Естірту
Абыл Тілеуұлы · 59 жол
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың басына
Балапан ұшып шыға алмас.
Сұңқардан қыран құс болмас,
Соқтасы қатпай аң алмас.
Айдын, айдын, айдын көл,
Асарлап төксең, суалмас.
Қабырғасы қатқан кəрі боз
Қаржалған күні жүгіре алмас.
Алғыншы алсаң, аруды ал,
Артыңда жылап қалса, кім алмас.
Желбезекке жебе дарыса,
Өрге балық жүзе алмас.
Əркімдер жеткіншектен айрылса,
Жер таянбай тұра алмас.
Жез қанаты қайрылса,
Лашын тырна іле алмас.
Ер жолынан адасса,
Не боларын біле алмас,
Біле алмаспен тұра алмас,
Тең құрбының ішінде
Қасқая күліп жүре алмас.
Таудағы тарлан қарт марал
Таямын деп қайғы етсе,
Табандап басар қиядан.
Екі даугер келгенде,
Төресін əділ береді
Ақылға кəміл би адам.
Əспенттен биік қарағай,
Қарағай басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғы етер
Балапаным өлер деп
Мамығын төккен ұядан.
Қалыңда жүрген қасқалдақ
Қара құсқа жем болар,
Өртенсе көлдің қоғасы.
Қайраңда жатқан нəн балық
Шағала құсқа жем болар,
Су алса көлдің сағасы.
Арғымаққа тартқан ығыршық
Арқасына бекімес,
Үзілсе айыл тоғасы.
Атадан қалған ақ сауыт,
Шығыршығы шірісе,
Жегдедей болмас панасы.
Аруана түйе күңіренер,
Бауырынан өлсе баласы.
Ай тұтылды ұлысынан,
Күн тұтылды шығысынан.
Емен сапты болат найза
Сынды дейді ұңғысынан.
Тау құлады шынарынан,
Айырылып, шықты көзің, шырағыңнан,
Айрылдың Жиреншедей ділмарыңнан.
Көрсең – көзіңнің раушаны,
Көңіліңнің күш-қуаты,
Жүрегіңнің ол дидары,
Көзіңнің ол жанары,
Айрылдың əспеттеген перзентіңнен.