Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (2-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Жеті атадан ер еді,
Кек жібермей, арлаған.
Асылымның несін сұрадың?
Көк аланың көзімін,
Өшпенді жаудың өзімін.
Балалықтың зарпынан
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Қолыңа түстім жалаңаш.
Тап келді қалмақ балаға,
Бармады көрініп тұрған қалаға.
Қалмақ ата, сен,—деді,
Қолыңа келдім мен,—деді.

Сонда Қозан: «Енді бұл екеуін де зынданға апарып салыңыз»,— деді. «Қозанды шабам деп, Хиуаның ханы Бозұғлан деген патша аттанып келген екен. Сонда Бозұғланның аты орға жығылып, өзі қолға түсіп қалған екен. Апарып Бозұғланның үстіне екі баланы зынданға салған екен. Сонда «Орақ пен Мамай екеуі де зынданға түсті» деген хабарды Қозанның қызы Қарахан деген естіп, арзу болған екен. Күннің көзі батқасын, кісінің алды жатқасын, қасында қырық қызы, зындан аузына жүгіріп Қарахан сұлу барады. Зындан аузында отырып, Қарахан сұлуың сөйлей бастады:

Ораққа:—Мұнда кел,—деді,
Дидарыңды көрейін мен,—деді.
Бар болсаң, Мамай, сен,—деді,
Ортаға бері кел,—деді.

Сонда Мамай ортаға келіп сөйлей бастады:

—Қарахан сұлу сен,—деді,
Хан баласы болсаң да,
Ақылың сенің кем,—деді.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Қолға түстім тырдай жалаңаш.
Киейін десем, киім жоқ,
Сатайын десем, тиын жоқ,
Менен басқа қаріп жоқ.
Мені қайтып көресің,
Қараңғы тастай, жарық жоқ.

Сонда Қарахан қасындағы қыздарға бұйырды. «Жағатын шам әкел, киетін киім әкел, ішетін ас әкел, бір сағаттан қалдырмай, бәрін алып кел. Бар болса, шаһардан табыңыз»,—деді.

Сонда қыздар жүгірді,
Біреуі қалмай шұбырды.
Қарахандай сұлуың
Құдықтан кетпей, кідірді.
Құдыққа шамды салады,
Іші жарық болғасын,
Орақ пенен ер Мамай
Ортаға келіп қалады.
Жаурыны қақпақтай,
Шекесі еді тоқпақтай.
Көзі шамдай жайнаған,
Қарахан сұлу қарады.
Мамай сонда ол қызға
Қалай да болса, жарады.
Жағарына шам берді,
Жейтін нан берді,
Жамылуға киім берді,
«Келе алмаймын күндіз мен,—деді.
Керегіңді ойлап айта бер,
Мамай, сен,—деді.
Келе алмаймын қасыңа,
Егер күндіз мен келсем,
Береді қорлық басыма».
Бар жауабын айтады,
Айтып болып жауабын,
Қарахан сұлу енді
Үйіне қайтады.
Орақ пенен ер Мамай
Зынданда жатып қалады.

Бір күндері болғанда, бір қарлығаш келіп, сол зынданға ұялап, жұмыртқалайды. Сонда балапан қылып, өсіріп, ұшырып жібергенде, Орақ отырып жылады, жылап жүріп, жырлады:

—Біз келгенде жоқ еді,
Ақ жұмыртқа, сары уыз
Балапан ұшып, құс болды.
Жеті менен сегізде
Мынадай заман тұс болды.
Мұсылманда бар ма екен
Мұндай болып зарыққан?!
Құбыладан жел шығып,
Естілер ме екен дауысым
Елдегі ата-анаға,
Іні менен ағаға,
Қатар жүрген жеңгеге!
Есім кетіп мен деген,
Енді неміз қалды өлмеген,
Қорлық бар ма мұнан басқа көрмеген?!
Сонда Мамай сөйлейді:
—Асыл туған Орағым,
Жылама енді, қарағым.
Жорға таңдап мінерміз,
Торқа таңдап киерміз,
Аға менен жеңгенің
Алдында ойнап-күлерміз.
«Орақ—Мамай» атанып,
Ел ішінде жүрерміз.

Тағы оқыңыз