Көкшенің ұлы Ер Қосай (5-бөлім)
Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қосай сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Руымды сұрасаң,
Ноғай деген ел,—деді.
Сол ноғайдың елінде
Көкше деген ер,—деді.
Көкшенің ұлы Ер Қосай
Деген батыр мен,—деді.
Іздеп жүрмін қалмаққа
Қалмақты барып алмаққа,
Қапы қалма, сен,—деді.
Елімді шауып кетіпсің,
Келдім іздеп мен,—деді.
Сонда тұрып көп қалмақ
Жау екенін білген соң,
Өшпендісі келген соң,
Қалмақ сонда жапырды,
Батыр Қосай ақырды.
Араласып алған соң,
Артындағы қырық кісі
О да шапты айқайлап.
Араласып келеді,
Қосай да артық ер еді.
Қылышын алып қолына,
Дұспанына сермеді.
Көптігінен қалмақтың
Аттар тұрып кернеді.
Ақ берені жарқылдап,
Талайының басын жояды.
Қалмаққа салды ойынды,
Шығарды иттің тойын да.
Қызыл жоса қан қылды,
Кесіп сонда мойынды.
Ер Қосайдың қолынан
Отызы тұрып өлген соң,
Жиырмасыншы тұрып қашады,
Ердің пысы басады,
Қорқып қалмақ сасады.
Ақ семсері жарқылдап,
Қашқанды сонда қуады,
Қашқанға да мүшкіл туады.
Қуа-қуа қалмақты
Еліне оның тағы да
Жау жетті сонда деген соң,
Хан, мырзасы бас болып,
Бір мың кісі әскермен
Алдынан оның шығады.
Алдынан сонда Қосайдың
Толып жатқан жан шықты.
Барлығының алдынан
Келіп сонда хан шықты.
Қосайға келіп ханыңыз,
Сонда бастап сөйледі:
—Жапанда жүрген дарасың,
Қаңғырып қайда барасың?
Әй, жас бала, жас бала!
Айт атаң менен анаңыз,
Білінсін бізге шамаңыз?!
Сонда Қосай сөйледі:
—Өз дінімді сұрасаң,
Мұсылман тобы ел едім.
Қарымымды сұрасаң,
Ноғайлының ішінде
Қырық сан Қырым ел едім.
Атам атын сұрасаң,
Көкше деген ер еді.
Ол Көкшенің баласы
Қосай батыр мен,—деді.
Мен қалмаққа кеткенде,
Алыныпты қаламыз,
Жау қолында кетіпті
Ақ сүт берген анамыз.
Залым қалмақ, сен,—деді,
Іздеп келдім еліңді
Істеуге саған көрімді.
Қалаңды шауып мен алып,
Көрсетермін өлімді.
Алуға келдім кегімді,
Тыңда, қалмақ, кебімді.
Талқандаймын қалаңды,
Шулатармын қатын, балаңды,
Тарттырармын сазаңды.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Саған болды жол,—деді,
Мынау тұрған көп әскер
Жиған біздің қол,—деді.
Мықтымсынып сөз айтсаң,
Қылады саған той,—деді,
Мен ноғайды көргенмін.
Және көрдім сұрасаң,
Көкшенің тұрған қаласын.
Жесір қылып мен алдым
Еліндегі қатын, баласын.
Барлық ерін қиратып,
Алдыма салып айдадым
Баққан сиыр, танасын,
Жылқы менен түйесін.
Кек алам деген болсаң ер,
Отқа жанып күйесің.
Сонда Қосай сөйледі:
—Ол күнде жоқпын мен,—деді,
Қатын менен балаға
Мен жоқта келдің қалаға.
Ұрысуға келдім кез,—деді,
Жекпе-жекке сен шықсаң,
Мықтымсынып тұрсаң да,
Өлесің сорлы тез,—деді.
Іздеп келдім мен,—деді,
Алатын ерім сен,—деді.
Жазық дөңнің бойында
Жиярмын қатын, балаңды,
Қойман қалмақ мен,—деді.
Көп кідіріп тұрмаймын,
Кезегімді бер,—деді.
Егер берсең кезекті,
Өлесің сорлы сен,—деді.
Сонда қалмақ сұрады:
—Жасың кіші баласың,
Бабаңдай кісі тұрғанда,
Кезекті қалай аласың?!