Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көкшенің ұлы Ер Қосай (6-бөлім)

Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Қосай кезек бердім деп тұрды.

Тұрды Қосай қасқайып,
Үстіне оның кигені:
Ішіне киген ақ сауыт,
Сыртына киді шарайна,
Басына киген дулыға.
Қалмақ сонда оқ атты,
Бірінші рет оқ атты,
Жезтұяқты Күреңше
Үстіндегі батырмен
Сонда бұғып қалады.
Қалмақтың оғын байқасаң,
Жоғары кетіп барады.
Екінші рет оқ атты,
Жезтұяқты Күреңше
Жоғары қарғып асады,
Оғы тағы танады,
Ерге тимей қалады.
Үшінші рет оқ атты,
Аты сонда бұлтарып,
Оғы таппай қалады.
Сонда қалмақ оқ атты,
Үш оқты бірден босатты.

Сонда Қосай сөйледі:
—Ақылсыз қалмақ, сен,—деді,
Қолға кезек келген соң,
Өлтіремін мен,—деді.
Сонда қалмақ қақшайып,
Екі көзі бақшайып,
Екі бұты талтайып,
Ермін деп тұрды қалшайып.
Сауыты бар қалмаққа
Сауыт бұзар оқ алды.
Садақты қолға ол алып,
Керіп сонда қозғалды,
Он екі тұтам оқ алды.
Масағына келтіріп,
Сонда атып қалады.
Тартып қалды қол оқты,
Қалмақ ердің қасы деп,
Қақ жүректің басы деп,
Жан денесі осы деп,
Қалмақтан өтіп кетеді.
Ар жағында бір төбе
Тостағандай төңкеріп,
Онан да өтіп кетеді.
Ар жағында тауларға
Іркілмей оғы жетеді.
Сонда қалмақ құлады,
Қалмақ та сонда жапырды,
Аттан түсіп сұлады.
«Қосай кел» деп ақырды,
Қосайдайын еріңіз
«Аллалап» ұран шақырды.
Жапырғанда көп қалмақ,
Көк балдақтан еріңіз
Қылышты сонда суырды,
Апшысын жаудың қуырды,
Қалмақ жаман қысылды.
Қысылған уағында
Қан төгіліп қойнына,
Алмас тиіп мойнына,
Талайы аттан жығылды.
Мұрттай ұшты талайы,
Қысылған соң қалмақтар,
Аттан түсе қалады.
Кетті сайды паналап,
Сөйтіп жүріп қалмақтар
Қалаға барды жағалап.
Шығарды бәрін қаладан,
Еңбектеп олар жүргенде,
Бірнешеуін өлтірді
Қосай батыр қуалап,
Артынан кетіп барады.
Еліндегі халқы да
Әрбір жерге тарады.
Қосай батыр қалмаққа
Тажалдай ойын салады.
Аллалаған даусынан
Отыра алмай шешесі,
Үйден шықты жүгіріп.
Баласын өзі танып ап,
Тұра алмады кідіріп.
Шешесін көзі көрген соң,
Тұрды батыр кідіріп.

Шешесі сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Жапанда тұрған терегім,
Сағынған күні керегім,
Сен кеткен соң далаға,
Құйылды қалмақ қалаға.
Келген соң қалмақ қалаға,
Күн туды біздей анаға.
Есім кетіп мен деген,
Тек жаным бар өлмеген.
Отын алып от жақтым,
Жау қалмақты мен шақтым.
Жатып ұйқы көрмедім,
Тек жаным бар өлмедім.
Бір көре алмай жүзіңді,
Құлыным, саған шөлдедім.
Ішімнен шыққан шырағым,
Жүгіріп үйден мен шықтым,
Аллалаған дауысты
Есіткен соң құлағым.
Аман-есен жүрмісің,
Туған, қайран шырағым?!
Көрдің бе, қарағым, қалаңды,
Іздедің бе дүниеде
Біздей сорлы анаңды?!
Қатыны құрғыр ұрады
Таяқпенен басыма.
Қарамайды ол кәпір
Төгіле аққан жасыма.
Қабыл екен тілегім,
Жарылды менің жүрегім.
Құлынымның алдында
Ол Аллаға ризамын,
Бітсе бүгін сүрегім.
Айналайын, балам-ай,
Қашан келдің қалаға?
Өзіңменен, қарағым,
Келген қатар ер бар ма,
Жаны ашыған ел бар ма?
Көрдің бе қалмақ қаласын,
Білдің бе құлдың шамасын?
Қамап қойды қалаға
Күміс тұяқ Күреңше,
Жез бұйдалы нартайлақ,
Бәрінен қалдым айырылып.
Сонда Қосай сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, анамыз, анамыз,
Жауынды күні панамыз,
Алуға келген кегімді
Атадан қалған, анажан,
Мен едім тұяқ балаңыз.
Анасы сондай сөйледі:
—Қалмақты жина сен,—деді,
Елден хабар алдың ба,
Перзентім едің сен?—деді.
Сонда Қосай сөйледі:
—Ел шетіне барғанда,
Қалмақтың елді шапқанын
Сонда білдім мен,—деді.
Елден әскер алуға
Шыдамады, ана, бетіміз.
Сонан соң келдім қалмаққа,
Қалмаққа таман бармаққа,
Еліне ойын салмаққа,
Айырып жесір алмаққа.
Сүмбетемір алаңдай
Шаптым, шеше, қаласын.
Елімді шапқан қалмақтың
Шулаттым қатын, баласын.
Әй, шешеміз, шешеміз,
Сені ұрған қатынның
Төбесін ойып, шақ,—деді.
Сол қатынның барлығын
Сабап қойдай айдашы,
Қасыңда өзім болайын,
Қолын екі байлашы.
Қалмақтың елін жинады,
Бекзаттарын өлтіріп,
Сорлатып жанын қинады.
Ноғайдан кеткен жесірдің
Тауып бәрін алады.
Бірнеше мың жан болып,
Еліне қарай барады.
Үш айлықтай жолдарға
Атаңа нәлет кәпірді
Сабап соның барлығын
Алдына қуып салады.
Қарабұлақ, Ақшағыл,
Соған таман келеді,
Таудан төмен құлады,
Аяғына тас кіріп,
Талай қалмақ жылады.
Онан соң жетті Үшханға,
Қалмақтарды қысқанда,
Бір күндері болғанда,
Еліне таман таянды.
Өзінің келді еліне,
Мекендеген жеріне.

Тағы оқыңыз