Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жанақ пен Рүстем (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Төре өзі болғаннан кейін табақты қолымен ақырын ғана ысырып қойды. Әлгі ет тураған жігіт төренің табағын алды да, анадай жерге барып өзі жеді. Сонымен ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін қонақтарға жатуға рұқсат берілді. «Құдай-ау, рұқсат деген сөзді құлағымызбен еститін күн болар ма екен»,—деп әрең отырған қонақтар, жығыла-сүріне шыға жөнелді. Шыға бергенде, төре бұларға: «Таңертең күн шыға, анау асудан асыңдар. Егер түнде қашып кетсеңдер, өкпелемеңдер!»—деді. Қонақтар шығып қонақ үйге келді.

Жатайын десе, жата алмайды. Ұйқы келу қайда? Қашып кетуге әлгі сөз бар. Амалдары құриды. Арыздасып, жыласып, имандарын айтып, «таң ата өлуіміз хақ» деп отырып таңды атырды. Таң атқан соң аттарына мініп алып, айтылған асуға қарай жөнелді. Асудан бұлар да асты, шашырап күнде шықты. Асудың ар жағына түсе бергенде, алдарынан өңшең қара ат мінген, кешегі отыз жігіт қасында, астында қара жорғасы бар Рүстем төре сап ете түсті. Енді бұларда өлмедік деген ой жоқ. «Осы арада бізді өлтіргелі тосып жүр екен ғой»,—деп жандарынан күдер үзіп, сұп-сұр болып, күбірлеп имандарын айта бастайды. Жолыққан жерде дауыстары қалтырап, әзер дегенде шығып, төреге: «Ассалаумағалейкум, алдияр!»—деп сәлем берді. Төре: «Уағалейкуммәссалам, бәрекелді қашып кетпей, айтқанды оңына келтірген жақсы қонақ екенсіңдер, жүріңдер»,—деп, қара жорғаны борбайға бір тартып, жосытып ала жөнелді. Артынан өз жігіттері де, қонақтары да бірге еріп келеді. Бұлар жарты дөң аспай-ақ бір сайға келді. Қараса, сайдың іші толған жайылып жүрген түйе, тігулі тұрған қос, шашылып жатқан тоғанақ, өліп жатқан сарттар. Бір сарт қостың ішінде өліп жатыр, біреуі тысында, кейбіреулерінің басы кесілген. Кейбіреуі бауыздалған, қайсы бірінің ішек-қарны ақтарылып жатыр. Құдай салмасын, баяғы қорқу ма? Жанақтың жаны жаңа көзіне көрінді. «Құдай енді бізге ақ иманды бере көр, жұмысымыздың біткен жері осы екен ғой»,—деп ішінен еңіреп келеді.

Төре бұларды ерткен бойымен қостарды аралап болған соң, бағанағы шашылған тоғанақтардың жанына келіп тұрып Жанақты «Бері кел, ақыным!» деп шақырып алды да: «Мынау тоғанақтардан таңдап екеуін ал! Жерің алыс қой? Бір түйе жеткізе алмас? Екі түйеге артасың, мен саған кешеден бері ілтипат қылып, сыйлық көрсеттім, онымның мәнісі—түсін бояп, орыс жақтан келген бір тыңшы ма дегендік еді. Тыңшы болсаң, Құдайыңа тапсырдым, бола бер, Құдайсыз орыс маған не қылады, мен оған не қыламын? Егерде шын Жанақ болсаң, ренішіңді кешу қыларсың, көңіліңде кетпесін. Мынау оқиғаның жайын айтайын, біздің ата-бабамыздың ежелден сартпен өштігін еститін шығарсың. Оның бер жағында кеше Саржан мен Есенгелдіні өлтіргенде бектер бегінің ақылшыларынан болған кешегі көз алдыңда бауыздалған сарт көптен қолға түспей жүруші еді. Құдай мынау он бес қос керуенмен сайда кез қылып, біреуін аман жіберместен түгел қырып, арманыма жетіп тұрмын»,—деді. Сол орыннан бір жігіт жіберіп, түйе алғызып, тоғанақтап арттырып беріп, қош айтысарға келгенде: «Қане, ақыным, өлгенше құлағымда жүрсін, бір ауыз өлең айтшы»,—деді. Жанақ сонда қобызын алып, айғайлап мынау өлеңді айтыпты:

—Болғанда қырғыз қырда, орыс ойда,
Бек-сұлтан бұлғаңдайды жиын-тойда.
Бір сайда он бес сартты бірдей қырған
Жауынгер Рүстемдей төре қайда?!

Сонда Рүстем төре шаттанып, күліп келіп: «Жарайсың, ақыным!»—деп жаурынға қақты. Жанақ ақын Рүстем төремен қоштасып, берген сыйын алып, аман-есен еліне қайтқан екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз