Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай – Қази (4-бөлім)

Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 158 жол

Айналайын Қареке,
Мен бір бата берейін,
Қолыңды жай, ағеке,
Әуелі құдай оңдасын,
Табаның тастан таймасын.
Маңдайың жаудан аумасын,
Күндердің күні болғанда,
Жалғыз тайға сатқаның,
Тек байлаулы басым болмасын.
Қарадан боздар өтер ме,
Қайрылмай дәурен кетер ме.
Күндердің күні болғанда,
Абысын, ажын бар болып,
Жалғыз тайға келдің деп,
Бетіме салық етер ме?
Бетіме салық еткен күн
Айтып бір сөзім өтер ме,
Есімнен менің кетер ме?!

Шешелерімен, туғандарымен амандасып Көкбұйра атқа
мініп, Қарасай кеткен қолды қуып жауға қарай жөнеледі.
Жолшыбай Қарасай Көкбұйра атқа бір сөз дейді:

Айналайын, Көкбұйра ат,
Сен де шықтың бұ жерге,
Мен де шықтым бұ жерге.
Елден шыққан екеуміз,
Аман-есен құдайым
Қосқай еді үйірге.
Айналайын, қызыл ат,
Жал-құйрығың ұзын ат,
Қибатқа алып мінген соң,
Кісінікі емес, біздің ат,
Айналайын Көкбұйра ат,
Шамаң келсе жылдамдат.

Көкбұйра ат сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:

Айналайын Қарасай,
Мінген атың мен болсам,
Менің ием сен болсаң,
Мені Қибатқа алып нетесің,
Бір тұлпардан кем болсам?

Бірінші көдер асады,
Аспанға тозаң шашады,
Екінші көдер асқанда,
Бұйраның бауыры сөгілді,
Үшінші көдер асқанда,
Қолтық еті бөлінді,
Төртінші көдер асқанда,
Аш қабыландай бүгілді.
Бесінші көдер асқанда,
Көрген адам түңілді,
Алтыншы көдер асқанда,
Теңгелдің терең суының
Ортасынан кез келді.
Екпініне шыдамай
Су арнадан қашады,
Қарасай жаман сасады.
Жетінші көдер асқанда,
Көзі кетті қызарып.
Тілі кетті ұзарып,
Аш қарсақтай бұлтарып,
Ор қояндай жалтарып,
Қырық күн бұрын кеткен әскердің
Соңынан қуып жетеді.
Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке,
Бұларға сәлем етеді.

«Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке,
Қарамай кеттің сен, бәлем,
Артыңнан келдім мен бала.
Оймауыттың ойында,

Қызыл көлдің бойында
Атам Орақ барында,
Атысып қалған тасы бар,
Бәстесіп қалған бәсі бар,
Сол тасқа барып
Атысалық, кел, бәлем».

Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке
Қарасайға ереді,
Құрсап жатқан көп қолды
Ертіп тасқа келеді.
Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке,
Тасты барып атады,
Шақыр-шұқыр етеді.
Оғы қайта шығып кетеді,
Қарасай барып атқанда,
Қаһарланып тартқанда,
Үй орнындай қара тас
Қақ жарылып кетеді,
Қарабатыр, Тілеке,
Алшы, Смайыл, Тобаяқ
Баланың көріп қайратын.
Өзінен-өзі қорынды,
Қайратынан жерінді.
Қарап тұрса, аттанған,
Қалмақтың қолы көрінді.
Қалмақтың қолын көрген соң,
Көп екенін білген соң,
Қайтуға беті бұрылды.

Жаудан қорқып Алшы, Смайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке
еліне қайтпақшы болады. Өздерінің қайтқанымен тұрмай
Қарасайға да қайт дейді.

«Ау, ағалар, ағалар!
Мен сөйлейін, сен тыңда,

Төсегіме төрт кісі,
Жастығыма бес кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Найзамның ұшы жүз кісі,
Мылтығыма мың кісі,
Садағыма сан кісі,
Қарабатыр, Тілеке,
Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Бесеуіңе бес қатын,
Бесеу ара бір кісі,
Енді қалды не кісі!
Қайтпаңыз көп, қайтпаңыз,
Деп Қарасай толғайды,
Әрі де бері қозғайды,
Қайтпаңыз деп айтса да
Оған әскер болмайды.
Аттанып келген көп әскер,
Алды-артыңа тарқайды.

Қарасайдың сөзін тыңдамайды. Алшы, Смайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке көп қолмен қайтып кетеді. Қолдың ішінде
Естерек ұлы Ер Тарғын бар екен. Қолдан бөлініп, Тарғын
Қарасайдың қасында қалады. Сонда Қарасай Тарғынға
сөйлейді.

– Ай, Тарғын-ау, ай, Тарғын,
Сөзімді тыңда сен, Тарғын!
Қырқадан қырқа көрінген
Қарағай ма екен, тал ма екен?
Қарағай басын қырқа ұшқан
Қаршыға ма екен, қаз ба екен?
Үйде туып, түзе өлген,
Жігітте арман бар ма екен?
Қалмақтың қолын көрдің бе?
Көп пе екен, бізден аз ба екен?
Сонда Тарғын сөйлейді:
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қалмақтың қолын мен көрдім,
Екі мың да жүз кісі,

Бір жағыма қарасам,
Тағы сондай бір кісі
Қалмақтың қолы көп екен,
Көп те болса, шөп екен!
Аруақты ердің баласы
Айнымай шапсаң сендердің,
Алуыңа дөп екен.
Айналайын Қарасай,
Сенің қосшың мен болсам,
Қалмақты жаулап аласың,
Табаныңа саласың,
Атыңды атқа сатамын
Қарасай деп атыңды атаған
Кешегі кеткен Орақтың
Тап өзінен кем болсаң.

Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері