Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тойбастар

Абыл Тілеуұлы · 36 жол

Əліпте жиырма тоғыз бірі – мим,
Білгенге өлең деген емес қиын.
Алқада қызыл тілді сайратайын,
Əлеумет, күнде болмас мұндай жиын.

Жарқыным, айттым өлең жиыныңда-ай,
Өлеңім тал құрықтың қиынындай.
Жел сөзді Тəңір берген не қылайын,
Өзгедей отыра алман тыйылып-ай.

Əркімнен пелде-пелде өтер заман,
Жүргенде жанұяда есен-аман,
Тойыңды біз басталық, риза бол,
Іркіліп, айта алмайды кейбір жаман.

Өлеңім айтсам тəтті шекер балдай,
Дем берсе, тіл мүдірмес, Жаббар Алла-ай.
Қарасам бедеріңе, əдемі екен,
Ен нудан кесіп алған құба талдай.

Қай жалған мына жалған, дүние жалған,
Дүниеден мынау пəни кімдер қалған?!
Сəтіне сəрсенбінің той жасапсың,
Тілекті қабыл еткей Жаббар Аллаң.

Дүние диірменнің бұрғысындай,
Барасыз сіз бір елге жыл құсындай.
Көркіңе көрген адам тояттаған,
Басыңның естуші едім бұлдысын-ай.

Бəрін де білуші едім əр нұсқаның,
Сыртыңнан сөз айтпаған дос, дұшпаның.
Салғанда таразыға тең құрбыңнан,
Артық-ты өзге қыздан қырық мысқалың.

Жылжыған көзді судың ағынындай,
Боз бұлттың жерге түскен сағымындай,
Отырсыз сіз бір елге ниет етіп,
Жас дəурен, шолақ болдың неғылып-ай?!

Жалт етіп көрінгендей алтын сырғаң,
Дүние қызыл түлкі асқан қырдан.
Жалғанның жылыстаған жылы сондай,
Əлеумет, аз да болса, болың риза.

Абыл Тілеуұлы өлеңдері

Барлық 27 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері