Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (6-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Қозан биікте адамы қарауылда тұрған екен. Төмен түсіп, еліне хабар берді. «Бір қара келе жатыр. Жақындап келгенде, дарбазаны ашыңдар. Соған ұстап жабыңыз. Көп кешікпей-ақ зынданға салыңыз»,—деді Қозан патша.

Он екі қатар қазған ор
Ат қарғытып өтеді.
Он екі қатар жебесін
Атып, талқан етеді.
Дарбазаны ашады,
Есіктен қарап ер Орақ,
Ішке кіріп барады.
Дарбаза мен жебесін
Бәрін бірден шабады.
Есік бекіп қалады,
Қозанға сонда
Орақ тұрып барады.
Қозан жоғарыдан
Төмен түсіп қалады.
Қозан келген кезінде
Орақ сөйлей береді:
—Кешегі кеткен Орағың
Ордаңа келдім мен,—деді.

Сонда Орақ ішіне кірсе, төрт дарбаза бар екен. Төртеуінде төрт адам тұр екен. Төртеуін де Орақ өлтірді. Сонда Орақ Қозанға сөйлейді:

—Қапы қалма сен,—деді,
Орақтайын батырың [мен],—деді.
Ордаңа сенің мен келдім,
Қаһарың болса, берегірек кел,—деді.
Орақ сонда тебінді,
Жалмауыздай емінді.
Сонда Қозан шалады,
Орақ тұрып қалады.
Беліндегі алтын алмасты
Орақ суырып алады.
Жақындап ер барғасын,
Алмасты тұрып сермеді.
Сермеген алмас қойсын ба,
Бір бұтадай көрмеді.
Басы қалды домалап,
Оқты қалмақ боратты,
Өңкей қалмақ сабалап.
Ол қаланың ішінде
Орақ соғыс салады.
Артындағы көп кісі
Ол да келіп қалады.
Он сегіз күн ұрысты,
Қаланың іші қанға толады,
Қырылған адам мың талай
Сол соғыста болады.
Он сегіз күн соғысты,
Ішті Орақ алады.
Сырттағы жаудың ішінде
Айсаның ұлы Ахмет
Ұнғысынан омырып,
Алпыс балта сындырды,
Сырттағы жауды Ахмет тындырды.
Іштегіні Орақ алады,
Көп соғыс болып қалады.
Он сегіз күн өткенде,
Жиырма күнге жеткенде,
Қоймай жесір алады,
Қалмақтың алып қаласын,
Шулатты, сөйтіп, баласын,
Көрді сөйтіп шамасын.
Елге жесір жинатып,
Көктөрткілдің басына шығып,
«Кім келеді?»—деп қарады.
Көктөрткілдің басында
Тұрып Орақ толғады:
—Бес кісіні жіберіп,
Қалмақты қойдай айда,—деп,
Елге айдап жет,—деді,
Бастап осыны кет,—деді.
Көктөрткілдің басында
Тұрып Орақ толғады:
—Алланың шері—Аршылан,
Ол да бізге тең емес,
Ол біздей туған ер емес.
Сегіз жасқа келгенде,
Дұшпанға көз салған.
Ол жесірді кәпірден
Аршылан да алған жоқ.
Жасым сегізге келгенде
Қозанның алдым қаласын,
Білдім қалмақ шамасын.
Енді біз шықпаған тау бар ма?
Біз алатын жау бар ма?
Алыс болса, кетелік,
Жау болса, қайрат етелік.
Артымызға жау тастап,
Неге елге кетелік?!
Сонда Ахмет сөйледі:
—Қашық жерде жаулар бар,
Жүдә биік таулар бар.
Өгіз тау деген тауларда
Өгіз хандай хандар бар.
Жылқы хайуан көтереді,
Мінгені болар керегі.
Оған талай ноғай барып жүр,
Барғаны өліп қалып жүр.
Барған жанға болмады,
Барғаны бір де қайтпады.
Қалмақтың мықты зоры еді,
Алдырмайтын қалмақ сол еді.
Артық туған Ер Орақ
Алланың шері—ер Аршылан,
Ол емес жанға тең,—деді,
Асылық айтпа сен,—деді.
—Қалмаққа бармай қайтпан,—деп,
Орақ батыр Төрткөлден жөнеді.
«Жіберіп жалғыз болмас»,—деп,
Отыз бес кісі ереді,
Бәрі де зулап қалмаққа жөнеді.
«Орақ—Мамай бас болып,
Келе жатыр»,—дегесін,
Жетпіс мың кісі әскермен
Өгіз хан қалмақ жиылды.
Неше күндей жол жүрді,
Арасы қашық сол жер-ді.
Бір күндері болғанда,
Қалмақтың көрінді қарасы,
Жақындады шамасы.
Аз да болса келісі,
Жасқанбай-ақ ерлердің шамасы.
Жекпе-жектеп шыққанда,
Тарлан атпен жөнеді.
Орақ батыр қарады,
Орақ жетіп келгенде,
Өгіз хан тұрып сөйледі:
—Өзің бір жас баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Менің атым—Өгіз хан,
Ойласаң, ноғай, сен,—деді.
Жап-жас қана баласың,
Жаным ашып, айтамын,
Ат-жарағың бер,—деді.
«Өлмеймін»,—деп ойлама,
Меніменен ойнама.
Мініп жүрмін бір керік,
Маған болған емес,
Сірә, бұл бала серік,
Қаласың ғой, сорлы, сен өліп.
Сонда Орақ батыр сөйледі:
—Атаңа нәлет, қалмағым,
Жеңіл емес еді сенен салмағым.
Ежелден қалмақтың басы еді ғой
Менің кесіп алғаным.

Тағы оқыңыз