Орақ, Мамай (4-бөлім)
Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Қозан патша қасындағы отырған көп халықтан сұрады:—Мұның қайсысын «айтқыш» деп білеміз?—деп.
Сонда отырған көп жұмыла халық:—Біздің Берен шайыр айтқыш,—деді.—Жерді, суды қалай мақтайды?—деді.
Сонда Қозан хан айтты: «Біздің Берен шайыр айтқыш емес, мен дүниені жаратсам, өз қолымнан жасаттым, менің мұсылманға істеген қайратымды айтсын. «Ер» десең, мына тұрған Мұса ханның екі баласын айт. Мен «Аңшыбайдың тұқымынан адам ұстап әкеп беріңіз»,—дедім.
Екі балам өлгесін,
Бүлініп екі қалам қалғасын.
Бармапты қорқып қалаға,
Тап келгесін екі бірдей балаға.
Бұлар аз ғана ноғай ғой, қолынан түк келмейтін. Астына ат, жанына азық беріңіз, кетсін, жеріне барсын. Біздің қалмақ ноғайды, қайдан да болса да, іздеп табар,—деді Қозан патша. Сонда Орақ пен Мамайға, Бозұғлан патша—үшеуіне ат беріп, жеріне жіберетін болды. Сонда Орақ тұрып сөйлейді:
«Аз ғана ауыл» дедің бе,
Атаңа нәлет, қалмағым?!
Кәрленсем, хабар салармын
Қырық таңбалы Қырымға,
Он екі баулы Ұрымға.
Шамдансам хабар салармын
Шам шәрі мен Мысырға.
Және хабар салармын
Балықты мен Бадақшанға.
Кәрленсем, хабар салармын,
Хиуа мен көне Үргеніш—
Бәрінен де әскер алармын.
Талқандармын қалаңды,
Шулатармын балаңды,
Кетірермін, сөйтіп, шамаңды.
Осы сөзге жетермін,
Жалғыз қызың Қарахан
Мамайға қатын етермін?!
Осынымды етпесем,
Атадан туып не етермін,
Байдың қойын бағармын,
Есігінде отын жағармын,
Қапы қалма сен!—деді.
Бозұғлан менен ер Мамай—
Үшеуі шығып жөнеді.
Сонда үшеуі үш қонып, шыққасын,
Бозұғлан патша сөйледі:
—Асыл туған Мамай хан,
Бұл сөзіме құлақ сал.
Менің жерім—көне Үргеніш,
Хиуа шәрінің ханы едім.
Орға атым жығылып,
Ұстауда қалған жан едім.
Енді қашан келесің?
Қозанның салған қаласын
Екеуміз бірігіп көрейік
Бұл Қалмақтың шамасын.
Біздің елді сұрасаң,
Он екі күндік жер еді,
Келетін күнің кес,—деді.
Әскер жинап, сол күні
Келтірейін мен,—деді.
Сонда Мамай сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ай, Бозұғлан, Бозұғлан,
Халық ұстар хан,—деді,
Халқыңнан асқан сен,—деді.
Тірі болсаң дүниеде,
Үш айдан қалмай кел,—деді.
Сонда Бозұғлан патша:
Айтқан сөзің жөн,—деді,
Ақылың кең, мол,—деді.
Қияметтік екеуміз дос болайық,
Мамайым, қолың енді бер,—деді.
Сонда екеуі дос болып айырылады. Мұса ханның шәріне қарай қырық батыр жөнеді. Келіп Мұса ханнан сұрады:
—Халық ұстаған ханымыз,
Көпті көрген жанымыз,
Орақ пенен Мамай жоқ,
Екі бала бірдей қалай жоқ?
Көзімен ноғай көрген жоқ,
Қолынан ұстап көмген жоқ.
Аманатын сөйтіп берген жоқ,
Орақ, Мамай келген жоқ.
Сонда Мұса хан сөйледі:
—Қырымның байтақ ері еді,
Келесіз бе сен,—деді.
Жасы жеткен қартыңыз,
Елде болған біз,—деді.
Қозанның өлтіріп екі баласын,
Шапқыладым екі қаласын.
Жетпіске жасым толғанда,
Көзімнің нұры азайып,
Енді үлкендік болулы.
Шыға алмай тұрмын далаға,
Арзу болып мен тұрмын
Орақ пенен Мамайдай
Екі бірдей балаға.
Артық, асыл ерлерім,
Жиналған өңкей билерім,
Орақ пенен Мамайды
Қозан ұстап алғанда
Тар зынданға салғанда,
Көздері қатты жаудырап,
Зынданда жатып қалған-ды.
Қозанды іздеп барсаңыз,
Шығарарсыз екеуін,
Қозанның шәрін алсаңыз.
Бұрынғыдай әлім жоқ,
Көретұғын көзім жоқ,
Есептеп айтар сөзім жоқ.
Алыс болса, жетіңіз,
Басқа жерден іздемей,
Қозанды іздеп кетіңіз.
Керек болса бұл дүние,
Толып жатыр ол,—деді.
Азық-түлік керексе,
Біздің малдан ал,—деді,
Дүниеге қолың сал,—деді.
Орақ пенен Мамайдан
Аямаймын мен,—деді.
Барамын десең, ер,—деді,
Керегіңді ал,—деді.
Сонда Алау батыр сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Тілімді алсаң, батырлар,
Ханға көзді салмаңыз,
Бір тоқтысын алмаңыз.
Халықтан дүние алайық,
Қозанның шәріне
Енді барып қарайық,
Мұсадайын хандардың
Рас болар бұл сөзі.
Алыс-жақын болжамай
Қалатын болар бұл көзі.
Көп дұшпанды неғылсын
Жапанда жалғыз бұл өзі.
Баралық оған біз,—деді,
Көрдің бе, ерлер, сіз,—деді.
Алаудың айтқан сөзі «мақұл» деді:
Елінен азық алады,
Шабуылды салады.
Кетейін деп батырлар,
Шәріне Қозан жөнеді.
Орақ пен Мамай жеті күн
Ол Қозаннан шыққанда,
Алдынан батырлар келеді.