Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көтбай мерген (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Есім төре бай адам болған. Оның жылқысының түсі бірдей кілең теңбіл шұбар болған. Ал мыңғырған мына жылқылар оның бәйбіше әйелінің төркінінен келген бір буаз байталдан тарапты дейді. Бұның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білсін. Әйтеуір төренің маңындағы адамдардан қорқып, ешкімнің де оның жылқысын барымталауға батылы жетпеген сияқты. Төре солардың ішінде әсіресе Көтбай мергенге қатты сенген. Көтбай мергендік өнерді табиғат бойына ерекше дарытқан адам болса керек.

Жасынан мергендігімен көзге түскен оны Есім төре өз маңына шақырып алып, өмірінің соңына дейін бірге болыпты. Көтбайды кезінде көргендер де немесе ол туралы естіп білгендер де оның мергендігінде ерекше қасиет ерекше қасиет бар еді деп айтады. Ол жатса да, тұрса да, қайда жүрсе де мылтығын тастамаған. Оның бір ерекшелігі—қарауылға алған нәрсесін көздеп жатпай, қолындағы мылтығын жалма-жан шешіп ала салып, қолын көтере бере атып қалады екен. Атқан оғы ешқашан мүлт кетпеген. Қалаған жеріне дәл тигізген.

Бірде Есімнің бір топ жылқысын белгісіз біреулер айдап кетеді. Қолды болған жылқының қарасы көп болса керек. Есім төре Көтбайды шақырып алып, өзіне керек еткен жігіттерін ертіп барып малын қайтарып әкелуді тапсырады. Ұрланған жылқының ізі де, құмалақшының сөзі де шығысқа Қытайдағы қызай еліне айдап бара жатқанын көрсетеді. Көтбай қасына көп қуғыншы алмай, Есімнен тек Ыбырайым молданы ғана қосып беруді сұрайды.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Көтбайлар бір қырқаға жақындап қалған жылқыларды байқайды. Сол кезде Көтбай атының басын тартып, жанындағы жолдасына қарап:

—Ал, Ыбырайым, ұрланған малдың қарасы көрінді. Менің болжауымша, ана кетіп бара жатқандар осы барымташы топтың басшылары. Біз алдымен соларды тоқтатуымыз керек. Ол үшін әуелі жылқыны айдап бара жатқандарға жетіп, өзіміздің кім екенімізді айтайық. Менің атымды естіген қуғыншылар ары қарай жылжи қоймас. Осы сәтті пайдаланып қырқаның тасалау жерімен арғы бетіне өтейік те, жасырынып жатып топ басшыларының көзін құртайық. Оларды атуын мен атайын, сен маған мылтықты оқтап беріп тұр,—дейді.

Өзара осылай келіскен олар алға ұмтылып, жылқы айдағандарды қуып жетеді де, Көтбай оларға: «Ей, азаматтар, жылқыны қуғанды тоқтатыңдар, мен—Көтбай мергенмін»,— деп айқай салады. Оның атын естіген барымташылар не істерін білмей, сасып қалады. Мергеннің аты оларға расында бұрыннан таныс болса керек. Осыны пайдаланып Көтбай мен Ыбырайым қырқаның екінші жағымен ары асып түсіп, қалың бүргеннің ішіне жасырынып үлгереді. Бұларды байқап қалған барымташылардың басшылары да қасындағы жігіттерімен бірге қырқаның үстіне шыға келеді. Міне, осы сәтті күтіп тұрған Көтбай мен Ыбырайым «дәуде болса, басшысы сен боларсың?» деп ортадағы жуан сарыны оққа байлайды. Ежелгі әдеті бойынша Көтбай оны көздеп жатпай-ақ атып салады. Ол өкіре барып ат үстінен құлап түседі.

Басшысынан айырылған барымташылар артық әрекетке бармайды. Жылқыларды тастап, өліктерін артқа өңгеріп еліне қайтады. Ал Көтбай мен Ыбырайым молда қолды болған жылқыны айдап, ауылға оралады. Алайда іс мұнымен бітпейді. Қазақта ердің құнын даулау деген дәстүр бар. Қызайлықтар да сол дәстүр бойынша оққа ұшқан азаматына құн сұрайды. Сөйтіп, екі ел арасында құн дауы басталады. Ол баяғы қуғыншылардың басшысы оққа ұшатын қырқаның үстінде өтеді. Дауға екі жақтан да сөзге шешен билер және көптеген адамдар қатысады.

Сол дауға Есім ауылының азаматтары Көтбайды босқа басын қатерге тікпесін деп жібергісі келмейді. Оның орнына мергеннің киімдерін кигізіп, бір қойшы жігітті әкеледі. Бірақ басқа біреудің өзі үшін жазықсыз жапа шекпеуін ойлап, бұл дауға Көтбай да қатысады.

Дау басталар кезде қаза тапқан жігіттің елінен келген қызайлықтар да төбенің басынан орын алады. Солардың ортасын ала қолында ұзын сапысы бар етжеңді, толық келген бір қара әйел де «уһ» деп сапысын таянып отыра бергенде, оның темір жүзі сабына дейін түгел жерге кіріп кетіпті.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз