Қарасай – Қази (6-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 123 жол
Ата алмасам – маған серт!
Атқанымда ұсынып,
Өте алмасаң – саған серт!
Шым жібектен ескен кірісі,
Үзіліп кетсең саған серт!
Кебеже қарын кең құрсақ,
Қой мойынды, қоян жақ,
Ұмтыла басқан Көкбұйра ат
Шіренгенде шыдамай,
Жығылып кетсең – саған серт!
Тигізбесем – маған серт!
Атайын деп Қарасай
Көтеріп оғын алғанда
Сонда Қази сөйлейді:
– Айналайын, Қареке,
Неғылғаның, ағеке,
Қал десең де қалмадым,
Бағана-ақ тіліңді алмадым,
Артыңда тұрып барладым,
Жау қызық екенін аңдадым.
Менен батыр сен емес,
Сенен де кем мен емес,
Тоқтатпайды сұм жүрек,
Артыңда жүрер ер емес,
Артыңнан келген Қазиға
Кезегіңді бермеген,
Сенің де мұның жол емес.
Қарасай сонда сөйлейді:
– Айналайын, Қазижан!
Жас түлеген көрінесің
Менің-дағы көзіме-ай,
Өлмесем сен де жетерсің,
Осындай жаудың кезіне-ай.
Осы жауды шабайын,
Берсейші менің өзіме-ай.
Сонда Қази сөйлейді:
– Айналайын Қареке,
Не қылғаның, ағеке?
Қал десең де қалмадым,
Бағана-ақ тіліңді алмадым.
Өгей аға сен бе едің?
Інің де өгей мен бе едім?
Мен сенің бүйтеріңді білмедім.
Бүйтеріңді білгенде,
Үйде жатып неге өлмедім?
Алдымды барлап ұрысып,
Қызығымды көрмедің.
Айналайын Қареке,
Не қылғаның, ағеке?
Бір тілеген тілегін
Ініңнің де бермедің.
– Жемісін таудың терейін,
Ат құйрығын өрейін.
Олай болса, қарағым,
Кезегімді берейін
Айналайын, ат, деді,
Айнымай тұрып тарт, деді.
Қази сонда қозғалды,
Қозы жауырынды қолға алды.
Атайын деп оңдалды.
Сыбанады білегін,
Тоқтатады жүрегін,
Суырып келіп алады,
Атасының бір оғын.
Алаша аттың басы деп,
Қалмақ ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлең жерің осы деп,
Толықсып тұрған қалмақты
Толғап Қази ұрады.
Екі атпады, бір атты,
Табанға салып ширатты,
Бөріхандай ханыңды
Алты құлаш ала аттан
Он бес жасар Қази құлатты.
Осылай сөйлесіп тұрған уақытта қалмақтың көп қолы келіп
қалған екен. Бөріханның жығылғанын көрген соң, көп қалмақ
бұларға жабыла қоя береді.
Толып жатқан көп қалмақ,
Атына өбшін жабады.
Әрі де бері кеңесіп,
Ақыл-айла табады,
Қарасай, Қази, Ер Тарғын,
Жерінде тұрған қамады.
Қамағанын көрген соң,
Қарасай мінген Көкбұйра ат
Шап айылын босатты,
Құйысқанын қысқартты,
Қаһарланып қамшыменен үш тартты.
Келді қалмақ, қаптады,
Қаптады да батпады.
Аруақты ердің баласын
Бір құдайым сақтады.
Жау таянып келген соң,
Үшеуі жауға шабады,
Ай бетінен кіреді,
Күн бетінен шығады.
Екі-үш күн айқай салады,
Қарасай, Қази жас бала
Ұйқыдан шаршап құлады.
Ұйқыдан түсіп қалғанын
Тонадан соқыр біледі,
Біледі де жылады,
Беті-қолын жуады,
Белін қынай буады.
Аюдай арқыраған Орақтың,
Күндей күркіреген шырақтың
Көріне жетіп келеді.
– Аюдай арқыраған Орағым,
Күндей күркіреген шырағым,
Аруағың болса, тұр, деді,
Балаңа туған бар, деді,
Аман-есен балаңды,
Өз қолыңа ал, деді,
Екі бірдей жас қарғаң,
Ауру-сауын біл, деді.
Аюдай арқыраған Орақтың,
Күндей күркіреген шырақтың,
Аруағы көрден шығады,
Атаңа нәлет, ит қатын
Екеуі неге кетті, деп,
Екеуінің біреуін
Жібермесең не етті, деп.