Абақтыда айт күні
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 20 жол
Күзетшілер оятты ерте ақырып,
Шай алуға тұтқындарды шақырып.
Бейшаралар уқалай көзін жүгірді,
Тастаған ғой тізесін әбден батырып.
Шуласып жүр, айт құттықтап жиылып,
«Құтылсақ» деп іштерінен сиынып.
«Он екі айда бір келген шәриф айт күнін
Вткізбедік шадлықпен», — деп күйініп.
Ас қадірін қайдан білсін қарны тоқө
Бос адамда тұтқын үшін қайғы жоқ.
Қатын-бала, дос-жаранмен мәз болып,
Ойнап-күліп, сұхбатласып құрған топ.
Хафа мен офа екеуі де Алладан,
Мойынсынып міскіннің көбі зарлаған.
Шаттанайын десе дағы айт күні,
Беттерінде қан тамшысы қалмаған.
Асырайды шықпастай қылып шыбын жан,
Сөткесінде екі қадақ қара нан.
Көкшіл сорпа, ширек қадақ жасық ет,
Сорлы тұтқын бәйге атындай жараған.