Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қорқыт (1-бөлім)

Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 152 жол

Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде алаш елі мекен еткен.

Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн – ертегідей ерке күн ғой.
Өткен күн – ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой.

Өткен күн ертегімен таласқандай,
Уа, дүние, ол күндерде алаш қандай?!
Ой-қырдан орғып-қарғып еріккенде,
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай.

Сол күнде бір ер бопты алты алашта,
Қаны бір қалың елмен, жаны – басқа.
Елікпей ес білгелі еш нәрсеге,
Өзіндей үйірілмеген албырт жасқа.

Қорқыт деп қойған екен ердің атын,
Оңған ел ер деп атар азаматын.
Талайлар таңданыпты күнде көріп
Қорқыттың мінезінің тым-ақ жатын.

Қорқытқа ес білгелі бір ой түскен,
Айнымас сол ойымен күнде у ішкен.

Ой билеп, үйден, елден безіп кетіп,
Жұрт оны әуезі ғып жынды дескен.

Ежелден белгілі ғой көптің сыры,
Боласың, көптей болсаң, көптің ері.
Көпке егер ісің, ойың үйлеспесе,
Күмән жоқ, кім болсаң да соғар «пері».

Қорқыт та ерте атанды «пері соққан»,
Қорқыттың жан болмады жайын ұққан.
Ой екен қандай ғана Қорқытты улап,
Айырған дос, туыстан, елден, жұрттан?

Қорқыттың мынау ой ед есін алған,
Жанына ерте күннен жара салған:
«Топырақ боп ертең шіріп қалмақшымыз,
Өміріміз неге шолақ тәтті балдан?

Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек сөнбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін?

Бір кезде көл тасады құрымақ үшін,
Күні ертең гүл гүлденед солмақ үшін.
Біраз күн адам тұрады, өмір сүреді,
Құртқа жем, шіріп, сасып, болмақ үшін.

Сары суға қан берілген айналмаққа,
Ой менен тіл берілген байланбаққа,
Әлпештеп, ардақтаған денең шіріп,
Желменен топырақ боп айдалмаққа.

Көз ашып жұмғандай-ақ өмір шолақ,
Алдыңды көз ашсаң-ақ ажал қамап.
Өмірде мынау шолақ неге керек
От-үміт, ойын-күлкі, таудай талап?

Әлдекім адам деген ермек үшін,
Жүректе от ойнайды сөнбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін».

Қорқыттың жүйрік жанын жай тасындай
Жанышқан осы ойлар ед қорғасындай,
Паршалап тілім-тілім, ерте өртеп,
Кіршіксіз жас жүрегін көз жасындай.

Ой билеп, жап-жас Қорқыт елден безді,
Түгел ол ойын-күлкі, қойды сөзді.
Елікпей, үйірілмей еш нәрсеге,
Алтайдың алаптарын жалғыз кезді.

Алтайдың Қорқыт кезді алаптарын,
Ешкімге ұқтыра алмай жанның зарын,
Ата-ана, дос-туысқан бәрін тастап,
Талақ қып қара көзді қарақтарын.

От-адам отпен ойнап сынар бағын,
Жүйрік жан қажу білмес, қуар сағым.
Тағы боп, күңіреніп кезіп кетті,
Қорқыт та шешпек болды жан жұмбағын.

Аяңдап алдыменен тауға келді,
Асқарға: «Өмір не?» – деп сұрау берді.

Жаны – тас, жүрегі – тас тау не десін,
Өзінен: «Өмір не?» – деп сұрады енді.

Бұрылып таудан ақырын орман барды,
Оған да: «Өмір не?» – деп сұрау салды.
Ежелден ой білмеген меңіреу орман
Қақиып қарағайы аң-таң қалды.

Сұраса суға келіп: «Не, – деп, – өмір?»,
Беті құр соғылғаннан жыбыр-жыбыр.
Желге айтып еді, ол не деуші еді,
Басы жоқ, аяғы жоқ сыбыр-сыбыр.

Күн анау ешбір үнсіз алас ұрған,
Ай да бір – өгіз де бір аузын буған.
Қылмыңдап қар қатындай көзін қысқан
Жұлдыздар тазарта ма жүректі удан?!

Не керек, Қорқыт кезді тынып жатпай,
Ешбір зат тастамады зарын шақпай.
Көл мылқау, жері мылқау – бәрі мылқау,
Өртенді ер жұмбағына жауап таппай.

Түнерді бұрынғыдан Қорқыт бетер,
Есалаң ескен желдей өмір өтер.
Күмәнсіз өлеріңді біле тұрып,
Дүниеде талаптану, тұру бекер.

Көз ашып, өмір шолақ, жұмумен тең,
Тағы да өз өмірің соққандай сең.
Арандап қарсы алдында аузын ашқан
Жоқ па екен шыныменен ажалға ем?

Кім білед, өлмейтұғын ел бар шығар,
Кім білед, ажалға да ем бар шығар.
От-суы, топырағы қасиетті,
Кім білед, өлтірмейтін жер бар шығар.

Әуесі уланбаған өлімменен
Сөз де жоқ, өлу түгіл, «өлем» деген,
Адамзат таппаса егер ажалға айла,
Не қылмақ пайдасы жоқ білімменен?!–

Деп ойлап, қайырылмай ешбір затқа,
Ажалдан қашып шығып құтылмаққа,
Айрылып Алтайынан кетті Қорқыт,
Өлімнен аман-есен жер таппаққа.

Түзеді күншығысқа Қорқыт бетін,
Адамға жаяу, жалғыз жол тым шетін.
Арыды, ұшырасты сансыз жаумен,
Сонда да ол үзбеді еш үмітін.

Талса да тоқтамады, Қорқыт жүрді,
Бетпақ шөл өтті талай қырды, өрді.
Қажыған, қаны кепкен мезгілінде
Алыстан мұнарланған қара көрді.

Жапанда бір буалдыр қараңдаған,
Жасаған Қорқыт жанын тындырмаған...
Қараға жылдам басып жетіп келді,
Қорқытты қайғы басты түннен жаман.

Көзінен сорғалады жас бұлақтай,
Жапанда қағулы бір қара тақтай.

Тақтайдың түбінде бір қазулы көр,
Тастаған үңірейтіп, бетін жаппай.

Әлдекім жапан түзде бір көр қазған,
Басына тақтай қойып, сөздер жазған:
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен,
Мынау көр – сенің көрің, Қорқыт жазған!»

Мына сөзді оқып ол түн боп кетті,
Басқандай жүрегіне болды шоқты.
Көл болып көздің жасы төгілгенмен,
Заулаған баса ала ма ол жандағы өртті?!

Ой өсті, қалың өрттей уын шашты,
Ауыр ой қорғасындай жанды жанышты.
Қарсыдан қазылған көр шыққаннан соң,
Бұрылып Қорқыт кейін қадам басты.

Түзеді енді бетті батыс жаққа,
Қайғылы, қажу бар ма, ол бейбаққа?!
Жапанда жалғыз өзі күбірлейді,
Сөздерді тақтайдағы алған жатқа.

Апырым-ай, табылмас па ажалға айла,
Өмірден, табылмаса, қандай пайда?!
Жүрістен дене түгіл, жан шаршады,
Өлімнен аман ел мен жері қайда?

Бір жан жоқ қыбырлаған, дала, дала...
Келеді Қорқыт сорлы жаны жара.
Ай-жыл өтіп, ер әбден арыған шақ,
Алыстан бұлдырлайды тағы қара.

Мағжан Жұмабаев өлеңдері

Барлық 279 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері