Қарасай – Қази (2-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 189 жол
Біз Қиғаш үшін қырылдық,
Біз Тептер үшін тебістік,
Біз таразы сайлап, оқ аттық,
Аюдай арқыраған Орақты,
Күндей күркіреген шырақты,
Семсер қылыш балдақты,
Түзу мылтық құндақты,
Қарағай найза сымбатты,
Күшіген жүнді көп оқты,
Қайрылмас алтын садақты,
Жараған бура қабақты,
Алғыр бүркіт тамақты,
Қас арыстан сымбатты,
Арыстан туған Орақтың
Біріміз еш қадірін білмедік,
Ақырда күндей де күнді жоғалттық.
Сонда шешесін жұбатып, Орақтың Қарасай деген баласы
сөйлейді:
Жылама, шеше, жылама,
Жыламай көңілің тына ма,
Мен балдағы алтын ақ берен,
Алып белге ілермін.
Атамнан қалған берендер,
Бек сауытын киермін.
Мен қабан құлақ қара атты,
Қатырып тұрып мінермін.
Мен көрмеген алаш жоқ,
Бәріне де тиермін.
Мен болаттан сарт-сұрт сынармын,
Дариядай аққан тұнармын.
Қалу менен Сарының
Басын кесіп алармын.
Ақ құрбанды шалармын,
Тап өзімдей қылармын,
Қалу менен Сарының,
Басын кесіп алмасам,
Ақ құрбанды шалмасам,
Тап өзімдей қылмасам,
Қарасай атым құрысын!
Ер Орақтың ұлы едім,
Осы еді менің туысым!
Сонда бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр Орақтың қатыны
сөйлейді:
Кешегі Орақ кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Бұлбұлдай соқыр сайраған.
Ауыздығын шайнаған,
Ары да бері қозғаған,
Қозғағанмен қоймаған,
Алғаны асыл болған соң,
Шыдамай соқыр толғаған.
Неғылып соқыр шыдасын,
Ер еді Орақ болмаған.
Тағы да соқыр толғайды,
Әдемілеп қозғайды:
Айдын да Орақ, ай да Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ,
Қаланың аузын қаңдатқан,
Қақпаның аузын шаңдатқан,
Едің күшті даңқты Орақ.
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың,
Артылдыра қамшы салмадың,
Алшаңдаттың мені Орақ,
Құланды қақтан қайырған,
Хандарды тақтай тайдырған,
Қарсыласып келгенде,
Қақ жүректен салдырған,
Қылышын қызыл қанға малдырған,
Қаланы алған сен, Орақ!
Мен жыламай қайтейін,
Айналайын Қарасай,
Соны да көрген мен бейбақ!
Қырқадан қырқа қараған,
Қырық шалғысын тараған,
Мың сан қолды талаған,
Бір өзін мыңға балаған.
Қалмақтан аққан қара қан
Көбіктей көріп жалаған.
Қалмақтың қара хандарын
Жаяу айдап сабаған,
Кешегі мен Орағым,
Болып өткен ер еді.
Айтулы ердің бірі еді.
Ел шетіне жау келсе,
Атын мініп сайланып,
Алмас қылыш байланып,
Мен барайын дер еді,
Қарсыласқан дұшпанды,
Қабыландай соғып жер еді.
Маңдайы күндей балқыған,
Көзі судай толқыған,
Иісі жұпар аңқыған,
Бір патшадай неме еді,
Өтіп кетті демесең,
Қай батырдан кем еді.
Орақ еді алғаным,
Алғанымнан қалғаным,
Атаңа нәлет демедің,
Атылдыра қамшы салмадың,
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың,
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Сары мойын серке мен болып,
Құрбаныңа шалмадың.
Тілімді айтсам алмадың,
Анасы мұның әйел деп,
Қайырып ақыл салмадың,
Ақылдасып қалмадым,
Сол жерде болды арманым!
Арманда өлдің алғаным,
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Мынау қабан құлақ қара атты,
Қатырып мініп шаппадым,
Ел қыдырып ізденіп,
Бір бағымшы таппадым,
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Сары мойын серке мен болып,
Өкпеммен неге қақпадым,
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Алланың берген түнінде,
Армансыз құшып жатпадым!
Орақтың жауы бар екен. Орақ жауына бармастан бұрын
өліп кеткен екен. Орақты өлтіргендер Орақтың жауын жаулап
аламыз деп, қол жинап аттаныпты.
Сол күнде Қарасай он жеті жасар екен. Жауға бар-
май үйде қалыпты. Жауға бармай үйде қалғанына аза-
ланып Қарасайды қайрап, жауға кеткен Алшы, Смайыл,
Тобаяқтарды «бес қатын» деп қорлап, шешесінің айтқаны:
Атқышылым, мергенім,
Шіленгерім, зергерім
Ілмей қалар ма екен күнінде,
Ұядағы көргенін?!
Отырған билер сардарым,
Алтын тақта хандарым!
Атаңа тартып тумадың,
Беліңе садақ бумадың,
Не болды саған балларым?
Тумағыр, балам, тумадың,
Беліңе садақ бумадың.
Бес қатын кетіп, сен қалдың,
Атаңның жолын қумадың.
Жауыңды жауға алдырдың,
Дауыңды дауға алдырдың,
Бес қатын кетіп, сен қалдың,
Атаңның жолын қумадың.
Жауыңды жауға алдырдың,
Дауыңды дауға алдырдың,
Жүзіңе қара салдырдың,
Әкеңнің жауын жаулаған,
Бес қатынға алдырдың!
Кешегі әкең барында,
Мынау қабан құлақ қара атты,
Мінуші еді салдыртып,
Жүруші еді жардыртып,
Бетіме неге қарайсың,
Жүзіңе қара шалдыртып,
Әкеңнің жауын жаулаған,
Бес қатынға алдыртып.
Айналайын Қарасай!
Мен саған жерік болғанда,
Аюдың етін жегіздің,
Жолбарыстың сүтін ішкіздің.
Екпініңнің қаттысы-ай,
Белден қарға аунаттың,
Онда да қоңыр күздей болмады,
Онда да мейірім қанбады,
Сөйтіп туған сен едің,
Сенің анаң мен едім,
Мен саған жерік болғанда,
Сегіз жылан жеп едім,
Сөйтіп туған сен едің.
Кешегі Орақ әкең өлгенде,
Орнын басар ма екен деп едім!
Балаларын қайрады,
Қарасайдың анасы-ай,
Қайырып жауап айтады,
Анасына баласы-ай:
«Алшы, Смайл, Тобаяқ,
Атам Орақ барында,
Жүруші еді таласа-ай!
Бес қатын жауға жете алмас,
Жетсе де қайрат ете алмас,
Тербетпе өлген әкем сүйегін,