Мұрат пен Ораз
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 78 жол
Ораз:
Мұратжан, бала сен бе едің,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Жасың үлкен аға деп,
Көрісіп сәлем бермедің.
Былтырғы жылдың күзінде,
Алдаберген мырза қасыңда
Рас па еді, Мұратжан,
Айтысам деп іздеп келгенің?
Көп ішінде тап беріп,
Не қылғаның, қарағым,
Ағаңды жеңіл көргенің?
Біздің мынау қара таздың ішінде
Төремұрат, Нарымбай,
Өтен деген ерлерім,
Ол ерлерімнің тұсында
Қазақты деңгел көрмедім.
Қолдан намыс бермедім,
Орыс деген жұртына,
Жемнің бойын алдырмай,
Жемге қала салдырмай,
Дін қылышын сермедім.
Қарабау мен Қаракөл,
Тайсойған – Бүйрек ішінде
Бұқпақтап көшкен берішке
Тола ма менің шеңгелім?
Мұрат:
Мұратжан бала мен едім,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Жасың үлкен аға деп,
Көрген соң сәлем бермедім.
Былтырғы жылдың күзінде
Алдаберген мырза қасымда
Рас еді, Ораз-ау,
Сізді бір іздеп келгенім.
Көп ішінде тап берсем,
Ағаға қорлық бергенім,
Ағаны жеңіл көргенім,
Жүйріктігіме сенгенім!
Шеркештегі Бәленей,
Ысықтағы Жылқышы,
Тап өзіңдей тақтақты
Талай да басып жеңгенім.
Хас ақылсыз болмасаң,
Ағасының артынан
Інісі өсіп ер жетсе,
Інісі кимес болар ма,
Ағаның қанды көйлегін?
Сіздің мынау қара таз ішінде
Төремұрат, Нарынбай,
Өтен деген ерлерің,
Соларыңның біреуін
Қолыңнан бар ма көмгенің?
Үш арыс Таздың баласы,
Соларыңның өлгенін,
Көзіңмен бар ма көргенің?
Төремұрат, Нарынбай –
Бақытсыз туған ерлерің.
Бақытсыз емей немене,
Ит қорлықпен өлгені?!
Ондай қашқын ұрыңды.
Мақтау да етіп келгенің –
Топ ішінде өлгенің.
Заманға қарай саз керек,
Бұ күндегі барыңыз
Дүйсәлі мен Қосымбай,
Соларды айтсаң келіс-ті.
Және айттың Берішті,
Беріштің ісі тегіс-ті.
Бұ Беріштің ерлері
Құлшар менен Кебіс-ті.
Ғұбырнатыр жандарал,
Әпитсер шенді орысқа
Қылышын шешпей көрісті,
Әнекей сондай ерлікті
Мақтау да етсең келісті!