Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ, Мамай (3-бөлім)

Орақ-Мамай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Мамай осы сөзді айтып болғанда, қасынан бір шал кетіп бара жатып, айнала тұра қалып, құлақ салып тыңдады.

Жасы үлкен шал еді,
Қозандайын патшаға
Қадірлі жүрген жан еді,
Қайта барды патшаға.
—Орақ пен Мамайдың
Сөзі жақсы бұзық,—деп,
Жауаптары қызық,—деп.
Мамайдың сазын естіп
Қалдым мен,—деді.
Алдыңызға алдырып, тақсыр,
Соны естіп көріңіз,—дейді.
Сонда Қозан патша сөйледі:
—Мамайға сен бар,—деді,
Біздің Берен шайырмен
Айтысар ма екен ол?—деді.
Егер Берен шайырмен
Айтысып, жеңсе, екеуін
Жіберелік еліне,—деді,
Егер Берен шайырды жеңсе.

Егер Берен шайырды жеңбесе, өлтіріп, жоқ етейік. Құр зынданды ластатқанша, өлтіріп, жоқ қылайық,—деді. Сонда әлгі шал келіп, Мамайды шақырды. «Біздің Берен шайыр бар, сонымен сен айтысасың»,—деді. Сонда Мамай тұрып: «Берен шайыр емес, Қозанның өзімен де айтысуға қорықпаймын, бірақ мен жолдасымды тастап кеткен жан емеспін. Бұл зынданнан шықсам, жолдасымды бірге алып кетемін. Бар, Қозанға айт»,— деді.—Мен жолдасымды тастап кеткен тұқым емеспін». Сонда шал Қозанға келіп айтады. Қозан: «Мамай бір кісі түгіл, мың кісі ертіп кетсе де, ықтияры»,—деді. Сонда Берен шайырға хабар жібереді: «Келіп жатқан ноғаймен айтысасың»,—деп. Сонда Берен шайыр жылжыған жорғамен пар жегіп, арбаменен, қасына жүз қыз, жүз жігіт, жүз келіншек—үш жүз кісімен Қозан патшаның ордасына келіп түсті. Орақ пен Мамайдың екі қолын байлап келді.

Жап-жалаңаш айдап келді,
Бозұғлан патша еріп келді.
Алтын жыға басында,
Баланың келді қасында.
Сонда Берен шайыр сөйлей бастайды
Екі бірдей ноғайға:
—Ноғайлы келді оңайға,
Өлетұғын қолайға.
Шығарма, ноғай, үніңді,
Кесермін сенің тіліңді,
Жұлармын сенің шашынды,
Қысқартармын жасыңды.
Біздің Қозан патшаның
Он екі қатар оры бар,
Он екі ордың ішінде
Жаюлы жатқан торы бар.
Бер жағында жебесі,
Болаттан қаққан шегесі.
Ақылсыз ноғай, қарашы.
Келер ме жанның шамасы?!
Отыз аршын қаласы.
Екі арба қабат жүргендей,
Қалыңдығын қарашы.
Төрт дарбаза салулы—
Қақпасы оның темірден.
Талай ноғай қаңғырып,
Жер ортада қалулы.
Айдын шалқар көлі бар,
Көл ішіне қарасаң,
Мамыр қаз бен қуы бар,
Жағалай қалың нуы бар.
Қалың нудың ішінде
Аю менен пілі бар.
Қалмақтың мұнда қоры бар,
Қолға түскен ноғайдың
Маңдайының соры бар.
Дорба салып мойныңа,
Жерден тезек аларсың,
Серке, тана бағарсың,
Есікте отын жағарсың,
Сөйтіп, өлмей қаларсың.
Білесің бе, сен ноғай,
Қаңғырып келген шамасын,
Ат артына мініп келген баласың.
Ақылың жоқ сор маңдай
Меніменен айтысып,
Не қылып атақ аларсың?!
Сонда Мамай сөйлейді:
«Балам-балам» дей берме,
Сенің балаң мен емес,
Менің әкем сен емес.
Ер жігіт тая шала ма,
Желге кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қарындас, халық қамы үшін!
Атам еді Аңшыбай
Егескен жерден кек алған,
Кеудедегі жанымыз.
Құттықия—бегіміз,
Едіге сұлтан—еріміз.
Қашаннан еді сен, қалмақ—
Келе жатқан шайнап жеміміз.
Бергі атам—Нұрадын,
Нұрадын ұлы—Мұса хан.
Мұса хандай әкеміз
Қозанның шапқан екі қаласын,
Өлтіріп еді Қозанның
Оспан, Қосым баласын,
Мықты болсаң, қайда едің?!
Ала алмадың кегіңді,
Тыңда менің кебімді.
Он екі қатар қазған ор,
Ат қарғытсам, өтермін.
Он екі қатар жебеңді,
Атсам, талқан етермін.
Суалтармын айдын-көліңді,
Ішінен ұстап алармын
Мамыр қаз бен қуыңды.
От жіберсем, өртермін
Жағалай шыққан нуыңды.
Қолыммен ұстап алармын
Аю менен піліңді.
Ат-жарағым бар еді,
Қырар едім өзіңді,
Тыңдар едім айтқан сөзіңді.
Асық ойнап жүр едім
Балалықпен далада.
Қорыққаннан бармады
Аттанған әскер қалаға.
Қолыңнан келсе, аяма,
Жасқанып бала қала ма?!
Асылы сонда ер еді,
Қыран құстай шарлаған.
Сен секілді қалмақтың
Талайын алып, қорлаған.
Балалықпенен, не етейін,
Ондай заман болмаған.
Мен—ақ сұңқар құстың баласы,
Қанатын қақпай қу алған.
Мен қаһарланып ұмтылсам,
Тасыған дария суалған.

Тағы оқыңыз