Көкшенің ұлы Ер Қосай (2-бөлім)
Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сол ойлағанда «ханға барайын, ер, билерін жинасып, ханына хабар салайын» деп ханға келіп:
—Жатырмысың, сен,—деді,
Келдім саған мен,—деді.
Ол Қырымнан іздеген
Мен ноғайдың ері,—деді.
Атам атын сұрасаң,
Көкше батыр атанған
Ноғайлыдан асқан ер,—деді.
Менің атым—Ер Қосай,
Келгенім сізге тап осы,
Келдім саған мен,—деді.
Еліңді жишы, ханымыз,
Ұрысамын десең сен,—деді.
Батыр мен жина бектерің,
Үш күн бердім мұрсатты.
Үш күннен егер сен қалсаң,
Салайын саған ойынды.
Көп әскерімен Серек батыр қызылбасқа кеткен екен. Орнында Есен ханы қалады. Ол халқын жинайды. Есен хан үш жүз кісімен Қосайға келіп сөйледі:
—Келгеннен соң сен,—деді,
Үш жүз кісі әскермен
Білейін деп шамаңды,
Аттанып келдім мен,—деді.
Асылыңды айтшы сен,—деді,
Тезінен жауап бер,—деді.
Сонда Қосай сөйледі:
—Асылымды сұрасаң,
Дін-мұсылман ел,—деді.
Асылды бергі сұрасаң,
Қырық сан Қырым елінде
Ноғай деген ел,—деді.
Әкем аты—Ер Көкше,
Ер Көкшенің барында
Қыл жалаулы сен қалмақ,
Болғансың сондай жем,—деді.
Менің атым—Ер Қосай,
Емеспін саған тең,—деді.
Дәмең болса, сен қалмақ,
Жекпе-жекке кел,—деді.
Сонда қалмақ жапырды,
Аққан судай сапырды.
Жекпе-жекке келмей-ақ,
Сонда Қосай ақырды.
Қалмаққа салды ойынды,
Үш жүз кісі кәпірдің
Шығаруға тойыңды.
Үш күн салып жағалас,
Қалмақтың көбін қашырды,
Қуып қырдан асырды.
Жесір-жетім көп алды,
Ірі ерлер өлген соң,
Қуып жолға мал салды.
Оның кеткен шағында,
Артынан оның бір кемпір
Қолында бар орағы
Қалды келіп жақынға,
Келе салып ол кемпір:
—Қосай батыр ер,—деді,
Малды иесіз деймісің!
Иесі келер оның да,
Сауындығымды бер,—деді.
Қосай артық ер еді,
Отыз құлынды бие босатып,
Ол кемпірге береді.
Сөйтіп, Қосай жөнеді,
Неше күндей жол жүріп,
Еліне қайтып келеді.
Қосай ілгері озып жөнеді, құлдарға «сендер кейін келерсіңдер» деп мынаны айтты:
—Алдыңызда алты ақ үй тұрар, соның биесінің желісін ағытып, өздерің жылқыны қуып келің. Егер алты адам шықса, ұрып жығыңдар,—деді.
Қосай шабумен отырып келсе, төбенің басында Сарыбай отыр екен, соған келді. Сонда Сарыбай:
—Қайдан келе жатқан адамсың?—деп сұрады. Сонда тұрып ол адам:
—Мен кешегі Ер Қосайдың жорығына кетіп едім, шіркін ер екен, ер де болса өлді-ау,—деді. Сарыбай:
—Өлсе жатсын, менің қызымды аламын деп әбден мазамды алып еді,—деді. Сонда Қосай қымыз ішейін деп Сарыбайдың үйіне келді. Сонда Қарабек сұлу тұрып, аяққа қымыз құйды, әуелі әкесіне құйып берді, онан соң шешесіне құйып берді, ол екеуіне де толы аяқ берді. Сонан соң Қосайға орта аяқ құйып берді. Сонда Қосай Қарабекке сөйлей бастады:
—Әкеңе бердің толы аяқ,
Шешеңе бердің толы аяқ,
Маған бердің орта аяқ.
Күндердің күні болғанда,
Шекеңе тиер тал-таяқ.
Сонда қыз сөйледі:
—Әкеме берсем толы аяқ,
Әкем малдың иесі,
Шешем қара сабаның иесі.
Саған берсем толы аяқ,
Ұрар астың киесі.