Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Азаттық еді аңсаған

Сарышолақ Боранұлы · 115 жол

Сәлем де артта қалған көбіме,
Қатар-құрбы теңіме,
Аңсаған шаршай сағына,
Шұрайлы мекен еліме.
Бұрыннан қалған сөз бар-ды,
Туғаныңнан жеріме.
Өз жеріңнен артылмас,
Қанша шықсаң өзгелердің төріне.
Болмашыдан баз кештік,
Жала тиіп еріме.
Әулие жерден безіндік,
Билік тиіп періге.
Оқшантайға қол салмай,
Қапылыс қылды шеріге.
Лайықсыз күн туды
Біз секілді серіге.
Жазғанда сұрау болар-ды
Босқа төккен теріме.
Келер күндер қайран-ды,
Өршеленіп құтыра,
Жауыздар салды ойранды.
Бұғынды деп ойлама,
Бір тигізем пайдамды.
Азаттық еді аңсарым,
Тап болған пәле қайдан-ды.
Күні туған сәтінде
Біз салармыз майданды.
Әзірге, сірә, шама кем,
Дұшпан сезіп айламды.
Сезгендіктің белгісі –

Ішімнен салды ойранды.
Бірді бірге айтақтап,
Көтермеді тойғанды.
Несібем солай ортайды,
Шемен көңіл есіріп,
Дұшпандарым марқайды.
Шынжырлап айдап асылды,
Бітіріп ісін шалқайды.
Жалаға күйіп өртендік,
Дуға қосып айқайды.
Назары төмен шерменде,
Қас асылдай қайқайды.
Осыларды көргенде,
Буынымнан әл тайды.
Қошеметші безінді,
Шіркіннің жүзі сұрқай-ды.
Ойында жоқ түйткіл,
Қарақшы болып қалқайды.
Сұрауы болар әріден,
Кімнің қорқам зәрінен.
Әр істің болар қисыны,
Қорқатын тағы қисын жоқ
Қоян естің кәрінен.
Ел болам десең біріккен,
Топтаспай тіпті болмас-ты,
Кез келген мәйегімді іріткен.
Ойраны батты ойсыздың
Тектілерді шіріткен.
Шеңгелін салды асылға,
Көргендер былай үріккен.
Қисыны тайып кебімнің,
Көз ашпадық бүліктен.

Шаң жұқпаған қас жүйрік
Қыл мойыннан іліккен.
Сөзге еріп түсінбес,
Ісін бүркеп былыққан.
Сорлаудың басы осы екен,
Сенсең де қанша үмітпен.
Зарланып қанша айтсам да,
Тыңдамады құлықпен,
Сорымыз, сірә, ашылмас,
Сіңір шығып жіліктен.
Зарланды деп ойлама,
Салыстырма тұнықпен.
Тұнығымды шайқады,
Ішіме кіріп әуелі,
Алды-артымды байқады.
Байқағанның белгісі –
Шалғынымды жайпады,
Сыр тартып іштей сыбыспен
Араға кіріп шайтаны.
Дос болып кіріп ішіме
Қаңғының бүлік қайқаңы,
Көрерімді көп қылды,
Артынан шығып сойқаны.
Тереңде жатты тамыры,
Таусылған соң айтары.
Әніміз болды жоқтаулы,
Кейінгілер төменшік,
Кірмелер ұқпай тоқтауды,
Төбелі бидей сұрақсыз,
Өзінше шығарды соттауды.
Түсінбедік дал болып,
Күнде қиқу шаң болып,

Сөз түсінбес оттаулы.
Ішім толып шерленіп,
Аш бөрідей сенделіп.
Назар-Шүрен паналап,
Қу домбыра өңгеріп,
Қасыма ерген айымның
Бірін мыңға теңгеріп,
Алысқа тарттық осылай,
Болмашыменен күн көріп,
Кешегі тілім сайраған
Кібіртікпен күрмеліп.
Әлі таппас біздейді,
Қисабы жетпес пұл беріп,
Адамы ала болған соң,
Заманы неше түрленіп.
Күнірене шер қозғап,
Болдық па неше боркемік.
Талайды бастан кешіріп,
Тірілдік талай «мың өліп».
Қырық жыл қырғын болса да,
Өлермін көресімді бір көріп!

Сарышолақ Боранұлы өлеңдері

Барлық 9 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері