Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай – Қази (5-бөлім)

Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 215 жол

Асудан-асу бел еді,
Аса бір соққан жел еді.
Қарасай сынды жас бала
Жауға жалғыз келеді,
Соңынан Тарғын ереді.
Әрі-бері жүрген соң,
Артынан шықты бір қара,
Қарасай мұны көреді,
Көріп көңілін бөледі.
Қарсы алдына қараса ,
Үйінде қалған інісі
Он бес жасар Қази сол еді.
Ағасын қуған артынан
Қази сынды жас бала
Жазыла алмай келеді.
Омырауын таңылған,
Ақ қолтық ат шабылған,
Шабысы желдей еседі,
Тұлпардың о да несі еді.
Ағасына келіп жетеді,
Келіп сәлем етеді,
Арманым жоқ өлсем деп,
Ағасымен тізгіндесіп кетеді.

Қарасай сондай сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Айналайын, Қазижан,
Оймауыттан ел көшер,
Азаматты тең көшер,
Азаматсыз кем көшер,
Неге келдің сен, Қази?
Жап-жас бала сен түгіл
Алдалап азар келем мен, Қази.
Қайт-сана, Қази қайт-сана,
Атыңның басын тарт-сана.
Әулиеге ат айтып,
Құрбандыққа мені айт-сана!
Сонда Қази сөйлейді:
Сөйлегенде бүй дейді:
– Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке,
Қайт десең де қайтпаймын,
Атымның басын тартпаймын.
Тәуекелсіз іс болмас,
Қорқуды жолдас етпеймін.
Қарадан боз да өтер ме,
Қайрылмай дәурен кетер ме?
Осыдан елге мен барып
Тоғыз қатын алсам да,
Тоқсан бала сүйсем де,
Ұяласым, жалғызым,
Екеуміздің бірігіп
Бір күн жүруімізге жетер ме?
Қарасай сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
– Айналайын, Қазижан,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Артыңда енді кім қалды,
Айналайын, жалғызым?
Жалғызым, сенен айрылсам,
Қуқыл тартар ақ жүзім.
Қайт-сана, Қази қайт-сана,

Атыңның басын тарт-сана!
Құшақтатшы етіңнен,
Бір сүйдірші бетіңнен,
Әлде көріп өлемін,
Әлде көрмей өлемін,
Тәңірінің ісі тәуекел,
Мен тәуекелмін келемін.

Ағасы қанша қайт деп өтінсе де, Қази қайтпайды. Осылай
сөйлесіп келе жатқанда бұлардың алдынан алты құлаш ала
атпен қалмақтың қарауыл қараған Бөріхан деген әрі батыры,
әрі ханы шығады. Бөріхан сөйлейді:

– Қарауыл келіп қарасам,
Қара айдарым тарасам,
Қарайып келіп күн батты,
Сарғайып келіп таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн астына қарасам,
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң астына қарасам,
Жасыл ала ту шықты.
Ат кейпіне қарасам,
Түсі қашып түн қатқан,
Ер кейпіне қарасам,
Асық ойнап, доп атқан,
Ертеңменен шешесі
Ұйқыдан азар оятқан,
Дана десем баласың,
Екі бірдей жас бала,
Не бұйымға жарарсың?
Қайда кетіп барасың?
Кеудем темір, бөксем тас,
Мені неғып аласың?
Қайт-сана, батыр, қайт-сана,
Атақсыз өліп қаласың!
Ат-жөніңді айт-сана.
Қайт десем қайтпайды,
Атының басын тартпайды.

Кеудем темір, бөксем тас,
Атсаң – оғың өтпейді,
Маған әлің жетпейді.

Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Атаңа нәлет айдын хан,
Мен сендей жапанда тұрып даурықпан.
Алла тағала демесе,
Біздерді алла жебесе,
Сыртыңнан тіліп аларға,.
Қара өгіздей даусың зор,
Кеудең темір, бөксең тас,
Тас болса да маған бор,
Қызығымды бүгін көр.
Көрген жерден кер шалып,
Түртті ме сені, бәлем, сор!
Әй, кәуір-ау, әй, кәуір,
Сөзімді тыңда, сен, кәуір!
Мен қас асылдан болармын,
Күркіресем күндей соғармын,
Күлсем жайма шуақ болармын.
Мен буырылша аттан мықтымын,
Бұғалық салсаң, үзермін,
Мен буыршыннан мықтымын,
Мұзға салсаң, мұңайман,
Мен толарсақтан қисықпын
Тезге салсаң, түзелмен,
Мен ашылмас қара тұманмын
Көлденең жатқан қара шұбар жыланмын.
Атым қара туыппын,
Сабындап жусаң, ағарман.
Мен қонаға шыққан бұлтпын.
Келе бір жаумай ашылман!
Мың болмақ түгіл, мың сан бол,
Бір соғыспай басылман!
Асылымды сұрасаң,
Мен қан жұқпайтын
Қара алмастан асылмын.

Мен беліме садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Қарсыласқан дұшпанға
Найзағайдай жасылмын.
Кеудеден кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Атамның атын жасырман.
Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін,
Мен де өзіңдей кең-дүрмін,
Мен өзіңнен де ер-дүрмін.
Атыссаң да, жеңдірмен,
Мен Мұсадан жүлде алған,
Ағасы би Мамайдан үлгі алған,
Түрікпеннен барып мал тапқан,
Қапелімде сөз тапқан,
Аждаһаның тынысын,
Қолын салып барлаған,
Тұлпар мініп, ту алған,
Туын қанға суарған,
Туғаннан туға таласқан,
Дулығалы басты көп кескен,
Мен айдынды Ер Орақтың ұлымын,
Жаратқан бір тәңірінің құлымын.
Мен тура қарап тұрармын,
Бір оғыңды салып ал,
Етімнің болат-жасығын,
Сынап та қалмақ танып ал!

Асудан асу бел еді,
Аса бір соққан жел еді,
Жасы үлкен ағам деп,
Ақсақалды бабам деп,
Әлгі келген қалмаққа
Қарасай кезек береді.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Суырып оғын алады,
Көкбұйра аттың басы деп,

Алтынды ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Кірісінен өткізіп,
Масағына жеткізіп,
Толықсып тұрған Қарасайды
Толғап бір қалмақ ұрады.
Зырқырап оғы кетеді,
Қарасайға жетеді,
Шақыр да шұқыр етеді,
Қайта шығып кетеді.
Қарасай сондай сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Атаңа нәлет, Бөріхан,
Атыссаң келші бері, хан,
Атар да жерің білмедің,
Көкбұйра аттың басына ат,
Қақ жүректің тұсына ат!
Сақалыңның ағы бар,
Ағалығың тағы бар,
Бір оғыңды тағы да ал,
Бір оғыңды тасқа жанып ал,
Қапыда қалсаң, ит шіркін,
Оғыңды тағы салып ал!
Бір атпады, екі атты,
Табанға қойып ширатты.
Зырқырап оғы кетеді,
Қарасайға жетеді,
Шақыр да шұқыр етеді,
Қайта шығып кетеді.
Қарасай сынды жас бала
Алла деді, ақырды,
Аруағын шақырды.
Уылжыған етімді
Ит әуре оғың етеді.
Атаңа нәлет, ит қалмақ,
Қатты бір тартсаң не етеді?
Етімді бір кеттің сыздырмай,
Аруағымды кеттің қыздырмай!
Алты атқа алған адырна,

Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері