Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай – Қази (1-бөлім)

Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 191 жол

Өткен заманда Мұса деген би болыпты. Мұса биден отыз
ұл қалады. Отыз ұлдың ішінде Мамай би болып ел билейді,
Орақ батыр болып, ел қорғайды. Мамай мен Орақ билік
пен батырлықты қатар жүргізіп, еліне өте қадірлі бола-
ды. Мұса бидің қалған балалары басы Қарабатыр, Тілеке,
Алшы, Смайыл, Тобаяқ дегендер болып бұларды күндейді.
Бұлар Орақтың алмас қылышын жасырып алып, түнде Орақ
жатқан үйдің есігіне көлденең құрып қойып, ауылды айнала
жылқыны қуып: «Жау келді! Аттан, Орақ аттан!» деп айқай са-
лады. Төсекте жатқан Орақ сыртқа жүгіре шығамын дегенде
есіктегі құрулы алмасқа ұшырап, жараланады. Осы жарадан
Орақ өледі.

Орақтың артында Қараүлек деген шешесі, бір аяғы ақсақ,
бір көзі соқыр қатыны, Қарасай, Қази деген екі баласы һәм
Қибат деген бір қызы қалады.

Қарасай, Қази жасынан-ақ батыр болып, атасының жаула-
рымен көп жауласып, Орақтың елін қайта меңгеріп алады.

Орақ ауырып жатқанда Ақмырза деген досының айтқаны:

Ебей басты құба үлек,
Сенен соң жүк көтерер түйе жоқ!
Айғыры өлген ақ байтал,
Сенен соң ат туарға бие жоқ!
Бұ сөзімде жүйе жоқ.
Ертеңнен кешке зарласам,
Есіркер бізді ие жоқ!
Арыстан сынды Ер Орақ,
Жатыр екен бүгіліп,
Әділ жаннан түңіліп.
Досыма жаман түс көріп,
Бір ұқсаусыз іс көріп,
Ертеңменен мен жазған,
Шыға да салдым жүгіріп.
Көтерсем басын тұрмайды,
Отырмын жаман түңіліп,
Жел жағымда желпілдеп,

Жапанға біткен бәйтерек,
Ортасынан шарт сынып,
Екі басқа көрінді.
Дұшпанға сенген қан жұтар,
Жазған, ақылың неден бүлінді?!
Қай жаманға тастайсың,
Орда, байтақ еліңді?!
Аңдып жүрген көп жаман,
Сындырған екен беліңді!
Қапылықпен кеттің бе,
Бір сермемей қолыңды!
Артыңа тастап барасың,
Алған бір жұпты тіліңді!
Қарасай мен Қазидай
Жас қалдырдың төліңді.
Тілесек бізге берер ме,
Бұ секілді өлімді!
Жарылқаса жасаған,
Шәйттің кеттің жолында!
Сарғайғанмен сарғайып,
Қиямат болмай көрмек жоқ
Қош-аман бол, жан досым,
Ұжмақтың болшы төрінде!

Орақтың қайырған жауабы:

Ақмырза, досым, келдің бе,
Орақты жатқан көрдің бе?
Мен сөйлейін, сен тыңда!
Зейініңді қой да тез тыңда!
Қос-қос орда, қос орда,
Қосылып қонбас менен соң.
Қоспақ өркеш нар түйе,
Бұрынғыдай қом бітіп,
Өркеш алмас менен соң.
Жарлылардың жаз аты,
Жалдана алмас менен соң.
Адырмақтың Алатау,
Баса жайлап, шет көшіп,

