Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (5-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қарсы жетіп келгенде, Жаңбыршы ұлы Телағыс батыр сұрады:

—Екі бірдей баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Азығың жоқ, атың жоқ,
Беліңде қару затың жоқ.
Біз ноғай деген ел едік,
Ноғайлыдан бөлініп,
Шыққан өңкей ер едік.
Қозандайын қалмақтың
Жерін тапсақ деп едік.
«Мұсадайын хандардың
Орақ—Мамай баласын
Қозан ұстап алды-ау»,—деп,
Іздедік соның қаласын.
«Ноғаймыз» сонда дегенде,
Орақ жылап жіберді.
Мамай сөйлей бастады:
—Бәрің де үлкен ағалар,
Ақылға қамал даналар.
Жасың үлкен жақсы аға,
Қолдасалық кел,—деді,
Қолдарыңды бер,—деді.
Іздеген Орақ—Мамайың
Қаңғырып жүрген біз,—деді.
Батырлармен қолдасты,
Сонда Мамай сөйледі:
—Қозандайын Қалмақтың
Он екі қатар оры бар,
Ор ішінде жайнаған
Он екі қатар торы бар.
Он екі қатар жебе бар,
Болаттан қаққан шеге бар.
Сексен аршын қала бар,
Қалыңдығын сұрасаң,
Екі арба қабат жүргендей.
Жеті қабат тағы бар,
Дарбазасы бұл төрттен,
Төрт адам соны бағулы.
Күннің көзі батқасын,
Бекітіп есік жабулы.
Қаласын сондай бекітіп
Қозан залым алулы.
Төрт есіктің аузында
Төрт дарбаза бағулы.
Қарауылы ішінен
Сол қораның бағулы.
Бер жағында
Айдын шалқар көлі бар,
Оның ішінде
Мамыр қаз бен қуы бар,
Жағалай қалың нуы бар,
Аю менен пілі бар,
Қалмақтың сонда қоры бар,
Неше мықты зоры бар.
Біз балалық етпейік,
Елге қарай кетейік.
Ноғайға хабар етейік,
Көп әскерді қолға алып,
Қозанға сонда жетейік.
Мықтылығы осындай,
Келе ме жанның шамасы.
Жасың үлкен ағалар,
Өзің ойлап қарашы.
Сонда Орақ сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Асыл туған хан Мамай,
Айтасың қорқып сен,—деді,
Мынау тұрған қырық кісі—
Әрқайсысы мың кісілік ер,—деді,
Қорқамыз ба жаудан біз?—деді.
Қорықсаң, елге жүре бер,
Барып, хабар бере бер
Қатын менен балаға.
Қойшы менен түйеші,
Жаудың болса иесі,
Іздесең, тауып аларсың
Қатын менен баласын.
Қорықсаң, әскер аларсың,
Соларды бағып қарашы.
Асыл туған Ахмет—
Ер Айсаның баласы,
Астыңдағы Тарланды,
Ер болсаң, маған бер,—деді.
Белге буған көк алмас
Мен беліме салайын.
Қолыңда тұрған ақ сүңгі,
Үстіңде тұрған шарайна
Шешіп, батыр, бер,—деді.
Белге буған қорамса
Ер қасына ілейін.
Мықты, осалын қалмақтың
Енді барып білейін.
Жүре берсең сен елге,
Дулыға бер, киейін,
Ол қалмаққа тиейін.
Айсаның ұлы Ахмет
Артық туған ер еді,
Ақсүйек туған төре еді.
Үстіндегі шарайна,
Белде тұрған ақ балдақ
Шешіп алып, Орақтайын ерлердің
Алдына шешіп салады.
Орақ батыр ер еді,
Қорамсаны бергенде,
Ер қасына іледі.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Атқа мініп алады.
«Тәуекел!»—деп аттанып,
Жалғыз кетіп барады
Ол Қозанның еліне,
Өзінің көрген жеріне.
Ашылар бұл арасы,
Көрінбей кетті қарасы.
Жалғыз кетіп барады
Мұса ханның баласы.
Шыдай ма жылқы жауырға?
Шыдамайды екен ер бауырға,
Орақ жалғыз кеткесін,
Кешегі көрген жерлерге,
Артынан шығып жөнеді,
Суыт шығып хан Мамай.
Ашылды ердің арасы,
Енді ерлерге болды тамаша,
Артынан жүрді Ахмет—
Ер Айсаның баласы.
Онан соң жүрді ер Алау,
Ерлерге түсті бір қалау,
Қырымның қырық батыры
Бәрі бірдей жиналды.
Іркілмеді, япырай,
Орақ кетіп қалғасын,
Қозан тұрған қалаға.
«Қиындық түсіп қалар,—деп,
Орақтай туған балаға».
Ерлердің бәрі жапырды,
«Барайын,—деп,—Қозан салған қалаға».

Тағы оқыңыз