Найза алатын күн туды
Сарышолақ Боранұлы · 198 жол
Жайықтан бергі өрісті,
Ну тоғайлы қорысты,
Сай-саланы келісті,
Кірмелер келе шұбала,
Зорлықпен алып қойысты.
Кірме деп қалай айтайын
Елінен ауған мұжық-орысты.
Құдамыздай ежелгі
Шұрайлы мекен бөлісті.
Қада қағып аршындап,
Болыспен сырттай келісті.
Ойыл менен Қиыл-ды,
Өңшең бұзық жиылды.
Кері итеріп көңілді,
Місе тұтпай сыйыңды,
Мылтығын тіктеп еліме,
Дардан безген қиын-ды.
Айтар сөзің зая-ды,
Тыңдамады биіңді.
Өзінше жазып заң-зәкөн,
Орында деп бұйырды.
Салақтатып қылышын,
Кәріге қамшы үйірді.
Топастар шығып күндікшіл,
Ашытты күнде миыңды.
Шолжаңдаған жиендей
Еш көрмеді тыйымды.
Жерімде жүріп шалқыды,
Мұрнын көкке шүйірді.
Іс қыларға дәрмен жоқ,
Көп жұртым Тәңірге сыйынды.
Қарғалы, Елек бойында,
Кірмелерім еліріп,
Не болса, сол ойыңда,
Тірескенді қарсылап,
Жығып салды сойылға.
Басты сөйтіп қаңғылар,
Тышқан да мысық ойынға.
Шімірікпей іс қылды,
Жүргендей-ақ балдызының тойында,
Малды айдап аз пұлға,
Шіркінде болмай тойым да.
Қобдадан асып Ырғызды,
Тас қамалын тұрғызды.
Қарсы келген сойларды
Сұраусыз және қырғызды.
Өріс болды соларға
Атжақсы менен Құндызды.
Ат ойнатып үстінде,
Үрейлі қылды ұл-қызды.
Қопа менен Қайыңды,
Қаулай біткен сайыңды,
Үдере көшкен ел үрку,
Үрей билеп байыңды.
Кектенген ерлер қамыға,
Істерінен тайынды,
Түсінбейд айтқан жайыңды.
Үйірлеп алып жылқыны,
Қоралап айдап қойыңды.
Қариядан құт қашып,
Ыза буды бойыңды.
Шүлдір болды сөз ұқпас,
Ұқпайды айтар ойыңды.
Тегіндікке үйреніп,
Қаңғылар солай тойынды.
Тіресерге дәрмен аз,
Ұстасқандар жойылды.
Үш Қарасай, Сырлыбай,
Жайыңды менен Мойылды–
Әлімнің ескі қонысы-ай!
Тентіреп келіп іш жақтан,
Иемденді қаба да сақал орыс-ай.
Сұраусыз қырып балығын,
Жемірдей отап түскенін,
Шайтаннан туған мәліғұн –
Ояздары ойраңдап,
Старшыны тайраңдап,
Өз бетінше сайрандап,
Үстемелеп салығын,
Бүтінделіп бойлары,
Ұмытты жөке шарығын.
Шықпаған соң, жан тәтті,
Буырқанды халығым.
Үмітпенен болжады,
Естілер білмей анығын.
Бұғуменен күн өтті,
Ұрынад деп тағы кім.
Жемнің бойы ырғын-ды,
Байыз таппай былайғы,
Орыс салды қырғынды.
Қарсыласар дәрмен аз,
Көрер күнің бұлдыр-ды.
Айтаққа еріп әумесер,
Елдің ішін бүлдірді.
Бекіресін бес тайлақ
Асамай-ақ қылғытты.
Жайынын шаншып мазаққа,
Өзенімді бүлдірді.
Басынғаны соншалық,
Сағымды сөйтіп сындырды.
Пәтуа қашып береке,
Ел ішіне жын кірді.
Сөз ұқпастар мәз деме,
Бекерге басын шұлғыды.
Саралай бәрін қарасақ,
Қу көмейі құрғырды.
Сағыздың бойы салалы,
Күнде қиқу қаралы.
Жүрегің шаншар көргенде,
Көкірегің жаралы.
Дерек айтқан жақсылар
Бостан-босқа жалалы.
Ерлерімнен ол қашып,
Кесілгендей талабы.
Шен ұсынад салпыншақ,
Алдағандай баланы.
Желқұрттай жеген тісіңді
Жайменен үңгіп барады.
Осыларды көргенде,
Ойдан бойың талады,
Қиялға түсіп амалың,
Торығыс билеп сананы.
Ойлайық кейінгі баланы.
Кекке қайрап намысты,
Ояталық қараны.
Көзбенен көріп бұл ісін,
Зығырданың жанады.
Беркініп іске көшпесек,
Қиын кәпір талабы.
Ит ғұмырды кешкенше,
Болып тынсын болары.
Мырзағұлдан артық па,
Жібермесін обалы.
Талай ерім баз кешкен,
Барлай байқап жобаны.
Жүрмеспіз бұлай жабырқап,
Шындық түбі соғады.
Бостандық үшін қан кешіп,
Жастаналық моланы.
Түк өнбес деп ойланба,
Елімнің көп қой қарамы.
Аққа Тәңір өзі жақ,
Құлықты болса талабы.
Арт жағында орын жоқ,
Қол жайып тағы барары.
Басынған сайын үстеме
Қолданалық шараны.
Тізесі батты шымбайға,
Көрер күнің қаралы.
Тура шапсаң бет түзеп,
Бұзылар сордың қамалы.
Көп асқанға – бір тосқан,
Таусылар менмен амалы.
Кеуде соққан міскіннің
Жойылар солай залалы.
Әділдік ісі айқын-ды,
Теңдіктен болса хабары.
Орыстың ісі зорайды,
Қайыңды сай мен Орды алды,
Бұрынғы ісі жай екен,
Қайғысы сансыз торланды.
Шама келмей тіресер,
Жабыға көңіл қорланды.
Жағымпаз қаптап арнайы,
Жарымастан олжа алды.
Жайлап алған жіміскі
Сөз тоқтайтын ордаңды.
Өзіңнен шыққан жау жаман,
Ұқпайтұғын болжалды.
Төменшігім шен құмар,
Айдап берген мал-жанды.
Есебі болмай алғанның,
Қалың қауым зарланды.
Тұйыққа тіреп кемесін,
Алладан күтіп салғанды.
Бұрынғы күнің күн емес,
Болашақ таңың арман-ды.
Найза алатын күн туды,
Қас жүйрік мініп ақжалды.
Көкесіне көріссін,
Бір шайқалық жалғанды,
Тәуекел түбі – желқайық,
Бір сыналық қу жанды!
Жүргенше төмен бұқпалап,
Содан басқа не қалды?
Бұл айтқанға көнбесең,
Сырылған кеудең сыриды.
Көрермін бәрін, өлмесем,
Тұқымың босқа құриды.
Талапты ерге нұр жауар,
Мойымай салсаң төтеге,
Шындықтан болар бір хабар.
Айтқаным түбі соғады,
Бес қаруды құрсанар,
Дауылдата, селдете,
Буырқана бұрсанар,
Қарашада соққан жауындай
Сарышолақ жырға бір салар!