Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (7-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Танысайын сенімен,
Жаның ашып бұл тұрса,
Ат—жарағың бер,—деді,
Ат—жарағым бермеймін,
Қанша айтсаң да сен,—деді.
Дәмең болса бұл, қалмақ,
Берегірек кел,—деді.
Қарсы келіп екеуі,
Жағаласып алысты.
Ұстап қолмен қалысты,
Жеті күндей жағаласып,
Ат үстінде салысты.
Сол уақыттар болғанда,
Күрең жорға атымен
Мамай шыға салады,
Жақындап тұрып қалады.
Келе тұра хан Мамай,
Атынан түсіп сөйледі:
—Асыл туған Орағым,
Шаршадың ба, жас бала,
Кезегіңді маған бер,
Айналайын, қарағым.
Сонда Орақ сөйледі:
—Тыңдамаймын, Мамай, сөзіңді,
Жау қасында сөйлеме,
Өлтіремін өзіңді,
Тыңдамаймын мен,—деді,
Мазамды алма сен,—деді.
Енді кетсең далаға,
Көрінбе менің көзіме.
Сонда Өгіз хан сөйледі:
—Орақ пенен Мамайсың,
Екі бірдей ноғайсың,
Екеуің де қолайсың,
Екеуің бірдей кел,—деді,
Екеуіңді білмеймін,
Қанша айтсаң да сен,—деді,
Болмаймын сізге тең—деді.
Сонда Мамай кейін қайтады,
Орақ тұрып бірауыз сөз айтады:
—Алланың шері Аршылан,
Кәпірден қорлық көрсетпей,
Маған жәрдем бер,—деді,
Шақырамын ер,—деді.
Баба түкті шашты Әзіз
Қасиеті бар едің,
Керемет мықты ер едің.
Тарықтым енді мен,—деді,
Жәрдем бер енді сен,—деді.
Сонда Өгіз хан тұрып сөйледі:
—Енді сорлы сен келдің
Өлетұғын жерге енді.
Енді алам басыңды,
Қысқартамын жасыңды.
Енді ойғаным көзінді,
Өлтіргенім өзіңді.
Өгіз хан сөйлеп тұрғанда,
Күншығыстан көреді,
Құйындай шыққан шаң сонда.
Шаң астына қараса,
Қыбырлап келе жатқан жан көрді.
Сол бір шаңның астында
Айдаһар жыландай жан көрді.
Орақты жерге ұшырып,
Ол айдаһар бұл жылан
Келді де, бұл Орақтың
Беліне жылан оралды.
Өгіз хандай қалмағың
Жыланды көзі көргесін,
Есі кетіп, қалады,
Зәресі кетіп, танады.
Өгіз хандай қалмақты
Керіктен жұлып алады,
Қояндайын өкіртіп,
Қалмақты сонда шалады.
Өгіз ханды шалғасын,
«Алла!»—деп Орақ ақырды,
Сонда артындағы қырық батырдың
Біреуі қалмай жапырды.
Сонда қалмақтар сасады,
Өгіз хан өліп қалғасын,
Жапыра қалмақ қашады.
Оларды басып асады,
Әруағы тасады.
Жетпіс мыңдай қалмақтың
Отыз мыңын өлтіріп,
Қырығын таудан қуады,
Болмады ерлер арманды.
Таудан құлап бармады,
«Таудан құлап, не етеміз,
Өгіз ханды өлтіріп,
Енді елге кетеміз».
Ертіп алып жөнелді
Өңкей батыр ноғайды.
Елге қайтып келеді,
Елге жуық келгесін,
Алдынан хабар шыққасын,
Қарсы шықты әкесі,
Көрейін деп баласын,
Мұса хандай ханымыз,
Алдынан шығып ер Алау,
Ханға келіп сөйледі:
—Халық ұстаған ханымыз,
Асылы туған жанымыз.
Келе жатыр саламат
Бұл күнде сіздің балаңыз.
Сабыр етіп аз ғана,
Патша, тұрып қараңыз.
Көргесін сіздерді
Ілгері барып көрсет деп,
Жіберді ерлер біздерді.
Сол уақыт болғанда
Келіп қалды баласы.
Анасына сөйледі
Сонда Мамай баласы:
—Асыл туған анамыз,
Қозан ханды өлтірдік,
Өгіз ханды тағы өлтірдік,
Оның да көріп шамасын.
Қалмақтың алдық, аттанып,
Екі бірдей қаласын.
Жасың үлкен жан баба,
Сағынып келдік біз,—деді,
Қолыңды бер сіз,—деді.
Ара ашыңыз, әлеумет,
Көрсін,—деді,—әкеміз
Біздей сағынып жүрген баласын.

Ноғайлар тұрып жолды ашады,
Орақ пенен ер Мамай
Әкесімен қолдасты.
Артық туған ер еді,
Сағынып келген ерлердің
Төбелесіп алған
Жері осы еді.

Тағы оқыңыз