Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көкшенің ұлы Ер Қосай (1-бөлім)

Ер Қосай · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Қосай әкесі өліп, жетім қалды. Сол уақытта Сарыбай деген бай болды. Алты ұлының ортасында оның Қарабек деген жалғыз қызы болды. Көкшеден Қосай үш жаста жетім қалды, жасы бес-алтыға толғанда шешесімен еріп Сарыбайдың үйіне барды, барған кезде Сарыбайдың қызы Қарабек Қосайдың шешесінің қолтығына бір нәрсе салып жіберді. Ол затты шешесі үйіне келіп қарайды. Қараса, Қосайға өңкей жібектен тіккен киім екен. Сол киімді киіп алып Қосай төңірегіне қарады. Қосайдың Селме-селім деген құлы бар еді, соны Қосай шақырып алып:

—Бар, Қарабекті маған айттырып кел,—деді. Сонда құлға Сарыбай:—Неге келдің, тума?—деді. Сонда тұрып Селме-селім айтады:

—Ай, Сарыбай, Сарыбай,
Елітпеге келіппіз,
Ер мен байдың баласын
Телітуге келіппіз,—

деді құл.

Сонда Селме-селім құлды жылатып сабады. Таяқ жеген құл Қосайға қайтып келді. Сонда Селме-селім құлға Қосай:—Аға, не қылып келдің?—деді.

—Ай, не қылғаның құрысын, барам деп таяқ жеп, өліп келдім,—деді. Сені жарлы деп, қыз бермеймін,—деді.

—Мал жоқ десе, жез бұйдалы нартайлағымды алсын, жезтұяқты жиреншемді алсын, күміс тұяқ күреңшемді алсын,—деді. Мал десе бұған берсін, ер десе маған берсін, бар соны барып айт,—деді Қосай.

Құл тағы кетті. Келіп манағы сөзді айтады:

—Ай, Сарыбай, Сарыбай,
Елітпеге келіппіз,
Бай мен ердің баласын
Телітпеге келіппіз,—

деп тағы айтты. Манағы сабау-сабау ма, тағы сабады. Сонсын:

—Не бересің?—деп сұрады. Сонда құл айтты:—Қосай жезтұяқты жиреншемді алсын, күміс тұяқ күреңшемді алсын, жез бұйдалы нартайлағымды алсын, мал десе соған берсін, ер десе маған берсін,—деп құл Сарыбайға айтты. Сарыбай оған да қызын бермеді. Селме-селім қайта Қосайға келді.

Сонда Қосай:

Шамырқанып шамданды,
Буырқанып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Жарлы-бай деп бөлген соң,
Өз-өзінен долданды.

Сонда тұрып Ер Қосай Селме-селімге:—Күміс тұяқ Күреңшені алып кел,—деп бұйырды.

Күміс тұяқ Күреңді
Сонда Қосай ерледі.
Үйде тұрған ақ сауыт
Оған жақын барады,
Үстіне киіп алады.
Ақ найзасын Ер Қосай
Тағы да қолға алады.
Балдағы алтын, күміс, болат,
Оны белге шалады.
Дулыға киіп басына,
Атқа таман барады.
Атқа мініп алған соң,
Қасына келіп анасы,
Анасының балаға
Айтқан сөзі мына-ды:
—Айналайын, перзентім,
Ерегіссе, ел алған
Көкше батыр атаңыз.
Жас кезінде ер болып,
Дұшпаннан басып кек алған,
Кек алғанда жер алған.
Тірі кезде Ер Көкше
Айтарлықтай ер болған.
Тоқсан баулы ноғайдың
Қатыны мен баласы
Сонсоң тұрып демалған.
Атаң Көкше ер еді,
Сол секілді шер еді.
Төбесі шоқты қалмақты
Талай сүйреп жеп еді.
Жалғыз туған перзентім,
Қасыңдағы анаңды
Тастаймысың сен,—деді.
Атқа міндің, кетерсің,
Тірі болсаң, перзентім,
Дұшпанға қайрат етерсің.
Артыңдағы анаңыз,
Анаңызға қараңыз.
Атқа мініп сен алдың,
Алла болсын панаңыз.
Сізден басқа аз еді
Біздің туған баламыз.
Күміс тұяқ Күреңше
Малдан, шапса, қалмаған.
Біраз айттым сөзімді,
Өзің, бала, аңдағын.
Қайырлы болсын сапарың,
Қай заманда келесің,
Енді бізге сен?—деді.
—Барарымды сұрасаң,
Үш айлық ол жол еді.
Жерінің атын сұрасаң,
Үш Бөкембай деп еді.
Көп кешігіп қаламын,
Алты айларда келермін.
Қалмақ деген ел,—деді,
Өзі де байтақ жер,—деді.
Тәңірі оңғарса сапарды,
Барармын соған мен,—деді.
Қош айтысып анамен,
Қосай сонда жөнеді.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді.
Құйындайын бұрқырап,
Атқан оқтай зырқырап,
Күміс тұяқ Күреңше
Аяқ басып сол жүрді.
Жазылып келіп бүгілсе,
Жер бауыры сөгілді.
Омыраудан аққан тер
Жаңбырдай жауып төгілді.
Ұшқан құстан кем емес,
Жер басқанға тең емес.
Бірнеше айлар жүреді,
Жапан түзде Ер Қосай
Жалғыз жүріп келеді.
Бір-екі ай болғанда,
Көрді елдің қарасын.
Көрген соң елдің қарасын,
Астындағы Күреңше
Қос құлағын қадады.
Ылди демей, сай демей,
Ырғып кетіп барады.
Сүйдегенше болмай-ақ,
Шетіне елдің Ер Қосай
Барып сонда қалады.
Айналасы тау екен,
Тауға шығып Ер Қосай,
Жиылған сондай ерлердің
Айналасын қарады.
Мол екен елдің қарасы,
Байтақ жатқан ел екен.
Шамасын соның қарашы,
Абайсыз жатқан ел екен.
Барып қалды қалаға,
Есен, Серек қалмақтың
Аралады елдерін.
Білейін деп шамасын,
Қаланың ішін аралап,
Елеусіз болып жүреді.
Артық туған ер еді,
Ханның тұрған ордаға
Сол жүріспен келеді.
Жақын келіп ордаға,
Батыр ойға қалады.

Тағы оқыңыз