Көкшенің ұлы Ер Қосай (4-бөлім)
Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сол тұрған мың кісі
Тұрып сонда жапырды,
Ала құйын шаң болды.
Жапырған жерде баршасы,
Тоғыз кісі жолдасы
Қалды өліп, қарашы,
Қосайдың өлді жолдасы.
Қалды сонда олжасыз,
Батыр Қосай, қарашы.
Үстіне киген шарайна,
Басында бар дулыға.
Қолына ұстап ақ найза,
Бір қолында қылышы.
Тарылмады қарасаң,
Қосайдың батыр тынысы.
Жауар бұлттай түнерді,
Айдаһардай ысқырды,
Ен қалмақты тықсырды.
Астындағы Күреңше
Тарылмады, оның да
Білінді соның жүрісі.
Үстіне киген шарайна
Шапса, қылыш өтпеді,
Салса, найза батпады,
Таусылды сонда бар айла.
Өтпесін қылыш білген соң,
Сонда қалмақ қашады,
Ердің пысы басады.
Жарағы қанға тоя ма,
Қашқан жауды құтқарып,
Жезтұяқты Күреңше
Жетпей оған қоя ма,
Талайын оның өлтірді!
Бір үш-төрт күн болғасын,
Қалмақты қырып болады.
Шет жағында бір қалмақ
Тұрып жалғыз қалады.
Мүйізі бар басында,
Найзасына сүйенген
Жалғыз сондай қалмаққа
Қосай батыр барады.
Қосай жетіп барғанда,
Жиренше аттың үстінен
Найзаменен көтеріп
Ер Қосайды алады.
Сонда Қосайға сөйледі:
—Ей, Ер Қосай, Ер Қосай,
Қайратыңның болғаны,
Танып шіркін қалғаны
Осы ма еді, Ер Қосай!
Сонда Қосай найзаның ұшында тұрып сөйледі:
—Ай, ит қалмақ, ит қалмақ,
Ақылыңнан танғаның,
Үстіңде едім бұрында.
Әлі мынау Қосайдың
Басыңнан сенің ол асып,
Төбеңе ойын салғаным.
Қосайды жерге түсіріп жіберді де, сонда тұрып қалмақ сөйледі:
—Әй, Ер Қосай, Ер Қосай,
Болайын деймін сенімен
Қияметтік мен дос-ай.
Қалмаққа сен келгенде,
Өлтірер едім мен,—деді,
Біздің елді шапқанда,
Шешем менің келіпті.
Менің мынау шешеме
Астына ат беріпсің,
«Шөлдесе, сусын ішсін» деп,
Құлынымен қосақтап,
Биенің сондай отызын
Шешеме менің беріпсің,
Адам құрлы көріпсің.
Анам маған кетерде
Мынау сөзді ол айтты:
«Ой, балапан шырағым,
Ер Қосайға сен барсаң,
Тигізбе қолың сен,—деді.
Егер қолың тигізсең,
Болмаймын шешең мен»,—деді.
Сөйтіп маған сөйледі,
Тимей тұрмын мен,—деді.
Тоғыз кісі өлді деп,
Еліңе бар сен енді.
—Мың кісі менен өлді деп,
Қосай артық ер-ді деп,
Барайын елге мен,—деді.
Мидай жазық далада
Екі батыр болды дос.
Көңілдері ерлердің
Біріне-бірі болды қош.
Айырылып екеуі,
Енді еліне қайтуға
Аттың басын бұрады.
Сол уақытта Қосайға еліңді қалмақ шапты деген хабар келді.
Сондай туған Ер Қосай
Еліне өзінің бара алмай,
Елінен әскер ала алмай,
Сүйген жары Қарабек
Жолығып жауап бере алмай,
Арманда болып ол кетті.
Шырай-жүзін көре алмай,
Алла салды бақытыма.
Жапанда кетіп қаламын,
Жолдасым жоқ қасымда,
Тәуекелге бел байлап.
Кеткен жауға анасы,
Барша халқы келеді.
Батыр Қосай оны ойлап,
Астындағы атына
Сонда батыр сөйледі:
—Астыма менің мінгенім
Жезтұяқты Жиренше,
Анам менен малымды
Айырып соны келгенше,
Жануар адым аша көр.
Алдыңда қара көрінсе,
Жылдам ұстап баса көр.
Ол қалмақтың елі еді,
Сүмбетемір алаңдай
Қалмақтың жатқан жеріне,
Барсаның еді жағасы,
Сол жаққа да кетіпті
Зұлым қалмақ баласы,
Залымдығын қарашы!
Ұстады найза қолына,
Қосайдайын батырың
Жұлдызы туды оңынан.
Жезтұяқты Күреңше
Құлаштап адым ашады,
Аяғын жылдам басады.
Ұшқан құстан кем емес,
Жер басқанға жануар,
Сірә, ол бір тең емес.
Алыстан қара көрінсе,
Жетейін деп үңілген.
Жазылып келіп бүгілсе,
Қайыстайын созылып,
Жер бауыры сөгілген,
Омыраудан тері төгілген.
Неше күндей жол жүрді,
«Жетемін» деп ол жүрді.
Бір айға күні толады,
Жететін мезгіл болады.
Жердің жазық даласы
Айға күні толғанда,
Тауға шығып өрлеген.
Көрінді елдің қарасы,
Ол көрінген қарасы
Елу кісі қол екен,
Қарауылда жатқан сол екен.
Іркілсін бе Ер Қосай,
Келді сонда жақындап.
Алдынан шықты он кісі
Көрейін деп қараға.
Елсізде адам көрген соң,
Келмей оған тұра ма?!
Іркілмеді жағалап,
Келген жалғыз қараны
Тұра қалды қамалап.
Ортасында қалмақтың
Жалғыз Қосай тұрады.
«Сен кімсің?» деп Қосайдан
Келіп сонда сұрады:
—Астыңдағы Күреңің
Бала қалай реңің?
Жау боп бізге келсең сен,
Жер астында шіриді
Әлпештеген сом жүрегің.
Келген кісі он,—деді,
Ұрысам десең, жас бала,
Саған болды жол,—деді.
Маңдайыңда болды ма
Арылмайтын сор,—деді.
Қалмақтың келдің қолына,
Құтыламын деген түсе ме,
Бала, сенің ойыңа?