Қарасай – Қази (3-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 189 жол
Қайрай берсең, шешеке-ау,
Оған да бармай тек жатпас,
Жауға бармай мен жатпан,
Жауға бармай тек жатсам,
Қарасай атым құрысын!
Ер Орақтың ұлы едім,
Осы еді менің туысым».
Қарасай жап-жас баладай,
Бала да болса данадай,
Қолына құрық алады-ай,
Жылқыға жүгіріп барады-ай.
Атамның аты досы деп,
Қабан құлақ қара аттың,
Мойнына құрақ салады-ай.
Сонда қара ат сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
«Айналайын Қарасай,
Асылың нұрдан жаралған,
Ер Орақтың баласы-ай,
Мені мінбе, Қарасай,
Мені мінсең, Қарасай,
Жау ішінде қаласың,
Неге десең, Қарасай,
Кешегі Орақ кеткен соң
Аузым сүтке тиген жоқ,
Арқам үйге кірген жоқ,
Жалшылар мінді жайдақтап,
Қойшылар мінді ойнақтап,
Мойнымда өкпе, бауыр, жалым жоқ,
Бұра тартар әлім жоқ,
Өзіңдей ерлер мінген жоқ,
Кәдірімді ешкім білген жоқ.
Мен кешегі Орақ барында
Құлын да емдім, тай да емдім,
Құнанымда арда емдім.
Дөненімде үйретті,
Мойнымда арқан сүйретті.
Бес жасыма келгенде
Белін түзеп алсын деп,
Онда да Орақ мінген жоқ,
Алты жасқа келгенде,
Азу тісін жарсын деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Жеті жасқа келгенде,
Аршынын түзеп алсын деп,
Мүшесін сыртқа салсын деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Сегіз жасқа келгенде,
Серке санды болсын деп,
Олқы жері толсын деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Тоғыз жасқа келгенде,
Сонда мені үйретті,
Мойныма жібектен арқан сүйретті.
Бауырымнан жаратты,
Маңдайымды жауға қаратты.
Тұяқтан ұшқан тозаңды
Жауған қардай боратты.
Желпілдетіп ту алды,
Ат болды деп қуанды.
Не сұрайсың, Қарасай,
Күндердің күні болғанда,
Көлдей тасқан көкірек,
Қайғыменен суалды!
Кешегі әкең Орақ мінгенде,
Алдымнан қара кетпеді,
Артымнан қара жетпеді.
Әкең Орақ өлерде,
Аманат жанын берерде,
Қожа, молда жиналып,
Дұға берме деп пе еді?
Айналайын Қарасай,
Енді мені сойсайшы,
Қара етіме тойсайшы,
Әкең Орақ жазғанға,
Жалғыз ат та көп пе еді?
Айналайын Қарасай,
Бұ сөзіме қансайшы,
Тілімді менің алсайшы.
Енді мені сойсайшы,
Қара етіме тойсайшы,
Басыма жалау байла да,
Орақпен бастас қойсайшы!».
Қарасай қабан құлақ қара атты сояды, әкесіне дұға береді.
Сонан соң жауға мінуге ат іздейді. Сол заманда қартайып от
басындағы құмалақты көсеумен қуалап отырған Ноғайлының
Көкше деген батыры бар екен. Көкшенің Көкбұйра деген аты
бар екен. Қарасай Көкшеден Көкбұйра атты саудалайды.
Көкше: «Атымды бір қызға беремін», – дейді. «Жаудан әкеліп
төрт қыз берейін», – дейді Қарасай. «Жаудан түскен қыздың
керегі жоқ. Алсаң, Орақтан қалған қарындасың Қибатты
беріп ал», – дейді Көкше. Көкшеден атты ала алмай қайтып
келіп, Қарасай шешесіне ақылдасады. Сонда шешесі айтады:
Атқа барып мін, – дейді,
Олай-бұлай жел, – дейді,
Ат жүрісін көр, – дейді,
Ат көңіліңе жараса,
Жалғыз қызым Қибатты
Жалғыз атқа бердім деп,
Айналайын, Қарасай,
Налыма оған сен, – дейді,
Айналайын Қарасай,
Асылың нұрдан жаралған,
Аруақты ердің баласы-ай,
Жараған атты алмасаң,
Жауға таман бармасаң,
Сыртымыздағы дұшпанның
Бізге көп-ті табасы-ай.
Қибат түгіл мені сат,
Ат көңіліңе жарасай-ай!
Атты барып алады,
Үстіне ерін салады,
Олай-бұлай шабады,
Ат жүрісін қарады,
Ат жүрісін көрген соң,
Ат көңіліне жарады.
Жараған соң көңіліне,
Қарындасы Қибатты,
Беремін деп алады,
Үстіне тоқым салған соң,
Арқасы кетті жазылып,
Жоны кетті қазылып.
Басын тартса ырғиды,
Мініп алса қарғиды,
Мінер атым осы деп,
Тәңірінің берген досы деп,
Көкбұйра атқа ер салды,
Ермен бірге жем салды.
Арқандап қойса, көкбұйра ат
Бұлан таудың басында
Өз-өзінен зең салды.
Енді Қарасай жауға кетпекші болады. Аттанарда Қарасайға
қарындасы Қибат келеді.
Ер-тоқымын салған соң,
Ат үстіне мінген соң,
Шын кетерін білген соң,
Талағы түскір қыз Қибат,
Сонда тұрып толғайды,
Толғағандай не дейді:
– Айналайын Қареке,
Не қылғаның, ағеке?
Өгей аға сен бе едің,
Қарындасың өгей мен бе едім?
Мен сенің бүйтеріңді білмедім.
Бүйтеріңді білгенде,
Кешегі кеткен әкеммен,
Бастасып неге өлмедім?!
Кешегі әкем кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Жалғыз тайға саттың ба?
Атың әйел демесең,
Мен екеуіңнен кем бе едім?
Әкелі қыз азар ма,
Күлтелі көйлек тозар ма?
Мен кешегі әкем барында,
Белім сұлу болсын деп,
Бешпентпенен қынаған,
Шашым майда болсын деп,
Сары майменен сылаған.
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Қибатың мұнда жылаған!
Ішімде шемен көп жатыр,
Әкем салған жол жатыр,
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Екі бөрің жеп жатыр.
Мініп алдым қараға,
Қарамен шаптым далаға,
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Екі де бөрің талады.
Жетім құлын емеген,
Қулық бие тебеген,
Оймауыттан ел көшсе,
Қос ордасы сол күнде
Алпыс нармен жөнеген.
Кешегі әкем өлерде,
Аманат жанын берерде,
Ұмыттың ба, ағеке?
Сонда саған не деген?
Қарындасы бұлай деген соң Қарасай аттан түседі де, атты
тастай беріп жауға қарай жаяу жүре береді. Сонда Қибат шы-
дай алмай Қарасайдың артынан келіп, атты беріп сөйлейді:
Айналайын Қареке,
Не қылғаның, ағеке?
Өгей аға сен бе едің,
Қарындасың өгей мен бе едім?
Сен томсарып кетпе, күліп кет,
Қалаған атың мініп кет,
Мен қыз болсам да ұлдаймын,
Кәдірімді біліп кет,