көктемер.
Күнім туса оңымнан,
Айтқандарым деп келер.
Жаманға қылсаң жақсылық,
Шалқайып тексіз көп керер.
Алапасы ортайса,
Түлен түрте өкпелер.
Ата жаудай өштесіп,
Болмашыға кектенер.
Зауалын тапсын сондайлар,
Күні туса шектелер.
Келді кезек ретпен
Тура жолға ниеттенер.