Көкшенің ұлы Ер Қосай (3-бөлім)
Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонан соң Қосай үйіне барып жата берді. Бір заманда артынан шаң көрінді. Сонда Сарыбай тұрып:—Алла, қан жауғырай, манағы Қосай болып артынан келе жатқан әскер болмаса игі еді,—деп Сарыбай ішінен қауіп қылды. Соны айтып ауыз жиғанша болмай-ақ әскер келіп қалды. Олар келген бойда жылқының бауын ағытты, ағытып болып жылқыны қуып алып жөнеле берді. Сонда үйде отырған алты баласы алты қолағаш алып, жүгіріп шығып еді, алтауын алты жерде ұрып, жығып кетті. Олар жылқыдан дәмесін үзді. Сонда жылқы Қосайдың жылқысымен бірге тұра берді. Сарыбай Қосайға келейін десе қорықты, келмейін десе жылқы кетті. Сонда Сарыбай қызына келіп:—Балам, мына жылқыны қалай аламыз?—деп Қарабекке ақылдасты.
Сонда Қарабек сөйледі:
—Жеті қанат ақ отау
Ол түрулі тұрады,
Қасынан барып өт,—деді,
Қосайға барып сөйлеспе.
Қара сабам қаусады,
Сары аяғым саусады,
Алған жарың Қарабек,
Ол да болса сусады.
Соны айтып, атажан,
Қасынан өт те кет,—деді.
Сонда Қосай:—Менің қалың малыма малыңды қоса берер,—деді. Сонда Сарыбай мұның айтқанын мақұл көріп, соған кетеді, барып тұсынан сөйледі:
—Қара сабам қаусады,
Сары аяғым саусады,
Алған жарың Қарабек,
Ол да болса сусады,—
деп, Сарыбай Қосайдың тұсынан өтіп жүре берді.
Сонда Қосай тұра келіп:
—Мына Сарыбайдың жылқысын түгел жиып және қырық құлынды бие жиып беріңіз,—деді. Сол қырық құлынды биені қосып, Сарыбайдың жылқысын айдап апарып берді. Бір кезде Қосай үйінің киізін түріп, ұйықтап жатыр еді, Жезтұяқты Күреңше үйінің сыртынан келіп тебеді. Сонда Қосай:—Неге келдің, жануарым, сөйлей бер,—деді.
Сонда Жезтұяқты күреңше тұрып сөйледі, сөйлегенде бүй деді:
—Ай, Ер Қосай, Ер Қосай,
Алтын тұрман, күміс жүген
Өзіңде сенің бар,—деді,
Үстіме менің сал,—деді.
Ойлап едім мен сорлы
Қарабектей сұлуға
Қалындық ойнап барар деп.
Енді уақыт тар болды,
Елің шапқан қалмақтың
Батырлары сор болды.
Астыңа мені мін,—деді,
Жауға қайрат көрсетші,
Соған таман жүр,—деді.
Ендігісін өзің біл,
Естіртуге хабарды
Саған келдім мен,—деді.
Сонда Қосай атқа мінейін деп барып Жезтұяқты Күреңшені ерлеп, ерін тегіс үстіне салып болған соң, үйден қаруын асынып, үстіне сауытын киді. Қосай атқа мінді деген соң, тұстасып жатқан тоғыз кісі де олжа алайын деп жүрді.
Баяғы шапқан елдерден,
Сондай алыс жерлерден
Шыққан екен мың кісі,
Елінің өңкей ірісі.
Тоғыз кісі әскермен
Келді Қосай алдынан.
Сонда мың кісі әскер он кісіні қамай тұра қалып:—Сен кімсің? Бізге Қосайдың елі керек,—дейді. Сонда Қосай сөйледі:
—Ноғай деген ел,—деді,
Қосай артық ер,—деді.
Қосайға барсаң өлесің,
Қосайдың барма еліне,
Жатқан оның жеріне,
Жиналған оның қолы бар.
Егер қалмақ көп келсе,
Шабамын деген Қосайда
Бар еді онда ой,—деді.
Сонда қалмақтың біреуі
Қосайға қарап сөйледі:
—Қосай болма сен,—деді,
Аты-жөніңді дұрыс айт,
Боласың кім сіз,—деді.
Сонда Қосай сөйледі:
—Мен ноғайлы деген ел едім
Тоғыз кісі қасымда.
Егер қалмақ мен көрсем,
Алайын деген ер едім.
Атамның аты—Ер Көкше,
Менің атым—Ер Қосай.
Іздеп шықсаң, сен қалмақ,
Сол Қосайың тап осы-ай.