Ел қона алмас менен соң,
Былдыр-былдыр сөйлеген,
Адам тілін білмеген,
Басы шоқты қалмағың,
Аузы түкті кәуірің
Жан-жағыңды қамалап,
Қала салар менен соң.
Қара қазан, сары бала,
Үш Бұлдыртау, маң дала
Мұсылманды қуалап,
Қалмақ алар менен соң.
Әмір жазып, пешеттеп,
Мал-басыңды есептеп,
Біліп алып шеніңді!
Қыраж алар менен соң.
Тәртібіне көнбеген,
Малынан қыраж бермеген,
Қойдай шулап қоныстан,
Көтерілер менен соң.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ендей көшкен көп Ноғай,
Қарасынан жүргізбей,
Қалмақ алар менен соң.
Арыстан досың кеткен соң,
Байтақ та қалған көп халық,
Бұрынғыдай көшіп-қона алмас.
Артымда қалған көп жаман,
Ер Орақтай кек ала алмас.
Еділ-Жайық арасы,
Екі судың саласы
Байтақта қалған көп жұртқа,
Алдасы болғай панасы,
Қош, аман бол, жан досым,
Көкіректегі шыбын жан,
Кетер де білем шамасы!

Орақ өледі, ақ жуып, арулап көмеді. Артынан бір бөлек
күн өткен соң баяғы өлтірген Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр,
Тілеке
келіп,
жылап-сықтап
отырып,
бата

оқиды. Сонда Орақтың сексен беске келген Қараүлек деген
шешесінің Орақты жоқтап айтқаны:

Айдын да Орақ, ай да Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ,
Арғымақ атың азды, Орақ,
Байтақ жұртың тозды, Орақ,
Келер де болсаң жылдам кел,
Сексенге келген қарт анаң
Жылай да жылай жазды, Орақ.
Қарауыл қарап болар ма?
Қара өлең жеген атпенен?
Қарусыз жүріп болар ма,
Қалудай атасы басқа жатпенен?
Қоңқалаған көп жаман,
Орағымды өлтірдің
Долай да долай матпенен!
Қоғалы көлді жағалап,
Қалмақпенен қон енді,
Алшайып атқа мінген соң,
Орағымдай бол енді!
Хан Мұсадан жүлде алған,
Ағасы би Мамайдан үлгі алған,
Аждаһаның тынысын
Қолын салып барлаған,
Сөйткен менің Орағым,
Аюдай арқыраған Орағым,
Күндей күркіреген шырағым,
Кетіпті алыс сапарға!
Қоңқалаған көп жаман
Ере алмайтұғын қатарға!
Орағым менің бар болса
Атан тіркеп нар қылып,
Аруанаға жүк артып,
Ел жаңғыртып жатар ма?
Орағымды өлтірген
Алшы, Смайл, Тобаяқ,
Есімнен менің кетер ме?
Лашын, сұңқар – екі құс,

Екеуі бір ұяның құсы екен,
Құладын құстың құлы екен.
Күндердің күні болғанда
Құладынның көрдің бе,
Аспаннан қу төңкеріп ілгенін!
Аңдаймысың, жігіттер,
Ноғайлының мынау үстімнен
Ауыр әскер ертіп жүргенін,
Үстімнен жүрген дұшпанның
Езуін тартып күлгенін.
Қаршыға менен қарлығаш,
Екеуі бір ұяның құсы екен.
Күндердің күні болғанда
Көрдің бе екі басқа қонғанын!
Қарауыл басы қолбасым,
Жортуыл басы жолбарысым,
Ежелден сырлас мұңдасым,
Жау дегенде тынбасым!
Орағымды өлтірген
Қалу мен Сары оңбасын!
Әр кезде екі болмасын!
Ертеменен тұра алмай,
Белімді бекем буа алмай,
Беті-қолым жуа алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай,
Отырғанда мен сөйтіп,
Бата оқи да келдің бе,
Шыныңмен де, балам, ұялмай!

Бата оқи келген Алшы, Смайыл, Тобаяқ сөйлейді:

Ай, қарт ана, қарт ана,
Атамыз Мұса бидің ұлы едік,
Жаратқан бір тәңірдің құлы едік,
Жаны таза деген ханымның
Біріміз жүрегінің қасы едік,
Біріміз жүрегінің басы едік,
Біз Еділ үшін егестік,
Біз Жайық үшін жандастық.

Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері