Әр сөзім қымбат пұлға алар
Сарышолақ Боранұлы · 44 жол
Тас үгілсе, құм болар,
Сайқалдан туған жалдабың
Соңға түсер сұм болар.
Аз күн тойса көбеңің,
Өз-өзінен пұлданар.
Күнің түссе сондайға,
Қарт бақсыдай жынданар.
Сөз тимеске тисе сөз,
Үлгілі бидей ырғалар.
Мүлтігің сел сәт көрінсе,
Ата жаудай сұрланар.
Қас әуейге сенсеңіз,
Алападан құр қалар.
Қарны тойса кей міскін,
Уәж еместі пұлға алар.
Жымысқы болса күзетің,
Тас қамал да ұрланар.
Серік болса нәсілсіз,
Адал арың былғанар.
Ұрыға сеніп мал берсең,
Өсекпен басың былғанар.
Сөз ұқпаста уәде жоқ,
Жылбысқы мұздай сырғанар.
Тексізден болса алғаның,
Тегіне тарта құл болар.
Қас шайпаудың белгісі –
Тұрлаусыз сөзбен сырланар.
Тыңдаушым, сөзді парықта,
Әр сөзім қымбат пұлға алар.
Байыппен барлай болжасаң,
Қол жетпейтін тұлға бар.
Бастауы таяз бұлақтар,
Шілде туса, құрғалар.
Парқы жақсы пішілсе,
Алынбастай сыңды алар.
Қисынды сөзге көңіл шат,
Орныменен іс қылсаң,
Қол қусыра пірге алар.
Әр істің бар кезегі,
Түбінде жырым тыңдалар.
Бабына түсіп сол сәттер,
Су жорғадай ырғалар.
Сөз ұғатын жандар бар,
Ретті жерде жырланар.