«Әй, Мәкәлай, Мәкәлай...»
Сарышолақ Боранұлы · 53 жол
Әй, Мәкәлай, Мәкәлай,
Асылдардың сынығы-ай
Патша болған бірталай!
Халқыңды көрмей тең бәрін,
Ойлашы осы, бұл қалай?
Көңіл шіркін көк дөнен,
Әркімнің жері – кең сарай,
Сен – шақпақ болғанда,
Мен – тұтанып кетер лампы май.
Қазақ тұрып сертіне,
Патша, тұрмадың антыңа-ай.
Дегенін істеп солардың,
Қырыла ма халқым-ай.
Тіріде жоқ жұмақты
Өлгеннен соң іздеме.
Сөзіме бүр құлақты,
Жердегі артық біз деме.
Осы айтқанға көнбесең,
Сызылатын қайтып келген қыз деме.
Жуастан шығар жуан-ды
Билікті еркін бермесең,
Намысты түптен қуам-ды,
Тәңіріме сыйынып,
Серттесіп белді буам-ды.
Жылай да жылай бұғынып,
Екі көзді су алды.
Бұл ісім қалмас аяқсыз,
Мерт кетсем, ерлер туар-ды,
Қанымен қылыш жуар-ды!
кебер сонда терлігім,
Дәлелденер ерлігім,
Арынын басар желдінің,
Толысар жетіп кемдігім,
Жетісер көктеп көбдігім,
Кем-кетікке күн туып,
Ақталар сонда ерлігім!
Бас-басына отау боп,
Көрінер сонда елдігім!
Ақ тоқаш болар үйілген,
Бал жемес үрер барағым.
Асау шықпас үйірден,
Еркелеу болар қарағым.
Домбыра сонда қолға алам
Алтындатқан шанағын.
Жыр төге мен де толғанам,
Ешкімнің бақпай қабағын.
Елім ел боп ұйлықса,
Жырдан маржан тағамын,
Жеткізсе Құдай сол күнге,
Сүйінші сұрап шабамын,
Теңдей көріп халқымды,
Ұстаймын берік салтымды,
Табылмасты табамын!